Месси және Роналдумен жүздескен. Әли Тұрғанбеков Азия Пара ойындарында күміске ие болды

104
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/dPHLi3UPmMN6cnF5QhHHRNpOdzE2DjzeSZz8IuTP.jpg

Қазақстандық паражүзуші Әли Тұрғанбеков 2026 жылғы Азия Пара ойындарында күміс медаль жеңіп алды. Отандасымыз SB4 санатында 100 метрге брасс әдісімен жүзуден өткен финалдық жарыста 1 минут 44,26 секунд нәтижесін көрсетті. Осылайша, ол жарысты екінші орынмен аяқтады, деп хабарлайды "Адырна".

Алтын медаль Малайзия өкіліне бұйырды. Ол қашықтықты 1 минут 41,44 секундта жүзіп өтіп, Азия Пара ойындарының жаңа рекордын орнатты.

Айта кетейік, Әли Тұрғанбеков іріктеу кезеңінде үздік нәтиже көрсетіп, жарыс рекордын жаңартқан еді. Алайда финалда қарсыласына жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Әли Тұрғанбеков — Қазақстанның танымал параспортшыларының бірі. Ол Талдықорған қаласында дүниеге келген. Туа біткен ерекшелігіне қарамастан, бала кезінен спортқа қызығушылық танытып, жүзу арқылы үлкен жетістіктерге жетуді мақсат еткен.

Баласының дамуына қолайлы жағдай жасау үшін отбасы елордаға көшкен. Кейін Әли паражүзумен жүйелі түрде айналысып, табанды жаттығулардың нәтижесінде Қазақстан ұлттық құрамасының қатарына қосылды.

Спортшының жетістіктері арасында Қазақстан мен Азия деңгейіндегі жасөспірімдер жарыстарында жеңіп алған оннан астам алтын медаль бар. Ол халықаралық жарыстарда да ел намысын абыроймен қорғап келеді.

Әли Тұрғанбековтің өмір жолы спорттық жетістіктерімен ғана емес, әлемге әйгілі тұлғалармен кездесулерімен де көпшілікке танымал. Бала кезінен футболға әуес болған ол әлемдік футбол жұлдыздарымен жүздесуді армандаған.

Қайсарлығы мен жақындарының қолдауының арқасында Әли Диего Марадона, Лионель Месси, Криштиану Роналду, Неймар, Мохаммед Салах, Лука Модрич және Андрей Шевченко сынды футбол аңыздарымен кездескен. Олардың кейбірімен бірге футбол ойнаудың да сәті түскен.

2019 жылы қазақстандық жасөспірім УЕФА Суперкубогын «Ливерпуль» командасының капитанына табыстау құрметіне ие болды. Сонымен қатар ол әйгілі ММА спортшысы Хабиб Нурмагомедовпен және мотивациялық спикер Ник Вуйчичпен жүздескен.

Әли Тұрғанбековтің кезекті халықаралық жетістігі қазақстандық параспорттың дамуына қосылған үлес болып, жас спортшыларға жігер берері сөзсіз.

Пікірлер