Республика – елдік мұраттың айғағы

54
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/LV1kwX8PQExNRSwQMAjWGSibCAjdMYzcmPz3djRt.jpg

Республика күні – ел тарихындағы айтулы белес, азаттыққа ұмтылған халқымыздың мемлекеттік дербестік жолындағы тарихи таңдауын айғақтайтын мереке. Бұл күннің мәні өткенді еске алумен ғана шектелмейді. Ол – елдігіміздің қадірін түсініп, бүгінгі жетістігімізді бағалап, келешек алдындағы жауапкершілігімізді сезінетін сәт.

1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның тәуелсіздікке қарай жасаған маңызды қадамы болды. Тарихи құжат елдің дербес даму бағытын айқындауға жол ашты. Бүгінде Республика күніне орай сол кезеңге қайта үңілу – мемлекеттіліктің қалыптасу жолын бағамдап қана қоймай, тәуелсіздіктің мазмұнын күнделікті өмірімізбен сабақтастыру деген сөз.

Елдік ұғымы егемендікпен ғана өлшенбейді. Оның шынайы мәні қоғамдағы өзара құрметтен, заңға мойынсұнудан, адал еңбектен және ортақ іске деген жауапкершіліктен көрінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтеріп отырған конституциялық құндылықтарды орнықтыру, қоғамдық сананы жаңғырту, тазалық пен кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағыттарының маңызы да осында.

Конституциялық құндылықтар – қоғамның берік іргетасы. Заң үстемдігі, азаматтардың теңдігі, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу қағидалары күнделікті өмірде жүзеге асқанда ғана олардың мәні арта түседі. Ата Заңға құрмет әр адамның өз құқығын білуінен ғана емес, өзгенің құқығын мойындауынан, қоғамдық тәртіп пен ортақ жауапкершілікті сақтауынан да байқалады.

Жаңа қоғамдық этика да осындай қарапайым, бірақ маңызды ұстанымдардан басталады. Адалдық, әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық пен өзара сыйластық қоғамның қалыпты қағидаларына айналуы керек. Адамның мәдениеті оның сөзімен ғана емес, ісімен танылады. Өзгенің еңбегін бағалау, қоғамдық орында тәртіп сақтау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – өркениетті қоғамның күнделікті өмірінен орын алуға тиіс құндылықтар.

Осы орайда «Таза Қазақстан» бастамасының тәрбиелік мәні зор. Тазалықты тек көшені қоқыстан арылту немесе ағаш отырғызумен шектеуге болмайды. Ол – туған жерге жанашырлықпен қарау, табиғатты қорғау, қоғамдық мүлікті күтіп ұстау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениеті. Таза әрі жайлы мекен қалыптастыру әр азаматтың өз ауласынан, өз көшесінен, өз ісіне деген адалдығынан басталады. Ең маңыздысы – тазалықты науқандық шара емес, тұрақты өмір салтына айналдыру.

Қоғамның рухани кемелденуінде кітап оқу мәдениетінің де орны ерекше. Кітап адамды ойлануға, ізденуге, дүниені тереңірек тануға үйретеді. Оқуға құштар ұрпақтың қалыптасуы – отбасы, мектеп және тұтас қоғамға ортақ міндет. Балаға кітаптың қадірін түсіндіру үшін, ең алдымен, үлкендердің өзі оқуға жақын болуы керек. Кітап оқитын отбасыда білімге құрмет қалыптасып, ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастық нығаяды.

Ақпарат ағыны күшейіп, түрлі пікірлер мен көзқарастар қатар өрбіген заманда кітап оқу адамның ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, деректі саралап, ақиқатты іздеуге де көмектеседі. Сондықтан оқу мәдениетін қолдау – рухани тәрбие мәселесі ғана емес, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттырудың да маңызды жолы.

Ақмола облысында қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстардың мәні де ортақ құндылықтарды дәріптеумен тығыз байланысты. Әртүрлі этностар мен мәдениеттер өкілдерін біріктіретін ортақ негіз – Қазақстанға деген құрмет, азаматтық жауапкершілік және бейбіт өмірге деген ұмтылыс. Қоғамдық келісім өзара түсіністік пен сенім бар жерде нығаяды. Ол тек ресми кездесулер мен іс-шаралар арқылы емес, адамдардың күнделікті қарым-қатынасынан, бір-біріне деген құрметінен көрінеді.

Республика күні бізге ел болудың үлкен жауапкершілік екенін тағы бір мәрте ұғындырады. Тәуелсіздікті бағалау – оның тарихын құрметтеу ғана емес, бүгінгі қоғамның дамуына үлес қосу. Біріміз адал еңбегімізбен, біріміз қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесімізбен, енді біріміз жас ұрпақтың білім мен тәрбие алуына қолдау көрсету арқылы елдіктің нығаюына қызмет етеміз.

Елдің болашағы ортақ құндылықтарға адал, саналы әрі жауапты азаматтардың қолында. Конституциялық қағидаларды құрметтеу, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру, тазалық мәдениетін орнықтыру және кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру – бір-бірімен сабақтас міндеттер. Олардың әрқайсысы елдің рухани тұғырын бекемдеп, қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал етеді.

Республика күні – елдік мұратты жаңғыртып, ортақ мақсаттарымызды айқындайтын мереке. Ендеше, тәуелсіздігіміздің тұғырын берік ұстап, бірлігімізді сақтап, келер ұрпаққа білімді, мәдениетті, жауапкершілігі жоғары қоғам қалдыру – бәрімізге ортақ парыз.

Марат Өтегенов, Ақмола облысы «Қоғамдық келісім» жанындағы Ғылыми-сарапшылық тобының төрағасы.

 

Пікірлер