Жетісу облысының Алакөл ауданында автожол жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты дау туды, деп хабарлайды “Адырна”.
Желіде жұмысшылардың жолдағы шұңқырды балшықпен толтырғандай видеосы тараған. Бұл жағдайға аудан әкімдігі түсініктеме берді.
Видео авторының айтуынша, жұмысшылар Арқарлы ауылына баратын жолдағы терең шұңқырларды күрекпен топырақ салып толтырған. Оның сөзінше, мұндай жөндеу жұмыстары алғашқы жаңбыр мен қардан кейін қайта бұзылып, жүргізушілерге қауіп төндіруі мүмкін.
«Технологиялар дамыған заманда балшықпен жол жөндеп жатыр. Алғашқы жаңбыр мен қардан кейін бұл жұмыстар шайылып, шұңқырлар қайта пайда болады», – деді видео авторы.
Жазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып, жергілікті тұрғындар жол жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты сұрақ көтерді. Қоғам белсенділері облыс прокуратурасынан жағдайды тексеріп, тиісті шара қабылдауды сұрады.
Алакөл ауданы әкімдігінің мәліметінше, Арқарлы ауылына баратын облыстық маңызы бар автожолдың 39–59-шақырым аралығын орташа жөндеу 2026–2027 жылдарға жоспарланған.
Ал қазір жүргізіліп жатқан жұмыстарды мердігер ұйым өз қаражаты есебінен атқарып жатыр. Әкімдік мұның қысқы кезеңде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.
«Қазіргі уақытта “Жетісу Жол Құрылыс” ЖШС мердігерлік ұйымы қысқы кезеңде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өз қаражаты есебінен шұңқырларды қатты жабынмен (ҚГҚ) толтыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған учаскені орташа жөндеу жұмыстары 2027 жылы қолайлы ауа райы жағдайында, жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес орындалады», – делінген аудан әкімдігінің хабарламасында.
Жетісуда жаңа Конституцияға арналған конференцияда қатысушыларға Ата Заңның арнайы басылымы табысталды
