Қазақстан хоккей федерациясы елдің ресейлік хоккейшілерге бойкот жариялауды қолдайтыны туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.
Федерацияның хабарлауынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде орыс, чех және ағылшын тілдерінде Қазақстанның Спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың атынан жалған мәлімдемелер тараған.
Осыған байланысты Қазақстан хоккей федерациясы ресми ұстанымын білдіріп, ұлттық құрамаларды әлем чемпионаттарына қатыстыру мәселесі Халықаралық хоккей федерациясының (IIHF) құзыретіне жататынын атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстан тарапы халықаралық жарыстарда барлық қатысушы елдерге тең жағдай жасалуы қажет деп есептейді.
Осылайша, федерация Қазақстанның ресейлік хоккейшілерге бойкот жариялауды қолдайтыны туралы ақпаратты жоққа шығарып, елдің ұстанымы спорттағы әділдік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарына негізделетінін жеткізді.
