Ж.Тәшенев атындағы университетте ғалымдар, заңгерлер мен студенттер бас қосып, Мемлекет басшысының «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттары жөнінде ойларын ортаға салды.
Кездесудің басты мақсаты – Президент бастамаларының еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне ықпалын зерделеу, сондай-ақ отандық ғылым мен жоғары білім беруді дамытудың жаңа бағыттарын айқындау болды.

Университет ректоры, заң ғылымдарының кандидаты Жанар Рысбекова Мемлекет басшысы көтерген бастамалар аясында жоғары білім берудің стратегиялық басымдықтары туралы баяндама жасады.
– «Президент Жолдауының басты идеясы – Қазақстан жаңа технологияларды тұтынушы ғана емес, білім мен ғылымның көмегімен оларды өзі жасайтын елге айналуы керек. Мемлекет басшысы болашақ ұрпаққа білімге негізделген, қуатты әрі жоғары технологиялы Қазақстанды қалдыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жасанды интеллект негізінде цифрлық экономиканы қалыптастыруды жалпыұлттық міндет ретінде белгіледі.
Жолдауда ғылымды, өндірісті, логистиканы және технологиялық кәсіпкерлікті біріктіретін өңірлік экожүйелер құру қажеттігі нақты айтылған. Бүгінде зертханада дүниеге келген ғылыми идея экономикаға енгізілетін дайын өнімге айналуы тиіс. Президент Жолдауы жоғары білім мен ғылым саласына жаңа міндеттермен қатар, тың мүмкіндіктер де ұсынып отыр, – деді университет ректоры.
Жиынға қатысушылар заң үстемдігін қамтамасыз ету және «Заң мен тәртіп» қағидатын әділетті қоғамның негізі ретінде іс жүзінде орнықтыру мәселелерін де жан-жақты талқылады. Сонымен қатар, Конституциялық негіздерді нығайту және қоғамдық келісімді сақтау тақырыптары қозғалды.
Талқылаудың маңызды бөлігі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналды. Спикерлер мен қонақтар еліміздің тарихи даму жолы, ұлттық құндылықтарды сақтау, азаматтық жауапкершілік пен қазіргі кезеңдегі қоғам бірлігін нығайту мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Дискуссияға университет басшылығы, оқытушылар, сарапшылар, заңгерлер қауымдастығының өкілдері, қоғам белсенділері мен журналистер қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ашық пікір алмасу алға қойылған міндеттердің мәнін тереңірек түсінуге, сарапшылар мен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға және жастардың Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді.
