Фото: ЖИ
Қазақстанда туризм саласынан түскен салық түсімдерінің көлемі 303 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды "Адырна".
Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елдегі жалпы салық түсімдерінің 2,1%-ын құрайтыны айтылды. Ал шетелдік туристердің Қазақстанда жұмсаған қаражаты 1,4 млрд долларға бағаланды.
Туризм және спорт министрінің айтуынша, 2026 жылдың алғашқы алты айында елдегі орналастыру орындары шамамен 5 млн адамға қызмет көрсеткен. Оның ішінде 4,129 млн-ы – ішкі туристер, 642 мыңы – шетелдік қонақтар. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға жоғары.
Сонымен қатар осы кезеңде орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 15%-ға өсіп, 173,7 млрд теңгеге жеткен.
Туризм саласында жұмыспен қамтылғандар саны да артып келеді. Қазір бұл бағытта 565 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл елдегі жалпы жұмыспен қамтылған халықтың 6%-ына тең.
Инвестиция көлемі де оң динамика көрсетіп отыр. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында туризм саласының негізгі капиталына 1 трлн 319 млрд теңге инвестиция салынған. Бұл 2025 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 68%-ға артық.
Министрдің мәліметінше, аталған көрсеткіштер туризм саласының Қазақстан экономикасындағы үлесі мен маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.
