Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерді есірткіге тексерудің жаңа тәртібі енгізілді

164
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/vajWkRwE97v2bGEwTID87T4ECMUpQvtLvY0cRdgT.jpg

Фото: ЖИ

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерді есірткі және психотроптық заттарды қолдану дерегіне тексерудің жаңа тәртібі күшіне енді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі. 

Енді қызметкердің мінез-құлқынан немесе сыртқы келбетінен күмәнді белгілер байқалса, оны медициналық тексеруге жіберуге болады. Ал тексеруден бас тартқан адам жұмыстан босатылуы мүмкін.

Информбюро дерегінше, жаңа талапқа сәйкес, мемлекеттік органдардың кадр қызметі мамандары қызметкерлердің жұмыс кезіндегі әрекеті мен мінез-құлқына назар аударады. Атап айтқанда, себепсіз жұмысқа келмеу, жиі кешігу, орынсыз ашулану, көңіл күйінің тұрақсыздығы немесе мінезінің күрт өзгеруі күмән тудыруы мүмкін.

Сонымен қатар көздің қызаруы, қарашықтың әдеттен тыс үлкеюі немесе кішіреюі, сөйлеудің бұзылуы және жүрістің өзгеруі де ескеріледі.

Алайда бір ғана белгі қызметкерді тексеруге жіберуге негіз болмайды. Ол үшін кемінде үш күмәнді белгі анықталуы керек. Осыдан кейін мемлекеттік органның басшысы немесе аппарат жетекшісі медициналық тексеруден өткізу туралы шешім қабылдайды. Қызметкерге сараптамадан өту үшін екі жұмыс күні беріледі.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, бұл талап мемлекеттік құпияларға қол жеткізе алатын қызметкерлерге де қатысты. Тексеру туралы алдын ала ескертілмейді.

Егер медициналық сараптама қызметкердің есірткі немесе психотроптық зат қолданғанын растаса, ол жұмыстан босатылады. Тексеруден бас тартқан немесе одан жалтарған жағдайда да қызметкер қызметінен айырылуы мүмкін.

Нарколог-дәрігер Талшын Мұхамеджанның айтуынша, тексеру кезінде алдымен адамның зәрінен сынама алынады. Арнайы тест ағзада есірткі затының бар-жоғын және оның түрін анықтауға көмектеседі. Егер адам дәрігердің рецептімен құрамында есірткілік заттары бар дәрі қабылдаса, қосымша тексеру жүргізіледі.

Мемлекеттік қызметкерлер медициналық тексеру нәтижесімен танысуға құқылы. Қорытындымен келіспеген жағдайда шағым түсіре алады.

Пікірлер