Қарағандыда автобус жүргізушісі егде жастағы жолаушыны көкөністерімен бірге автобустан түсіріп, кейін оның тауарын көлік дөңгелегімен басып кеткен, деп хабарлайды "Адырна".
Оқиға әлеуметтік желіде тараған видеодан белгілі болды. Қазір жүргізуші жұмыстан уақытша шеттетіліп, қызметтік тексеру басталды.
Оқиға туралы Threads әлеуметтік желісінде қолданушы жазба жариялаған. Ол Қарағанды тұрғындарынан зейнеткерді тауып, оған қаржылай көмек көрсетуді сұраған.
Желіде тараған видеода егде жастағы ер адамның жол жиегіне шашылған көкөністерді жинап жүргені көрінеді. Кадрлардан автобустың жанында жаншылған қызанақтар мен басқа да көкөністер, қораптар мен пакеттерді байқауға болады.
Оқиғаға қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі жүргізушінің әрекетін сынға алса, енді бірі жағдайдың мән-жайын анықтамай тұрып қорытынды жасамауға шақырды.
«№5 автобус паркі» оқиғаға байланысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қазір автобус салонының ішіндегі және сыртындағы бейнебақылау камераларының жазбалары тексеріліп жатыр. Тексеру аяқталғанша жүргізуші жұмыстан уақытша шеттетілген.
Автопарк өкілдерінің мәліметінше, оқиға туралы ақпарат әкімшілік хаттама толтыру мәселесін қарау үшін полицияға да жолданған. Тексеру қорытындысы бойынша қабылданған шаралар туралы қосымша ақпарат беріледі.
