Зейнеткерді жүгімен автобустан түсіріп жіберген жүргізуші жазаланды

221
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/3Nc19uANZ3AizJoK6qamHzyJeeOFwTptBJN7kRAy.webp

Фото: Қарағанды облысы ПД

Қарағандыда көкөніс пен жеміс салынған қораптарды алып жүрген қарт жолаушыны автобустан түсіріп жіберген №145 бағыттағы қоғамдық көлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 21 625 теңге айыппұл салынып, іс материалдары сотқа жіберілді. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Оқиға бұған дейін әлеуметтік желілерде кеңінен тараған бейнежазбадан кейін қоғам назарын аударған еді. Кадрларда автобус жүргізушісінің егде жастағы жолаушының заттарын салоннан шығарып жатқаны көрінеді. Соның салдарынан көкөніс пен жеміс тиелген қораптар жол жиегінде қалып, өнімнің бір бөлігі асфальтқа шашылып кеткен. Тіпті кейбірі өтіп бара жатқан көліктер мен автобустың дөңгелегі астында қалған.

Желі қолданушылары жүргізушінің әрекетіне наразылық білдіріп, тиісті органдардан шара қолдануды талап етті. Бейнежазбаны полиция қызметкерлері де назарға алып, автобус жүргізушісінің жеке басын анықтады. 40 жастағы ер адам полиция бөліміне жеткізілді.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жолаушылар мен багажды тасымалдау талаптарын бұзғаны үшін жүргізушіге 21 625 теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар әкімшілік іс материалдары тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сот шешімі шыққанға дейін ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Алайда жүргізуші тағылған айыппен келіспеген. Оның айтуынша, ол зейнеткерді автобустан күштеп түсірмеген, тек жүктің шамадан тыс көп болуына байланысты оны тасымалдаудан бас тартып, заттарын сыртқа шығаруға көмектескен.

Оқиғаға қатысты Қарағанды қаласының әкімдігі де пікір білдірді. Ведомствоның хабарлауынша, жүргізуші желіден уақытша шеттетіліп, қызметтік тексеріс аяқталғанға дейін жұмысынан босатылған. Бұдан бөлек, №5 автобус паркінде ішкі тексеру басталды.

Айта кетейік, қолданыстағы тасымалдау ережелеріне сәйкес, қалалық автобуста жолаушы өлшемі 60×40×20 сантиметрден және салмағы 20 келіден аспайтын бір қол жүгін тегін алып жүре алады. Ал осы талаптардан асатын заттар багаж санатына жатады және олар арнайы жүк бөлімінде немесе жүк көлігінде тасымалдануы тиіс.

Пікірлер