Қазақстандағы барлық адамдар қазақша еркін сөйлесін! - Владислав Тен

8290
Adyrna.kz Telegram

"Қазақстандағы барлық адамдар қазақша еркін сөйлей білсе екен". Бұл пікірді мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, қазақ тілі онлайн мектебінің негізін қалаған тіл жанашыры  Владислав Тен өзінің фейсбук парақшасында қалдырды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Біздің ата-бабаларымыз 1937 жылы депортацияға ұшырап Қазақ жеріне еріксіз келіп түскенде қазақтар олармен соңғы нанымен бөлісіп, ажалдан құтқарып, көмек бергені үшін корей халқынан алғыс білдіремін. Сол кезде қазақ халқы ата-бабаларымызға қол ұшын бермегенде мен де, менің көптеген туыс-туыстарым да бұл дүниеге келмес едік және осы алғысымды дәл қазір жазып отырмас едім. Қазақ жері корейлер үшін киелі әрі қасиетті жер болып табылады. Мен Өзбекстанда туғанмын. Менің Отаным, туған жерім - Өзбекстан. Қазақстанға ата-анамның жалғыз ұлы болып, осы жерде бірге тұрайық деген шақыруымен келіп қазақ тілін білуге деген қызығушылығым артып бар ынтаммен оқып үйрене бастадым. Маған тек қана тіл емес, жалпы қазақ халқының өзі, салт-дәстүрі ұнай бастады, мақалдарын түсіне бастадым. Содан өзіме: "Неге мен қазақ тілін дамыту үшін осынша жанымды беріп жұмыс жасап жатырмын?"- деп сұрақ қойдым. Сол сұрағыма өзім жауап тапқан сияқтымын. Менің ойымша, Алла тағала мені Қазақстанға ата-бабаларымның атынан алғыс айту үшін жіберген сияқты. Сол қиын кезде менің ата-бабама көмек берген қазақ халқына деген құрметімді әрқашан да алға қоямын. Қазақ халқының ең жақсы қасиеттерінің бірі бұл осы жерде тұрып жатқан әрбір халықты құрметтей біледі. Мысалы, бізді, корей халқын, үнемі “еңбеккор “ деп атайды. Бұл бізді жоғары бағалай білгені деп есептеп, әрі қарай Қазақ жері үшін, оның жан-жақты дамуына жан аямай, еңбек етуге дайынмын. Сондықтан өз басым қазір қазақ тілін дамытуда жұмыс істей бастадым. Ал менің мақсатым және арманым Қазақстандағы барлық адамдардың қазақша еркін сөйлей білуі!", - дейді қазақстандықтарға қазақ тілін үйретіп жүрген Владислав Тен. 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер