Жастарға қысым жасамаңдар, қаламағанын жасауға мәжбүрлемеңдер - Иманбек

2648
Adyrna.kz Telegram

Грэмми сыйлығының иегері, диджей Иманбек Зейкенов Стратегиялық бастамалар форумында (CSI Forum) қазақстандық жастардың дамуы туралы айтты, деп хабарлайды “Адырна» тілшісі.

Бүгін, 16 қарашада Астанада Стратегиялық бастамалар форумы басталды. Онда жоғары лауазымды тұлғалар, белгілі бизнесмендер мен әлемдік сарапшылар ел дамуының мәселелерін талқылады. Іс-шараның ашылуында Иманбек Зейкенов Қазақстанның болашағының бейнесін қалай көретіні туралы өз пікірімен бөліскен бейнеролик ұсынылды.

«Мен әлемнің әртүрлі елдерінде тұрамын және жұмыс істеймін. Ол жерлерге барған жақсы, бірақ үй одан да жақсырақ. Қазақстанға, туған жерге оралған кезде мен үнемі кейбір өзгерістерді байқаймын және бұл мені қуантады. Менің ойымша, Қазақстан туралы “бейбітшілік орнатушы” деп айту үшін еліміз бүкіл әлемге танымал және құрметті болуы керек. Жеті жылда ел қалай өзгереді? Меніңше, бұл жағдайды қамтамасыз ететін мүмкіндіктер керек.

Менің байқауымша, аймақтарда таланттар көп. Бұл рас. Сол таланттар дамып кетуі үшін еліміз қандай да бір шешім табуы керек деп ойлаймын. Бізде Google, Facebook-та жұмыс істейтін ақылды жігіттер өте көп... Біздің IT мамандарымыз «мүйізі қарағайдай» компанияларды құра алады деп сенемін. Жеті жылдан кейін Қазақстан өзгергенін қалаймын. Сонда біз, қазақстандықтар өз Отанымызға оралғымыз келеді. Сонымен қатар шетелдіктер де келіп көргісі, өмір сүргісі келеді», - деді Иманбек.

Сондай-ақ, Иманбек аға буын жастар үшін не істеу керек деген сауалға да жауап берді.

"Жастарға қысым жасамаңдар, қаламағанын жасауға мәжбүрлемеңдер. Жігіттеріміз мәдениет пен ғылымда біраз жетістіктерге жетсін десеңдер, қолдарын шешіңдер, тек оларға кедергі жасамаңдар. Моральдық ілімдер мен нұсқаулар оларды тек тітіркендіреді. Егер оларға кеңес керек болса, өздері келіп, кеңес сұрайды», - деді Иманбек.

Пікірлер