«Атыңнан айналайын, Әулиеата...» Әуежайы Тараздың қылды қапа

2028
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласының әуежайы «Әулиеата» деп, неге өз атымен аталмайды? Бұл мәселені мәслихат пен мәжілістің бұрынғы депутаты, ардагер журналист Мейрамбек Төлепберген көтерді. «Айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау» демекші, әп-әдемі атаудан жергілікті билік неге жерінді?

ҚАҒАЗДА БАР, ҚОЛДАНЫСТА ЖОҚ АТАУ

Мейрамбек Төлепберген әлеуметтік желіде өзі көтерген мәселенің шешімін табу аса қиын емес екенін айтады. Әйтсе де ол қарапайым мәселенің бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқанына таңғалды.

«2013 жылдары ресми қағаздарға «Әулиеата» халықаралық әуежайы» деп жазылып тұратын. Бірақ еш уақытта әуежайға «Әулиеата» деген жазу жазылмаған еді. 2010 жылдары аталған әуежайдың әбден ескіріп, тозғаны туралы елдің арасында жиі айтыла бастады. Сол себепті 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай әуежайда күрделі жөндеу жұыстары жүргізілді. Мерейтойдың алдында бір қонақты күтуге әуежайға барғанда бюджеттік мекеме қызметкерлері әуежайдың әйнегін жуып жатыр екен. Сол жерде түнімен ұйықтамаған облыс әкімінің бірінші орынбасарын кездестіріп, «Не болып жатыр? Маңдайшасына «Әулиеата» деп жазбайсыздар ма?» деп едім, «Үлгере алмай жатырмыз» деп жауап берді. Тек қана «Тараз» деп жазып қойыпты. Кейін облыстық мәслихаттың депутаты болып жүргенде бұл мәселені қозғадым. Бірақ әкімдік қызметкерлері тарапынан нақты жауап болмады. Содан бұл мәселе ұмытыла бастады. Шыны керек мен жекеменшікке өтіп кеткеннен кейін әуежайдың атын «Тараз» деп өзгертіп жіберген екен деп ойладым. Осыдан екі-үш күні бұрын Көкшетау мен Тараздағы халықаралық әуежайлардың басшылары ауысты. Аталған ақпарат БАҚ-да «Халықаралық Әулиеата» әуежайының директоры тағайындалды» деп беріліпті. Интернетті ақтарып көрсем, әуежайға қатысты құжат шыға келді», – дейді ол.

Мейрамбек Төлепберген әлеуметтік желідегі жазбасын көпшілік халық қолдап жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ол облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы хабарласқанын ескертті.

«Бүгін облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Сейітбекқызы «Сіздің көтерген мәселесіңізді назарға алдық. Бүгін компания басшыларымен сөйлесеміз» деп айтты. Бұл – әрине, қуанышты жаңалық. Бізге Әулиеата деген атауды жоғалтпау керек. Сондықтан да мен Әулиеата деген атау үшін күресіп жүрмін. Бір кезде Таразда «Әулиеата» деген универсиет болып, кейін ол жабылып қалды. Қазіргі таңда аталған атауда көкпаршылар клубы бар және бір автопарктың ресми атауы болып отыр. Алдағы уақытта Тараз қаласынан салынатын шағын ауданға «Әулиеата» деген ат беріледі деп жүр. Бірақ оның қашан пайдалануға берілетінін білмеймін. Мысалы, Қызылорда әуежайы «Қорқыт ата», Атырау мен Орал әуежайы Хиуаз Доспанова мен Мәншүк Мәметованың атымен аталады. Ал біздің өзінің тарихи атауы бар әуежайды «Әулиеата» деп жазбауды салғырттық және тарихи атауға қиянат деп білемін. Қазіргі қоғамның өзіне тән дерт немқұрайлылық, салғырттық болып отыр», – деді экс-депутат.

ОБЛЫСТЫ ӘУЛИЕАТА ДЕП АТАУ ДҰРЫС ПА?

Мейрамбек Төлепбергеннің жазбасына Мұратхан Естаев деген азамат «Егер мүмкіндік болса Жамбыл облысы атауын Әулие Ата облысы (Кезінде Әулиеата уезді аталған) деген тарихи атауы берілсе, тіпті орынды болар еді!» деп пікір қалдырыпты. Алайда экс-депутат бұл ұсынысты қолдап отырған жоқ.

«Әр адамның пікірін құрметтеймін. Бірақ өз басым Жамбыл облысын Әулиеата деп атауға келіспеймін. Жамбыл деген атау бір ғасыр жасаған Жәкеңнің рухы ғана емес, ол Мойынқұм ауданындағы ерекше таудың аты. Сондықтан да мен Жамбыл атауы рухани құндылық болып қалады деп ойлаймын. Яғни облыстың атауын Әулиеата деп атайық деген ұсыныс негізсіз деп санаймын. Біз рухани құндылық дегенге ерекше қарауымыз керек. Әрине бұл мәселеге байланысты әр азамат өз пікірін айтар, оған ешкімді айыптауға болмайтын шығар. Бірақ оған мен келіспеймін. Жамбыл, Жамбыл болып қалуы керек. Жамбыл тек қана жырымен ғана емес, өзінің ұзақ жасаған даналығымен ел жүрегінде қалды», – деді ол.

Жалпы қоғамда Жамбыл шығармашылығына қатысты әр түрлі көзқарас бар. Мысалы 1932 жылғы ашаршылық пен 1937-1938 жылғы қырғыннан кейін ақынның Сталин мен Ежовты мақтап өлең шығаруын кейбір адамдар сынап жатады.

«Бұған бір адамның өмірімен емес, тұтас дәуірдің жағдайымен қарау керек. Өткен дәуірде өмір сүрген қаншама атақты адамдар – ғалым, ақын-жазушылар бар. Біз солардан әр тұлғаны іріктеп аламыз. Мысалы, тек қана Жамбыл емес, басқа да тұлғалар өлең арнаған. Бірақ Жәкеңнің әрекетін терең түсіністікпен қабылдаймын. Яғни, Жәкеңнің аты ұлттық, рухани құндылық ретінде қалады деп ойлаймын», – деді ол.

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер