ДИАС НҰРАҚЫН: 30 жылда жасалмаған жұмыс соңғы 15 күнде атқарылуда

2043
Adyrna.kz Telegram

Атыраудағы сапар аяқталды. Бұл жолы қала қаңырап қалғандай әсер қалдырды. Көшеде бейсауат жүрген жан жоқ. Сапырылысқан көліктер де азайған. Ал, әуежай, вокзал, автобекеттерде құжынаған халық көп.

Жұрт жаппай жан-жаққа жансауғалауда. Қалаға қарқынды қызыл су келе жатыр деген үрей бәрін бейжай күйге түсіріпті. Құлсарыдағы тасқынды көргендер бейқам емес. Бала-шаға, шал-шауқан мен қыз-келіншектерін Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Алматыға жіберіп жатыр. Тіпті кейбірі отбасымен көлікке мініп, қауіпсіз қалаларға ағылып жатыр. Екі адамның басы қосылса, “қалаға су кірер ме екен?”-деген сұраққа жауап іздейді.

Жайықтың жағасы бекітіліп, әр мекеме ғимаратының жан-жағын құм толтырылған қаппен қалап жатыр. Жер үйде тұратындар да баспаналарын қорғап қалудың қамын жасап, қабырғаларына целлофанмен гидроизоляция жасауда. Тіпті теңіздің көмейі тазаланып, табаны тереңдетілуде. Қала ішіндегі құрғап қалған каналдардың арнасы ашылып, жүздеген техника күні-түні жұмыс істеп жатыр. Әскерде жүрген 1500 жауынгер Атырауға келіп, Махамбет пен Индер аудандарына аттаныпты. Олар бөгеттер салып, тасқынды қалаға келтірмеудің қамын жасайды.

Бір сөзбен айтқанда, Атырауда аласапыран болып жатыр. 30 жылда жасалмаған жұмыстар соңғы 15 күнде атқарылуда. Әкімдер, жаны мұрнының ұшына тақалғанда тыпыршып жатыр. Қайынжұртқа тыныштық тілеймін. Тасқын болмай-ақ қойсын. Атырауға тек жақсы дүние жазу үшін келейік.

 

Диас Нұрақын

 

 

Пікірлер