Құны 9 млрд теңге. СҚО-да Орталық Азиядағы ең ірі сүт фермасы салынып жатыр

1404
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/img_9820-960x500.jpeg?token=2e5e9737e5c45c926d19db739ec57d7c

Солтүстік Қазақстан облысында Орталық Азиядағы ең ірі сүт фермасы салынып жатыр. Бұл туралы 5 маусымда Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Сүтті мал шаруашылығы саласындағы ауқымды инвестициялық жобаны «Зенченко и К» сенім серіктестігі 2024 жылдан бастап Қызылжар ауданының Новоникольское ауылында іске асыруда. 8000 бас ірі қара малға арналған кешеннің құны 9 млрд теңгені құрайды.

Бұл сүт кешені Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда ең ірі кешен болмақ. Толық қуатында ол жыл сайын шамамен 26 000 тонна сүт өндіретін болады»,—делінген хабарламада.

Кешеннің жобалық құрылымына 7 ғимарат кіреді, олардың ішінде әрқайсысы 1280 басқа арналған 3 сиыр қорасы бар. Кешеннің ерекшелігі – бір уақытта 90 бас ірі қараны сауатын жоғары технологиялы «карусель» типті сауу қондырғысының болуы. Бұл сағат сайын 700 басқа дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп, өндіріс үдерісінің жоғары тиімділігін қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысы сүт өндірісі саласында тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2023 жылы жалпы саны 11 000 бастан асатын ІҚМ-ға арналған 19 жоба қаржыландырылып, олардың қуаты жылына 70 000 тонна сүт өндіруге жетті.

Пікірлер