Автобус апатынан зардап шеккен оқушы қыздың отбасына әкімдік пәтер береді

1584
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2023/11/avtobus-960x500.jpeg?token=664a3cbf9dffa9c86e77d5eab34fa9cc
Астанада автобус апатынан зардап шеккен сегіз жастағы Алуа Бекеннің отбасы әкімдіктен пәтер алады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”. Бұған қоса, оқушы қыздың отбасына 29,6 млн теңге көлемінде өтемақы беріледі. Жол апатынан зардап шеккен тағы екі азаматқа да көмек көрсетіледі. Ауруханада жатқан бұл екеуі сақтандыру төлемін алады. Астана әкімдігі Алуаға көмек көрсететінін бір күн бұрын Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да жазған. Оның айтуынша, оқушы қыз далаға шығып, ауладағы балалармен ойнағысы келеді. Естеріңізге сала кетейік, 2 маусымда Астана қаласындағы Республика даңғылында жолаушы автобусы ақпараттық тақта тіреуіне соғылған. Жол апатынан 15 адам зардап шеккен. Үш жолаушы ауруханаға түскен. Дәрігерлер бір айдан соң 8 жасқа толатын Алуа Бекеннің екі аяғын кесуге мәжбүр болған. Астанадағы ірі жол апатынан кейін қылмыстық іс қозғалды. Автобус жүргізушісі қамауға алынды.
Пікірлер