Қазақстан коронавирусқа байланысты қытайлық азаматтарға виза беру талаптарын күшейткен, ал әуежайда электронды виза рәсімдеу тоқтатылды
Сыртқы істер министрлігі коронавирусқа байланысты Қытаймен арадағы шекараны жабу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрдің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтің айтуынша, Қазақстан Қытаймен арадағы шекараны жабуды жоспарлап отырған жоқ. Ол үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы қажет. Алайда коронавирусқа байланысты қытайлық азаматтарға Қазақстанның визасын беру талаптары күшейтілді.
"Қазіргі кезде біздің ҚХР-дағы елшілігіміз бен бас консулдығымыз осы елдің азаматтарына денсаулық туралы анықтама жағынан виза беру талаптарын күшейтті. Бұдан бөлек, Қытай азаматтары үшін әуежайда электронды виза рәсімдеу жұмысы тоқтатылды", - деді Нұрышев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.Оның сөзіне қарағанда, Қытаймен арадағы шекара жабылса, Қазақстан азаматтарын елге қайтару мүмкін болмайды. "Қазіргі мәліметке сәйкес, ҚХР территориясында 1 300 Қазақстан азаматы бар. Олардың ішінде 635 турист Хайнань провинциясында жүр. Бұдан бөлек, елшілік, бас консулдық қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері бар", - деп атап көрсетті Нұрышев.