Ата-баба рухани тірегіміз!

4993
Adyrna.kz Telegram

Жеті атасын білмейтін қазақ жоқ. Даңқты бабалар есімін мақтаныш етпейтін қазақ та кемде-кем. Дей тұрсақ та, сол қайталанбас бітімді ата-бабалардың өнегелі өмір жолы мен өміршең өсиетін ғұмыр бойына шамшырақ етіп алдыға ұстанып өтер ұрпақтар сабақтастығы әркімнің пешенесіне жазыла бермеген.

Туғанына бір ғасыр толып отырған 2-ші Дүниежүзілік соғысқа қатынасушы майдангер Жатқанбай Шпекбаевтің жарқын бейнесін жадымызға оралтқан сәттерде, міне, осындай толғанысты пікірлер жан-дүниемізді баурап алады. Жатқанбай қария Кеңестер Одағы құрылуы, өркендеуі, құлдырауы, ыдырап жоқ болуы мен қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізуі тарихи кезеңдерінің барлығына да куәгер болып ұзақ та мағыналы ғұмыр кешті. Қазақ елін жау шапқанда алдыңғы сапта қаһармандық көрсеткен Дулат Сәмен батыр тікелей бабасы әруағы желеп-жебеп, Шпекбайұлы Мұсахан мен Мұсаханұлы Жатқанбай неміс фашистерімен қанды шайқаста бір-бірлеріне жақын маңда жүріп асқан ерлік көрсетеді, ауыр жарақат алады. Әке тілегі қабыл болып, Мұсахан қан майданда қаза табады. Ал бірнеше жарақат алса да құдайдың кереметімен ажал оғы дарымаған офицер Жатқанбай кеудесін орден, медалдарға толтырып туған өлкеге абыроймен қайтып оралады. 1945 жылы Абайдың 100 жылдық мерейтойы құрметіне аты қойылған Қаскелеңге қарасты Абай ауылын өркендетуге ат салысқан Жатқанбай жар құшып, сегіз ұл-қыз сүйгені өз алдына бір тарих. Жер орта жастан асқан шағында өмірлік қосағы Күлиманнан қапыда айрылып қалып, сегіз құлыншақтарын әке орнына әке, ана орнына ана болып бағып-қағып өсіргені де ағайын-туған, көрші-көлем арасындағы рухани ғаламат ерлік күйінде аңыз әңгіме болып айтысады. Осылайша айлы-жылдар сырғып ағып, 2006 жылы Жатқанбай қария да өсіп-өнген ұрпақтары алдында алға қойған арман-мақсаттары орындалған әке кейпінде бұл жалғанмен қош айтысады. Әке-асқар тау! Әкенің орнын ешбір жақын туыс баса алмақ емес. Тоқсанға тақаған аңыз-әке қазасы алды алпысты алқымдаған ұл-қыздарды недәуір есеңгіретіп тастайды. Қайғының қара бұлты біршама сейілді-ау деген шақта алдыңғы толқын ересектер бас болып, бір-бірлеріне жоқтау айтысып, тоқтау айтысып, қайран әкенің ақырет дүниесіне пайдасы тиер, ерте жарық жалғанмен бақұлдасқан анаға бақи дүниесінде шарапаты жетіп жатар, ата-бабаларды да құр қалдырмас шариғат шартымен сауабы мол істерді қалайша біртіндеп атқарыссақ деп өзара келелі кеңес құрысады. Дулат ішіндегі Ботпай атасы ұрпақтары жерленген ескі қорымның Алматы-Қаскелең тас жолы беткейі жағындағы мал жайылымына айналған бос бөлігі бұл орайда қайта-қайта өзіне назарды аудара береді. Не істесе болады, қалай істесе болады?! Қалың қоныс, елді-мекен іші емес, алайда қарсы тау беткейіндегі саяжай тарапына бірен-сарандап жаңа сәнді үйлер бой көтере бастағанына қарағанда, болашақта бұл төңірек қызу қайнаған тіршіліктің ортасына айналатын секілді. Ендеше, бұл қабірстан беткейіне көпшілік қауымға пайдасы тиер ғимараттар салса болғандай екен. Ең бастысы ниетті дұрыстау, жақсы пиғыл болса құдай тағаланың өзі жолды ашып, ойламаған жерден ризық-несібені молынан шашып бермегі анық. Осындай толғанысты сәттерде елағаларымен бірге біздер де қосымша ат салысып, тоқ етер кеңестерімізді айтып, қалайша ұйымдастырса дұрыс болады деген мақсатта пікір-тоқтамдарымызды батыл ортаға салдық.

Ең біріншіден, бұл төңіректе мешіт жоқтығынан күретамыр жолға жақын етіп үлкен мешіт тұрғызу ұйғарылды. Толықтай қаржысы қолда тұрмаса да Аллаға тәуекел етіп, онан соң жақын дос-жарандарға сауын айтылып болашақ мешіттің орнында қазаншұңқыр қазылып, сәулеттік жобасы мамандардың қатынасуымен бекітіліп, Марат Бейсенбаев жетекшілігімен қызу қарқынды жұмыс басталып кетті. Осылайша біресе қауырт жүріп, ал кейде кібіртіктеп тоқтап қалып, көпшіліктің қолдап-демеуімен зәулім мешіт екі жыл межесінде бой көтерді. Астанадан ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алик Шпекбаев жұмыстан қолы қалт еткенде діни ғимарат құрылысы барысын тікелей қадағалап, қайырымдылық мақсаттағы демеушілерді ұйымдастырып, нәтижеде "Нұр Мұсахан" мешіті толықтай пайдалануға беріліп, жергілікті жамағатқа өз есігін айқара ашты. Біздер өз тарапымыздан Наманғаннан дамолла Мұхамед Исмайыл Юлдашев басқарған шеберлерді шақыртып, оған жергілікті кәсіпкер Тимур Батишев бауырымыз көмек етіп, мешіттің михраб бөлігіндегі қасбетін арабша Құран аяттарымен өрнектеп жазуына себепші болдық. Қазақ еліне келген сапарын пайдаланып осы маман шеберлер Алматы облысы мен Қарағандыдағы бірнеше жаңа мешіттерге Құран аяттарын әдемілеп жазып берісті. "Нұр Мұсахан" мешіті Жатқанбай қарияның қан майданнан оралмай қалған әкесі атын еншілеп, жеті атаның әруақтарын нұрға бөлеп, ҚМДБ ресми бөлімшесі болып тіркеліп, мүптилік тарапынан бас имам тағайындалды. Жұма намаз бен айт намаздары ғана емес, бес уақыт намазға да недәуір жамағат жинала бастаған кезде Мұсахан ата мен Жатқанбай марқұмдардың атынан бәдел қажылық жасалып, Ресейдің Саратов облысы жеріндегі Мұсахан Шпекбаевтің қабір орны да табылып, Алик Жатқанбайұлы генерал бастаған бір топ ұрпақтары сол шалғайға зиярат етіп барып келіп, ата қабірі басынан алынған бір уыс топырақ бала қабірі топырағымен ұласып, бұл мекенде де Мұсахан атына символикалық ескерткіш-белгі қойылды. Ойды ой қозғайды, тілекті тілек жалғайды демекші, енді белсенді топ мешіт тұрғызумен ғана тоқтап қалмай, осы төңіректегі көлемді бау-бақшаның шетін ала медіресе және асхана кешенін салуға кірісіп кетті. Жатқанбай қарияның сүйікті жары Күлиман ананың атына қойылған медіреседе отызға жуық жас қарилар ертелі-кеш Құран сүрелерін жаттап, екі жүз кісілік сыйымдылығы бар асханада әр апта сайын бақи болғандарға арналып ас беріле бастады. Медіресенің бір бүйірінде құрбан шалатын арнайы орын дайындалып, Құрбан айт кездерінде осы төңіректегі мұсылман қауымға діни рәсім-жоралғыларын көңілдегідей атқартатын қызмет жайы пайда болды. Осылайша, бес уақыт азан шақырылып, парыз намаздар оқылып, Құран аяттары үздіксіз жатталып, аталмыш төңірек көпшілік келетін орынға айналып, ай санап емес күн санап көркейе берді, гүл жайнай берді!

Екіншіден, мешіт пен медіресе қоршалып, абатталып, толықтай қызметіне кіріскен соң айнала төңірекке бір нәрсе жетпейтіндей, тағы да кешенді ұлғайта түсу керектей әсер-сезімге бөледі. Нелер қилы пікір-ұсыныстар айтылды. Көңілге қонатыны бар, қонбайтыны бар, сол алуан пікірлердің ішінен Ана тақырыбы бөлектеніп алынып, әлем халықтарында кездеспейтін Анаға арналған ескерткіш-белгі қойылса деген нақты ұсыныс ортаға шықты. Қазақтың салт-дәстүрі, шариғи талап-тілектері ескеріле келе Анаға ғана арналған мұражай болса, және оның жанында Ана тұлғасын жиынтықтап сомдайтын ерекше ескерткіш бой көтерсе деген пікір-байлам белсенді топтың ортақ қолдауына ие болды. Еуропа үлгісіндегі мұражай ғимараты сәулеті бекітіліп, құрылысы тездеп қолға алынды. Белгілі кәсіпкер Әбдибек Бимендиев бастаған демеушілер қолдауымен күрделі іс күн өткен сайын оңайлана берді. Мұражайдың қарсы бетінде төбе басында Анаға ескерткіш орны дайындалып, болашақта осы кешенге зиярат етіп келушілерге қолай болсын деп жол жиегі де күрделі абаттандырылуға бейімделді. Бұл кезеңде ҚР Президенті әкімшілігінің Хұқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Алик Жатқанбайұлының қызмет бөлмесі кей уақыттарда Анаға арналған кешен жобасын қызу талқылау орнына да айналып кететін. Біздер де өз ұсынысымызды білдіріп, өз идеямызды дәлелдеп, айтқанымыздан қайтпауға тырысатынбыз. Нәтижеде ұзына бойғы Ана ескерткіші қасына бесік қою ұсынысымыз қабылданып, кешен мазмұны байый түсті. Ескерткіш-белгі төңірегіндегі Ана болмысын ашатын таңдамалы сөздер де бірауыздан қолдау тапты. Бір жылға созылған қыруар ізденіс нәтижесінде жас талант, суретші-мүсінші Елдос Бексұлтан басқарған хас шеберлер ішкі мазмұны сырт кейпіне ұласқан Ана ескерткіш-белгісін көпшілік көкейіндегісіндей дөп басып сомдай білді. Жаңа мұражайдың атын "Анаға құрмет" деп ұсынуымыз да әр тараптағы жауапты адамдар тұрғысынан толық қолдауға ие болды. Дей тұрсақ та, жаңа тұрпатты мұражай жасаудағы біздердің барлықтарымызды алда күтіп тұрған орасан қиыншылықтар тек бұл ғана емес еді. Классикалық талғам тұрғысынан музейдің әрі мен сәнін кіргізетін оның ғимараты салтанаты емес, қандай тақырыпқа арналғандығы да емес, ең бастысы кез-келген мұражайдың басты қаруы-оның жинақталған мұрағаттар қоры болып есептеледі. Міне, осы орайда "Анаға құрмет" мұражайы ғимараты құрылысы бітісімен қаңырайған бос дәлізге жиналған бір топ белсенділер енді не істерлерін білместен аңырайып тұрысып қалған дағдарысты бейнелері тап осы күнгідей көз алдымызда. Сасқан үйрек артымен сүңгиді демекші, бір азамат музейді жасау қолдан келмесе ұзын дастархан жайып үстіне мол етіп құрт-бауырсақ шашып, ашылу салтанатын жасап, осы төңіректе жоқ деңгейде мейрамхана жасап жіберейікте дегені де жадымызда. Біздер бұл орайда өз пікірімізді білдіріп, келесі бас қосуға Алматыдағы Орталық мұражайдың бас директоры Нұрсан Әлімбай мен суретші-сәулетші Шәмил Қожахановты, сол сияқты белгілі зергер, көне мұрағаттарды жинақтаушы Үсен Сейдәлиевті де бірге шақырып, қолдан келгенінше көмек-жәрдем көрсетулерін өтініш еттік. Осылайша, білікті мамандардың қолдап-қуаттауымен жаңа мұражайдың екінші тынысы ашылды. Нұрсан мұражайдың бірінші қабатын көне дәуірден қазіргі таңға дейінгі қазақ әйел-аналарының болмыс-бітімін ашуға арнау ұсынысымызды қолдаса, екінші қабатты жеке әйел-аналар тұлғаларына арнау ұсынысымызды Шәмил қолдап, мұрағаттар сақталып қойылатын көрнекі жиһаздарды жарақтауға Шәмил шебер дереу кірісіп кетіп, Үсен өз тарапынан көптеген құнды мұрағаттарды ұсынып, жарты пішіндегі киіз үйді барша жабдығымен дайындап, тиісінше өтемақыларын да алып, өзге көптеген достар да қолдарына іліккен мол мұрағаттарын жеткізіп, аз уақыт ішінде қолда барға қанағат етіп, "Анаға құрмет" мұражайы салтанатты түрде өз есігін көпшілік көрерменге айқара ашты. Қарсы беткейдегі Анаға арналған ескерткіш-белгінің де ресми ашылу салтанаты өткізіліп, лентасы қиылды. Алматы мен Қаскелеңнен, өзге де алыс шалғайдан мектеп оқушылары мен студенттер, зиялы қауым өкілдері мен шетелдік туристер легі бұл тарапқа тоқтаусыз ағылып, дүниежүзі бойынша Анаға арналған ең тұңғыш мұражайды тамашалау тасқыны басталып кетті.

Үшіншіден, кешен аясы ұлғайған сайын мұражайдың сырт жағындағы бір-екі га жерге арнайы саябақ, кішігірім дендропарк орналастыру қажеттілігі өз-өзінен келіп туындады. Сирек кездесетін ағаш түрлерін отырғызу, өзгеше сәндегі хауыз орнату науқаны да басталып кетті. Кешкі серуендеуге лайықталған ирелең жолдар да пайда болды. Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен қазақтың киіз үй пішініндегі мейрамханасын салу жобасы да мақұлданып, тез арада жаңа құрылыс нысанасы бой көтере бастады. Сонадайдан хан түсетін 32 қанат киіз үйдей көрінетін сән-салтанаты келіскен қазақ үй-мейрамхананың ресми ашылу жиынына мол адамдар жиналып, күннен-күнге кеңейіп, ерекше сәулет пен мазмұндағы кешенді өз орнымен мақтаушылар қатары көбейді. Өмір-өзен, бір орнында тұрып қалмақ емес. Уақыт өткен сайын осы өлкенің тумалары-Сәт Тоқпақбаев, Амангелді Шабдарбаев сынды елге танымал алдыңғы буын өкілдерімен ақылдаса, кеңесе келе еліміз бен жерімізді ғасырлар бойы қорғап келген батыр бабаларға арнап өз алдына жеке мемориалдық кешен тұрғызу идеясы қызу қолдау тапты, дереу қолға алынды. Алда жаңа мақсат-міндеттер қол бұлғап шақырып тұрды.

Төртіншіден, әр жылдағы 9 мамыр күнгі дәстүрлі еске алу, ас беру жиынындағы ортақ мәмілемізге сәйкес, "Отанды қорғаушыларға!", "Защитникам Отечества!"-деген алғашқы шартты атауға ие болған мемориалдық кешеннің сәулеттік келбетін түзу, құрылыс жүргізілетін орнын белгілеу-дайындау, кешеннің жалпы қаржылық шығындарын айқындау, бастапқы әзірлік жұмыстарын жүргізу науқаны басталып кетті. Бірінші алқалы мәжілістің өзінде кешенді салу үшін арнайы қор құру қажеттілігі мәселесі ортаға қойылды. Бұрында ондаған жылдар қайырымдылық жұмыстарымен айналысып келе жатқан біздің "Қағанат" консорциумы және "Қағанат" ғылыми-мәдени орталығы бұл орайда барлық демеушілер атынан басты қаржы операторы болып тағайындалды. Қауырт істер басталып кетті. Сәулеттік жоба толық аяқталғанша, жеке меншіктегі жер телімдері мемориалдық кешен үшін деп обләкімшілік тарапынан ресми құжатталғанша Серік Донбаевтің құрылыс компаниясының білікті мамандары қатынасуымен алғашқы жер әзірлеу жұмыстары басталып та кетті. 9 мамырда болашақ ұрпаққа арналған ізгі тілектер жазылған капсуланы құйып кеткен жаңбыр астында малмандай су болып тұрып көпшілік белсенді қауыммен бірге болашақ мемориалды кешеннің жер астына цементтеп көмгеніміз де есімізде. Аталмыш кешен құрылысына В.В.Симачев пен Аян Дүйсембаев, Қанат Арбиев пен Б.Аблязимов, т.т. жеке тұлғалар қомақты қаржы аударып, кешеннің құрылыс жұмыстары қарқынды жүруіне негізгі себепкер болды. Қиналған сәттерде Талдықорғандағы алқалы жиында сол кездегі вице-премьер Бердібек Сапарбаев пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төтеншеден қабылдаған шешімдері демеу болып, ендігі арада мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негіздегі шартнамаға сәйкес облыстық бюджеттен де тікелей бас мердігерге тиісті қаржы аударыла бастады. Санкт-Петербордағы шпилдердің сәулеттік сәнін елестететін мемориалдық кешен құрылысы толықтай аяқтала бастаған сәтте оның ішкі мазмұнын қалай толтырсақ деген үлкен уайым алдан шықты. Осындай қысталаң кезеңде облыстық мәдениет департаментінің бастығы Ақан Әбдуалиев белгілі зергер Шәмил Қожахановпен ақылдаса-кеңесе отырып, мұражайдың ішкі мазмұнын жарақтауды қатаң түрде өз бақылауларына алды. Бірнеше айға созылған қажырлы еңбектің нәтижесінде мемориалдық кешеннің ішкі бөлігі бай мазмұнға толды. Ежелгі ғұндар және сақ дәуірінен басталған тарих тасқа қашалды. Осы кезеңде Қордайдың қырық тонналық кесек тасын кертіп алып Алматы іргесіндегі шеберханаға жеткізіп, қазақтың сұсты кейіптегі батыр жігіт пен қызының түрегеп тұрған бейнесін үш-төрт ай бойына асқан шеберлікпен қашап шығарған суретші-мүсінші Елдос Бексұлтан бастаған мамандардың тарту-сыйы да дайын болып, дер уағында өз орынтағына жайғасқан еді. Қорыта айтқанда, сәттілік алға тартып ауқымды жоба соңғы мәресіне жетті. "Батыр бабалар мемориалының" салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі бастаған елге танымал қауым өкілдері жиналып, Қарасай ауданының ақсақалдары Алик Шпекбаев бастаған Жатқанбай қария ұрпақтарына және оның демеушілік жасаған дос-жораларына алғыстарын жаудырып, ақ баталарын берісті. Арада бірер ай салып осы кешенді өз көзімен көріп тамашалауға Алматы облысында ресми іссапармен жүрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы ат басын бұрып келіп, атқарылған қыруар еңбекке үлкен ризашылық сезімін білдірді. Мемориалдық кешен идеясын өзге облыстарға да үлгі етіп ұсынып, мұнымен тоқтап қалмай, кешенмен жалғастырып бір мың жас өскін қауымға арналған заманауи Денешынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызуды да міндеттеп қойды. Елбасының өте орынды ұсыныс-пікірі бастамашыл қауымды жаңа, тың белестерді бағындыруға жетеледі. Ал "Батыр бабалар мемориалы" мен "Анаға құрмет" мұражайы ресми түрде Алматы облысы әкімшілігі қарауына құжаттап өткізіліп, Мәдениет басқармасы басшылары аталған кешендерді заңды түрде өз құзыреттеріне қабылдап алды.

Бесіншіден, Қарасай ауданы халқы ғана емес, облыс және шеттен келген жұртшылықтың өзі ризашылық сезімдерін жасырмаған бұл кешен жаңа жобамен толықты. Сәулеттік жобасын Рүстем Шалымбетов басқарған талантты жас сәулетшілер бірнеше өзгерістер мен толықтырулар нәтижесінде тәмамдап болған соң, "Қағанат" консорциумы мен "Қағанат" ғылыми-мәдени орталығының әр өңірлердегі тұрақты демеушілер тобы алғашқы қомақты қаржыны қайырымдылық негізде аударып, тиянақталған келісім-шарт бойынша Қайрат Оразбеков басқарған "Элитстрой" құрылыс компаниясы Денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылыс жұмыстарын бастап кетеді. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік заңнамасы аясында қолға алынған жаңа жоба облыстық мәслихат тарапынан да қызу қолдау тауып, алғашқы қаржыландыру іс-шаралары басталуда. Әлбетте, үстіміздегі жылда бұл кешеннің құрылыс жұмыстары да толықтай аяқталып, кешенге лайықты ат белгіленіп, "Жетісу" футбол командасы бастаған спортшылар өз жаттығуларын бастап кетеріне сенім мол. Одан кейінгі кезеңде, жалғызілікті, қараушысы жоқ қарттарға арналған пансионат ашу да жоспарда бар. Міне, мұның барлығы да Жатқанбай қария ұрпақтарының ізгі ниеттері мен арман-мақсаттарынан келіп туындаған өте ауқымды жобалар. Әкенің баласы болмай, халықтың перзенті болып тәрбиеленген нар тұлғалардың кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалсын деген шешімді іс-әрекеттерінен туындап жатқан ғасырлық үздік жобалар. Мұндай бірбеткей кешендерге мемлекет тұрғысынан үлкен баға беріп, бір топ еңбегі әбден сіңген тұлғаларды мемлекеттік сыйлыққа ұсынып жатса да еш артықтық етпес еді. Алайда, таспен қашалып ғасырларға ғұмыр ұзартқан осынау кешендер өлкесі талай жас өскін ұрпақтардың көкейлеріне ұлтшылдық, отансүйгіштік, парасаттылық дәнін егіп, рухани жаңғыртып жататын болса, көп жылғы еңбектің өтеуі ақталғаны, асыл мұраттар өмірде нақтылы жүзеге асқандығы! Сөз соңында, атақты Сәмен батыр, одан тараған Мұсахан жауынгер және де оның қайыспас ұлы Жатқанбай қарияның рухы шат болсын деп Фатиха сүресін оқып сауабын бағыштап қоялық. Ғаламторда осы айтылған пікірлерімізге нақтылы дәлел болатын әр кезеңдегі бейнетаспалар мен танымдық-зерттеу мақалаларды тауып таныса аласыз. Тап осылай қайталанбаса да сіздер де өз туған өлкелеріңізде осы іспеттес ғибраты мол іс-жобаларды батыл жүзеге асыра аласыз. Сілкінейік, жігерленейік, сауапты істерді атқаруда еш тартынып қалмайық!

Бейбіт Сапаралы,

жазушы, қоғам қайраткері

Пікірлер