«ЕСЕП» — Алаш партиясының ізбасарлары

5227
Adyrna.kz Telegram

Биыл ақындық пен ғалымдықты қатар ала білген дара тұлға Бүркіт Ысқақұлының туғанына 96 жыл толады. Өкінішке қарай, қазақты отаршылдық бұғауынан құтқаруға ұмтылған қаһарман есімі көпшілікке беймәлім. Осыған орай «Адырна» ұлттық порталы тарихшы, бүркіттанушы Әділет ЖАҒЫПАРмен тілдесіп, жастардың астыртын саяси ұйымы «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясының негізін қалаған Бүркіт Ысқақұлының өмір жолы туралы әңгіме өрбітті.

«ЕСЕП» қайнар бастауын Алаш идеясынан алды

–Бүркіт Ысқақұлы 1924 жылы 4 қарашада Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Көкмөлдір деген жерде туған. Жастайынан атасы Ибрагимнің тәлім-тәрбиесін көріп, сауатты анасы Нұржамалдан қиса-дастандар мен Абай өлеңдерін жаттап өседі. Әкесі Ысқаққа Сұлтан-Ахмет мектебінде қоғам және мемлекет қайраткерлері Сәкен Сейфуллин мен Абдолла Асылбеков сабақ берген. Бала Бүркіт осы мектептен оқып, сауатын ашқан. Әкесі Ысқақ «Кіші Қазан» төңкерісі зардаптары, қолдан жасалған аштық, байларды тәркілеу қиын уақыттарды басынан кешіріп отырса да, Бүркітті Қарағандыда Жамбыл атындағы қазақ мектебінде, одан кейін Нұра ауданындағы Казгородок (қазіргі Кертінді) мектеп интернатында білім алуына жағдай жасайды. Білімге құштар Бүркіт оқушылардың басын қосып, «Жас әдебиетші» үйірмесін мектеп қабырғасында құрады.

Қазақ даласында педогог кадрларды дайындауға байланысты Кеңес үкіметі 1938 жылы Қарағанды қаласында оқытушылар институтын ашады. Бүркіт Ысқақұлының тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына 1940-1942 жылдары Қарағанды мемлекеттік оқытушылар институтында (қазіргі Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті) оқуы өзінің әсерін тигізбей қоймайды. Институт студенттерінің әдеби ортасында жүріп өзі де ақынжанды Бүркіт қазақ әдебиетінің аға оқытушысы Айтбай Нарешұлы басшылығымен құрылған «Жас қалам» үйірмесінің белді мүшесі атанады. Осы үйірменің мүшесі болған Оңайбек Құдышев: «Үйірмеге Бахмет Жанахметов, Дүйсенбай Мырзахметов, Қинаш Ыдырысов, Жаппар Өмірбеков, Бүркіт Ысқақов, Дүйсенбай Тұрғанбеков сияқты өлең-жыр жазуға қабілеті бар, талантты да талапты жастар қатысады екен. Үйірмеде тіл шеберлігі, өлең-жыр ерекшеліктері туралы ой-пікір ортаға салынып, жас қаламгерлердің туындылары талқыланатын. Сол кезде Махамбеттің, Абайдың, Сұлтанмахмұттың, Мағжанның өлеңдерін жатқа айту дәстүрімізге айналған. Кейбіреулерінің түп-нұсқасын оқымасақ та, ең нәрлі, әсем шумақтары есімізге сақталатын да,бірден-бірге ауысып ауызша айтыла беретін. Сатенина Филиповна Мамиконян басқаратын орыс әдебиеті, Константин Иосифович Меделец басқаратын тарих үйірмесі де назарымыздан тыс қалмайтын», – деген жазбасынан түрлі үйірмелерге қатысқан студенттер Алаш ұлт қайраткерлерінің еңбектерімен танысып, үйірмеде талдап-талқылап жүргенін көреміз. Архив құжаттарында институтта Ресейдің орталық қалаларынан Мәскеуден, Ленинградтан, Саратовтан тағы басқа да жерлерден жер аударылған немесе айдалып келген професссорлар мен доценттер: «1939-1940жылдар аралығында Қарағанды мұғалімдер институтында жұмыс істеген мұғалімдер тізімі: Рымарев, Мамиконян, Кобыляцкий, Абишев, Ткаченко, Нарешев, Спасибенко, Байтасов, Романовская, К.Меделец, Наумов, Табышева, Богословский», – дәріс оқулары институт студенттерінің жан-жақты жаһандық жағдайда білім алулары үшін зор мүмкіндік болатын. Осы ұстаздардың әлемдік деңгейдегі білімдері мен қажыр-қайраттары студенттердің тұлға ретінде қалыптастыру жолында еңбектері еш кетпей, ЕСЕП партиясының тарихы осы жоғарғы оқу орны қабырғасында қаланады.

Студент Бүркіттің ұйымдастыруымен жастардың астыртын саяси ұйымы ЕСЕП партиясы 1941 жылы ақпанда кеңестік кезеңде құрылған болатын. ЕСЕП партиясы – қайнар бастауын Алаш идеясынан алды. Қарағанды оқытушылар институтының қазақ тілі мен әдебиет мамандығын бітіріп, «Советтік Қарағанды» (Орталық Қазақстан) газетінде жұмыс істеп жүрген кезінде екінші дүниежүзілік соғыстың қан майданына атанады.

Дін мен тілдің қорғаушысы

ЕСЕП партиясы – жастардың астыртын саяси ұйымы. Оның мақсаты тәуелсіз ел болу. Партия өз бағдарламасын да жасаған.Расында, жастардың астыртын саяси ұйымы ұлттық мәдениет пен әдебиет, дін мен тіл қорғаушысы бола білді. Сондай-ақ, университет қабырғасында «Жас қалам» әдебиет үйірмесін ұйымдастырып, қабырға газетін шығарды. Ұйым мүшелері Қарағанды қаласында оқушылармен үнемі байланыста болып, олармен рухани кездесулер өткізіп отырған.

Еуропаның құлысың...

Бір күні тарих пәнінің мұғалімі Қабзәкір Байтасов студент Бүркітке сабақта: «Сен, шын ақын болсаң, осы картаға қарап тұрып, еш ойланбастан бір ауыз өлең шығаршы», – дейді. Көп ойланбастан:

Уа, Азия, ұлысың,

Ұлылығың құрысын.

Құрысын демей не дейін?

Еуропаның құлысың! деп бір шумақ өлеңді төгіп-төгіп жібергенін Махмет Темірұлының естелігінен білеміз. Кеңестік қатал саясаттың қылышынан қан тамып тұрған шақта, саяси тақырыпта осындай өлең шығарудың өзі үлкен батырлық еді..

ЕСЕП партиясы және Алаш идеясы

ЕСЕП партиясының бағдарламасын Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері құрған Алаш партиясының бағдарламасымен салыстыра талдасақ:

біріншіден, ЕСЕП партиясы Алаш идеясынан нәр алып, тарихи сабақтастықпен жібін үзбей тәуелсіздікке жеткізді, Алаш партиясының ізбасарлары болды;

екіншіден, ЕСЕП партиясы бағдарламасында халықтық мемлекетті құруды көздесе, Алаш партиясы Россия Республикасының федерациялық бір ағзасы болуды қалады;

үшіншіден, ЕСЕП партиясы бағдарламасында бізді арғы шыққан тегі бір дүниежүзіндегі түркі тілдес халықтар қолдайды. Бұл туысқан халықтармен тағдырласпыз десе, Алаш партиясы реті келсе, Қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлесе тұруды қалады;

төртіншіден, ЕСЕП партиясы бағдарламасында біздің құрметтеп ұстайтын дініміз – ислам діні деп көрсетілсе, Алаш партиясында дін ісі мемлекет ісінен бөлек қаралады;

бесіншіден, ЕСЕП партиясы бағдарламасында жастарды жинап туған жер, туған халқың үшін жаның құрбан деп көрсетілсе, Алаш партиясы бағдарламасында елді қорғау үшін әскер ұстау көзделген.

Алаш қозғалысының айтылмай жүрген жаңа тарихи кезеңі

–Алаштанушы ғалымдар Алаш қозғалысының тарихнамасын ХХ ғасырдың басынан – ХХ ғасырдың 30 жылдар аралығында қарастырады. Олар негізінен Алаш қозғалысының тарихын жоғарыда көрсетілген тарихнама шеңберінен шыға алмай келеді. Ә. Бөкейхан бастаған Алаш ұлт қайраткерлері кеңестік тотилатарлық биліктің қуғын-сүргінін бастан кешіріп, елі үшін құрбан болғанымен де ұлт зиялыларының Алаш идеясы тарихи сабақтастық барысында Қазақ елін Тәуелсіздікке жеткізгендігіне аса мән берілмей келеді.

Алаш идеясы үшін күресті кеңестік билік жағдайында жалғастырған қоғамдық ұйымдар мен жеке азаматтардың қызметі арқасында Тәуелсіздікке жетудің жолдары жатыр. Қазақстан Республикасының архив құжаттарын сараласақ, ХХ ғ. 30 жылдардың аяғы мен ХХ ғ. 90 жылдардың аралығында жастардың, соның ішінде жоғарғы оқу орындарының студентері мен мектеп оқушыларының Алаш идеясын ту етіп көтеру ниеттерін көреміз. Алаш идеясының мақсатын ресми тіркелмеген саяси-қоғамдық ұйымдар және партиялар құрып жүзеге асыруға талаптанды. Негізін ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің шығармаларымен танысу арқылы өз бойларына дарытқан. Кеңестік қатал жүйе тұсында оқылуға тыйым салынған ұлт зиялы қауымның шығармаларымен жүздесу сәттерін сыйлаған ұлт болашағын ойлаған оқытушылар қуғын-сүргіннің шет жағасын білсе де жасырын түрде бағыт-бағдарларын беріп отырған.

Алаш қайраткерлерінің алдыңғы және кейінгі буынының ойлаған ойы, іске асырамын деген армандары үзілмей жеткен тарихи сабақтастық арқылы Қарағандыда «Елін сүйген ерлер партиясы», Батыс Қазақстанда «Қазақ халқын қорғаушылар одағы», Қарағандыда «Жас қазақ»,Мәскеудегі «Жас тұлпар», Керекудегі «Жас ұлан», Хасен Қожа-Ахмет құрмақ болған «Жас қазақ»секілді ұйымдармен жаңғырып және соңы Желтоқсан көтерілісіне ұласып, Тәуелсіздікке жеттік.Бұл Алаш қозғалысының айтылмай жүрген жаңа тарихи кезеңі деп санаймыз. Бүгінгі ұрпақ жоғарыда айтып өткен жастардың астартын саяси ұйымдарын зерттемей, тәуелсіздік идеясын түсіне алмайды деп ойлаймыз.

Руханият пен мәдениетке жауапты тұлғалар қараларын көрсетпейді

–Күні кеше біздің бастамамызбен Бүркіт Ысқақұлының қайраткерлігі мен шығармашылығын насихаттауға арналған «ЕЛІН СҮЙГЕН ЕРДІҢ ІЗІ» он күндігі Нұра ауданының Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде болып өтті. Мектеп ұжымы іс-шараға карантин жағдайында болса да, тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұрды. Оқушылар мен ұстаздар қауымы өте үлкен жұмыс жасаған. Бүркіт Ысқақұлы өмірі мен шығармашылығы Нұра кентінде қайта жаңғырды.Бүркіттанудың алғашқы жылында он күндік аясында көптеген іс-шаралар өтіп жас ұрпақтың санасына құйылды. Атап өтер болсақ, музей стенд, суреттер көрмесі, ең бастысы дәстүрлі аудандық «Бүркіт оқулары» жыл сайын өткізілетін іс-шараға айналады. Өкінішке қарай, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосылған күнде облыстық руханият пен мәдениетке жауапты тұлғалар өз қарасын көрсетпеді.

«Бүркіттану» ғылымының жаңа белесі

–Алдағы уақытта мектеп басшылығы мен ұстаздары «Бүркіттану» аясында оқушыларға факультативті курс енгізуді жоспарлап отыр. Біз «Бүркіттану» оқу курсының бағдарламасын бірге жасауға келісіп кеттік. Осындай игі жұмыстар отандық тарих пен әдебиетте «Бүркіттану» ғылымына жаңа толқын, жаңа леп әкелгендігін көрсетеді.

Әңгімелескен Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер