Ақтөбе облысында сайлаушылардың 69,7 пайызы дауыс берді

2710
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысында ауыл әкімдерін сайлау  34 ауылдық округте және Аққұдық ауылында өткізілуде. Дауыс беру аталған округтердегі 74 сайлау учаскесінде өтіп жатыр. 25 шілдедегі жергілікті сағат 17.00-дегі жағдай бойынша сайлау бюллетеньдерін тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 69,77 %-ы алған деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

Сайлау комиссияларының ұсынған деректеріне сәйкес, 2021 жылғы 25 шілдедегі сағат 17.00-дегі жағдай бойынша көрсеткіштер мынадай: Әйтеке би - 68,09 %, Алға - 78,22 %, Байғанин - 66,46 %, Ырғыз - 66,77 %, Қарғалы - 84,27 %, Мәртөк - 77,67 %, Мұғалжар - 74,02 %, Темір - 50,64 %, Ойыл - 88,99 %, Қобда - 77,06 %, Хромтау - 72,88 %, Шалқар - 79,13 %.

Сонымен 25 шілдедегі сағат 17.00-дегі жағдай бойынша аудандар арасында белсенділік жағынан Ойыл ауданы көш бастап тұр.

— Аумақтық сайлау комиссияларының ұсынған деректеріне сәйкес 2021 жылғы 25 шілдедегі сағат 17.30-дағы жағдай бойынша сайлау бюллетеньдерін тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 69,77 пайызы алды. Яғни 22 337 адам сайлауда дауыс берді. Қазір аудандар ішінде сайлаушылардың саны жағынан Ойыл ауданы (88,9 пайыз) алда тұр. Бұл ауданда 1973 тұрғын дауыс берген, — дейді облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Шыңғыс Нұржігіт.

Оның айтуынша, бұл көрсеткіш бойынша 2-орында Қарғалы ауданы (84,2 %) болса, 3-орында — Шалқар ауданы (79,1%) .

Ал облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы  Ардана  Саймағанбетовтің айтуынша, аудан әкімдерін сайлау кезінде қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға облыс бойынша 196 полиция қызметкері жұмылдырылған. Сондай-ақ 74 полиция қызметкері сайлау бюллетендерін жеткізу жұмыстарына атсалысады.

— Полиция қызметкерлері барлық округтегі сайлау учаскелерінде тәртіпті қадағалап, бұзушылықтар болған жағдайда жедел әрекет ететін болады. Біздің міндет — сайлау кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, — дейді ол.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Күнбаеваның айтуынша, облыстағы ауыл әкімдерін сайлау барысы туралы ақпараттар халыққа тікелей эфирлер арқылы хабарланып отырады. Сайлаудың алдын ала қорытындысы жергілікті уақытпен кешкі сағат 20.00-де шығарылады.

Қазір облыстағы барлық ауданда тұрғындар ауыл әкімдерін сайлауға белсенді түрде қатысып жатыр. Кәсіп пен шаруаның негізі ауылда екенін ескерсек, ауыл әкімдері солардың бәрін үйлестіруші болып табылады. Осыны түсінген үміткерлер де осыған дейін барынша белсенділік танытқан болатын.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер