Жамбыл: жарылыстан мезі болғандар басқа жерге көшіруді талап етуде

2496
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысындағы әскери бөлімдегі жарылыстан мезі болған Қайнар ауылының тұрғындары биліктен басқа жерге көшіруді талап етіп отыр, деп хабарлады “Адырна” ұлттық порталы КТК.телеарнасына сілтеме жасап.

Олар 10 қазанда болған жарылыстан қатты шошынып қалған.

10 қазанда таңғы сағат жеті шамасында Байзақ ауданындағы әскери бөлімде тағы да жойқын жарылыс болды. "Гүрс" еткен дауысты естіген тұрғындар ұйқыдан тұра сала жан-жаққа қаша жөнелген. Кейін бәрі басылған соң баспаналарына қайта оралды.

Ал шұғыл жиналған әскерилер мен шенеуніктер жұртты сабырға шақырып әлекке түсті. Олардың сөзіне сенсек, бұрынғы өрттен зақымдалған оқ-дәрілер жарылған.

Бұған дейін де алаңдамауға шақырған билік өкілдерінің сөзіне тұрғындар енді күмәнмен қарайды.

"Жарылыс тағы қайталанатын болса, бізді көшірсін басқа жаққа. Ақыры өздері сенімсіз. Көшірсін, бұл жерде тұрмаймыз. Қалатындар қала берсін, әркімнің өз еркі", - дейді ауыл тұрғыны Жанар Сүйіндікова.

Ресми мәліметке сүйенсек, ешбір адам жарақат алмаған және ешқандай ғираматқа зақым келмеген. Бірақ тұрғындар кейбір үйдің терезелері сынғанын көрсетті.

Жергілікті билік жұртқа қауіп бар екенін түсінген тәрізді. Өйткені Қайнар ауылынан тұрғындар түгел шығарылған. 37 адам туыстарын паналауға мәжбүр. Тіпті елдімекендегі қираған баспаналарды қалпына келтіру жұмыстары да уақытша тоқтады.

"Қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Жоспарлы жарылыстар болуы да мүмкін. Соған байланысты әзірге тұрғындарды ішке кіргізбейміз. Яғни бір мезетте үйінділерді жару бойынша шаралар қабылданып жатыр. Тау болып үйілген зақымдалған оқ-дәрілерді жойып жіберу көзделген. Алайда ол үшін құрылған арнайы комиссия шешім шығаруға тиіс. Тек содан кейін жұмыс жүзеге асырылады", - дейді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмайыл. 

Ал әзірге ауыл тұрғындары жақындарының үйінде жүре береді. Қашан өз үйлеріне оралатыны белгісіз.

Әскери бөлімнің маңына қазір ешкімді жолатпай жатыр. Қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Қайнар ауылына кіре берісте болок-бекеттер қойылып, полицейлер ертелі кеш күзетіп тұр.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер