Марат Байділдәұлы: "Шылымқор еркектер саны кеміп, керісінше, шылымқор әйелдер саны күрт артып барады"

2106
Adyrna.kz Telegram

Кейінгі кезде әйелдер мен қыздардың шылым шегуін жиі көретін болдық. Тіпті кейде мектептердің жанынан өтіп бара жатсаң 14-15 жастағы шынашақтай қыздар топтасып алып темекі тартып тұрғанын көресің. Көресің де қынжыласың. Баяғыда біздің бала кезімізде де әйелдердің кәзиттің жыртындысына оралған махорканы тартып отырғандарын көруші көрдік. Бірақ оларды айыптауға болмайтын, өйткені бірінің күйеуі соғыста қаза тапты, біреулері жақындарынан айырылып жатты, бір жағынан азапты тұрмыстың тауқыметі бар. Басындағы қасіреттерін аз да болса жеңілдету үшін темекі тартатынын шығар дейтінбіз.
Ал қазір жас қыздардың, жас келіншектердің «байы өліп, бағы күйіп» жатқандай жіп-жіңішке сымдай сигареттерді құныға сорғандарын көресің. Әрі оларға «әй дер әже, қой дер қожа» жоқ. Гендерлік саясаттың теріс әсері көзге ұрып тұр. Бұрын осындай әдепсіздікті, тәртіпсіздікті көрсек, қоғамдық тұрғыдан ескерту жасауға болатын. Қазір аузыңды ашып көр!
Рас, соңғы жылдарда елімізде жұрт жаппай баратын көпшілік жерлерде, қоғамдық көліктерде, жұмыс орындарында, тағы басқа орындарда темекі шегуге арнайы заңмен толықтай тыйым салынды. Алайда соған қарамастан шылым шегушілер, оның ішінде қыздар мен әйелдер азаю орнына көбейіп барады.
Жер бетінде 1,1 млрд шылым шегуші болса қазір соның үштен біріне жуығын әйелдер құрайды екен. Әрі темекі өндірісімен айналысатын компаниялар соңғы жылдарда өз өнімдерін көбіне әйел тұтынушыларға бағыттайтын болды. Қазақсанда нақты зерттеу жүргізілмеген. Ресейде бірнеше жыл бұрын жүргізілген зерттеу деректеріне қарағанда мектеп жасындағы оқушы қыздардың 24 пайызы, ұлдардың 27 пайызы темекі тартады екен. Қазақстанда мұндай көрсеткіш Ресейден артық болмаса кем емес деп ойлаймын. Қызық болғанда бүкіл дүние жүзінде шылымқор еркектер саны кеміп, керісінше шылымқор әйелдер саны күрт артып барады.
Бірқатар зерттеушілер мұндай құбылысқа нысаналы маркетинг пен темекі жарнамасы әсер етіп отыр деп есептейді. Бұдан он жылдай бұрын әлемде 250 миллион әйел шылым шегетін болса енді таяу жылдарда оның саны жарты миллиардқа жетпек. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымның деректеріне қарағанда жыл сайын шылымқорлықтан 8 миллион адам қаза табады екен. 1,2 млн адам өздері шекпесе де басқалардың шеккен темекі түтінінің салдарынан көз жұмады. Қазақстан темекі тартудан Орта Азия мен ЕАЭО елдері арасында 17 пайызбен үшінші орында. Ең аз тартатын елдер Түркменстан (4 пайыз) мен Өзбекстан (9 пайыз). Ең шылымқор ел – Ресей (27 пайыз).
Темекі өнеркәсібінің алпауыттары өнімдерін өткізу үшін не бір түрлі айла-шарғыларға баруда. Әдейі әйелдерге бағытталған өте әдемі дизайнмен жсалған, жіңішке сигареттерге басымдықтар берілуде. Сигареттен гөрі зиянсыз деген желеумен IQOS, glo, lil, Jouz сияқты шылым қыздырғыш гаджеттік құрылғыларды көптеп шығарыла бастады. Қорқор деген бәлекет те өзіндік «модаға» айналған сияқты. Қорқор жүрген жердің бәрінде дерлік бәңгілік (есірткілік) сауда қатар жүретінін жұрттың бәрі біледі.
Жалпы ғалымдар шылым да есірткі тәрізді тәуелділік туғызатын никотиндік зат екендігін дәлелдеген. Темекінің зиянсыз дозасы деген болмайды! Темекі өнімдері әйел ағзасына өте зиянды. Темекі өнімдерінің барлық түрлері тәуелділік туғызады!
Өкінішке қарай шылымқор қатындар да шылымқор еркектер сияқты темекіден пайда болатын зардаптар салдарынан қаза тауып жатыр. Әрі бұл цифрлар жылдан жылға өсіп барады. Әсіресе бұл әйелдердің адам ұрпағын дамыту (жыныс, қынап, жатыр мойыны, омырау) органдарының қатерлі обыр мен жалпы остеопороз дертіне ұшырау ықтималдығын арттырып отыр. Сигаретке кететін шығындар отбасы бюджетіне де теріс ықпалын тигізетіні тағы бар.
Сондықтан әр отбасында, әр ұжымда шылымқорлықтың зардаптары туралы жиі айтылып, БАҚ-да темекіге қарсы насихат жүйелі жүргізілсе деймін.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер