Гипоталамус

2240
Adyrna.kz Telegram

(Эссе)

Пропискадан
пәтерге дейiн

Жанына оның жат емес,
Fылым мен БАҚ, медиа.
Басы оның бас емес –
Энциклопедия!
(Журналистiк фольклордан)

Осыдан ширек ғасыр бұрын, бүгiнгiше айтсақ, Бершүгiр стансасының, темiржол бойының сол кездегi ресми ономастикасына сүйенсек, «Берчогрдің» баласы Бердiбай Кемал екеумiз Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» газетiне өндiрiстiк практикаға келдiк. Бұл коммунизмнiң елесi ептеп көмескiлене бастағанымен, оның сара жолы әлi де сайрап жатқан кез едi. Үлкендi-кiшiлi басылымдарда «Қайта құру қаһармандары», «Бетбұрыс баспалдақтары» деген айдарлардың айдарынан жел есiп тұрған тұсы. Жұрт ненi қайта құрарын бiлмей жанығып жүрген осы бiр кезеңде айтыс ақыны Бекұзақ Тәңiрбергенов Алматыға келiп, «Қайта құру дегенде қайта құру, Атыңды қайта ерттеп, қайта мiну!» – деп елдi бiр дуылдатып кетiп едi. Осындай идеологиялық ұстаным қоғамға тiрек болып тұрған дәуiрде iлмиген шиборбай екi студент ақтөбелiк сақа журналистердiң ортасына топ ете түстiк. Бiздiң бұл келуiмiз кейiн осы газеттiң бүгiнгi бас редакторының орынбасары, ол кездегi жас тiлшi Ертай Ашықбаевтың «Өндiрiстiк тәжiрибе» деген өлеңiне өзек болды:

Ақтөбе, талай ерге болдың ыстық,
Алматыдан келдi, уай, –
Сын-байқауға бiр айлық өндiрiстiк,
Бауыржан мен Бердiбай.

Мен түлекпiн, студент бұлар әлi,
Бұлар – ескек бағытсыз қайықтағы.
Жоқ әзiрге байсалды мұралары,
Жоқ тiптi зайыптары...

Журфакты бiтiргенiне небәрi екi-ақ жыл өткен Ерекең: «Дәл осындай сәл мұңсыз, сәл бақытты, Мен де болғам, Кезiкпеген ешқандай зарға тiптi, Кешегi келген ордам», – деп бiзге қызыға қарайды. «Сондықтан да тым ыстық бұлар маған, Жүремiн әрiдегi елеске ерiп, Қай сиқыр жұтқан бiздi, кiм арбаған, Осындай емес пе едiк?» – деп студент күнiн сағынып еске алады. Ал бiз қаламы өлең сөзге де, көсемсөзге де жүйрiк Ерекеңнiң қабiлетiне қайран қаламыз. Әдетте ақындардың мақала жазуға қыры бола бермеушi едi...

Сол өндiрiстiк практикада өндiрiп жазып жүрген кезiмiзде Ақтөбенiң бүкiл журналистер қауымы Алматы жақтан естiлген бiр жаңалыққа елең еттi. Ертай Ашықбаевпен бiрге оқыған Мақсат Тәжiмұратов үй алыпты! Оқу бiтiргендерiне үш-төрт жыл болған жас журналистер осыған қатты қуанды. Әсiресе, Нұрмұхамед Дияров өзi үй алғаннан бетер мәз болды. «Әй, дұрыс болған екен. Жақсылап бiр жазатын болды ендi!». Былай қарасаң, жай ғана хабар. Кiм үй алмай жатыр?.. Бiрақ соған елдiң едәуiр елеңдескенiне қарап, «Бұл бiр мықты жiгiт болды-ау, шамасы...», – деп ой түйдiк. Әсiресе, торғайдың ұясын ықтасын көретiн Бердiбай екеумiз секiлдi жалаңаяқ студент үшiн үй алғандардан артық бақытты адам жоқ.

Сол кезде Мақсат туралы не бiлетiнiмдi еске түсiре бастадым. Ол бәрiмiздiң бесiгiмiз болған бесiншi жатақханада көп көрiнбейтiн. Сiрә, ертерек үйленiп, пәтерге шығып кетсе керек. Екiншi курста оқитын кезiмiз едi. Бiр күнi ұзын дәлiзде бесiншi курстың студенттерi шығарған қабырға газетiнiң iлулi тұрғанын көрдiк. Жалпы, бұлар өзi қызық курс. Басқа курсқа қарағанда сыраны өндiрiңкiреп iшедi. Бiреуi: «Сау кезiмде Айбас – студсовет, мас кезiмде мен – студсоветпiн!» – деп теңселiп жүредi. Тағы бiреуi түн iшiнде жатақханаға тапанша алып келедi. Ол тапанша әлде Отан соғысына, әлде Азамат соғысына қатысқан бiреудiң атасының қаруы болып шығады. Үшiншi бiреуi соны көрiп, «Қадiрлi ата, сен бiздi кiнәлама, Ержеттiң деп қолыңды барға малып, Рас, бiздер өзiңдей қару алып, Революция жеңiсiн қорғамадық», – деп Шахановтың кейпiне енiп, өлеңдетiп отырады. Осындай мiнезi қиқы-жиқы бiртүрлi курстың шығарған газетi де басқалардыкiне ұқсамайды. Сiрә, бесiншi курстықтардың бiрiншi курстықтармен дәстүрлi кездесуiне арнап шығарылған сияқты. Сол кездiң өзiнде танылып қалған ақындар Ертай Ашықбаевтың лирикалық, Мұратбек Дүйсенбековтiң сықақ өлеңдерi жарияланған. Соның iшiнде бiр мақала ерекше көзге ұрып тұр. Тақырыбы – «Лимбус гипоталамус, ХХI ғасыр және бiз». Авторы – Мақсат Тәжiмұратов. Мәссаған! Мұның «лимбус гипоталамусы» немене болды екен? Оқи бастадық. Өз дәуiрiнен жиырма-отыз жыл алға озып, келер ғасырды суреттейдi. Өзiмен бiрге оқығандардың келешегiне болжам жасайды. Бiрi жазушы, бiрi ғалым, бiрi дөкей... Мақсаттың «Гипоталамусында» Қапшағайдың төңiрегiнде үлкен қала орнаған. Жаңағы дәулер мен дөкейлердiң бәрi сонда қызмет iстейдi. Ал ендi жазуы деген керемет. Болашақта журналистиканың жампозы болатыны бiрден байқалып-ақ тұр. Содан кiтапханаға барып, сөздiк ақтарайық. Сөйтсек, бiздiң дiңкемiздi құртқан «гипоталамус» адам миының таламустан (көру төмбесi) төменгi бөлiгi екен. Көпқырлы физиологиялық мiндет атқарады. Анатомиялық тұрғыдан гипофизбен және лимба жүйесiмен тығыз байланысты. Яғни, мидың шамадан тыс жетiлуiне мүмкiндiк бередi. Демек, алдағы болашақ туралы да мәлiмет алуға болады. Мiне, бар болғаны бесiншi курс студентiнiң қаламы қалай-қалай ойқастап жүргенiн аңғарған шығарсыз. Басқа бiреу болса, таламус-саламуссыз-ақ пәленбай ғасырға қиялмен саяхат жасай берер едi. Ал бұл келешекке ойша сапарының өзiн ғылыми негiздейдi. Осы саланы зерттеушiлердiң, яғни, гипоталамустанушылардың мығым логикасына сүйенедi.

Айтпақшы, «Қазақ университетi» газетiнен тағы бiр мақаласын оқыған екенмiн-ау. Бiрде қазақ киносының қара нары Асанәлi Әшiмов студенттермен кездесуге келген-дi. Сонда ұлт тарихына арналған фильмдер туралы әңгiме болды-ау деймiн. Сол жиыннан жазылған студент Мақсат Тәжiмұратовтың мақаласы «От! От!» деп басталатын. Әрi қарай «қырда қырқысып, ойда айқасқан» деген тәрiздi сол жылдардағы қатарластарының ойына келе бермейтiн тiркестер түйдектелiп түседi. Бұл журфакқа түскен бар баланың «Ана... Осы бiр үш әрiпте қаншама терең мағына бар десеңiзшi» деп басталатын мақалалар жазатын кезi едi...
«Пропискадан пәтерге дейiнгi» (Оның осылай аталатын бiр мақаласы бар едi) тауқыметтi бастан өткерген жас журналист кейiн үй алған соң қаламын көсiле сiлтедi.

Талғамы биiк,
танымы терең

Жақсылармен жүйелес,
Масондармен «жұрағат»,
Миы оның ми емес –
Мемлекеттiк мұрағат!
(Журналистiк фольклордан)

Жұрт аузында есiмi көп атала берген соң, ең болмаса түрiн көрейiк деп Мақсатты iздегенбiз. Жоқ. Жатақханаға жоламайды. Диплом жазып жатқанға ұқсайды. Жалпы, саяқ жүретiн секiлдi. Кейiн бiр-екi жыл өткеннен кейiн көрдiк. Ортадан сәл жоғары бойы бар тарамыс қара жiгiт екен. Танымайтын адамына тосырқай қарайды. Зауқы соқпаса, ешқандай әңгiмеге қосылмайды.

Кейiн жақын араласқан соң, әлгi ақтөбелiктер бөркiн аспанға атып қуанатын үйiн де көрдiк. Адам айналуға келмейтiн бiр жарым бөлмелiк шағын пәтер. Бiрақ сол шағын пәтер ширықтырды оны. Табаны күректей он бес жыл тұрды. Ең тәуiр дүниелерiн сол құрқылтайдың ұясындай құтханасында отырып жазды. Оқыған-тоқығаны көп. Бiлмейтiн дерегi жоқ. Екi тiлде еркiн жазады. Кез-келген мәлiметтi миының қыртыс-қыртысынан суыртпақтап ала бередi. Өз басым осы уақытқа дейiн Мақсаттың тосылып қалған тақырыбын көргенiм жоқ. Тарихи деректердi жатқа соғады. Мәселенi жерiне жеткiзе талдайды.

Қазақтың белдi басылымдары «Бiлiм және еңбек», «Жалын» журналдарында, «Социалистiк Қазақстан», «Өркен», «Қазақ әдебиетi», «Ана тiлi» газеттерiнде қызмет iстедi. Санаға сына қағу мүмкiн емес қасаң кезеңнiң өзiнде оның мақалалары ауық-ауық елдi дүр сiлкiндiрiп тұратын. Әсiресе, «Социалистiк Қазақстанда» жарияланған «Телефонмен тас ату» деген мақаласы, «Жалында» жарық көрген «Пропискадан пәтерге дейiн» деген социологиялық очеркi жыл бойы оқырмандар талқысына өзек болғаны есiмiзде.

«Жалын» журналының жауапты хатшысы болып қызмет iстеп жүрген ол бiр күнi комсомолдың Орталық Комитетiне ауысып кеттi. Баспасөз секторының меңгерушiлiгiне тағайындалыпты. Бүгiнгiше айтсақ, баспасөз хатшысы. Мақсат Тәжiмұратов бұл қызметiнде елге пайдасын көбiрек тигiздi. Қазақ басылымдарының журналистерiн бүкiлодақтық кеңестерге, «Комсомольская правда», «Собеседник» газеттерiне, «Комсомольская жизнь» журналына тәжiрибеден өтуге көптеп аттандырды. Бұл аталған басылымдардың асығы алшысынан түсiп тұрған шағы. Барған адам бiрдеңе үйренбей қайтпайтын. Жас қаламгерлерге септiгi бұдан да көбiрек тиюi мүмкiн едi. Бiрақ Мақсаттың бұл қызметке тағайындалуы комсомолдың қайраты қайтқан кезiне тап келдi. Мәскеуде өткен ВЛКСМ ХХI сьезiнен кейiн комсомолдың буынынан әл кеттi. Айтпақшы, осы сьезде сол тұста Қазақстан комсомолын басқарған Иманғали Тасмағамбетовтiң ВЛКСМ Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметiне ұсынылып, одан өзi бас тартқанын бүгiнде бiреу бiлсе, бiреу бiлмес.
Комсомолдың жылдар бойы қаланған қызыл кiрпiшiнiң мүжiле бастағанын байқаған Мақсат өзгеше жол iздеген сияқты. Ұзамай КазГУ-дiң аспирантурасына түстi.

– Ойлап-ойлап ғылыммен айналысқанды жөн көрдiм, – дедi бiзге. – Fұмар Қараштың шығармашылық мұрасын зерттеймiн. Әдебиеттегi ақтаңдақтарға түрен салатын кез келдi. Саған айтарым, өзiң де ғылымға кел. Ең дұрысы – осы. Басылымдардың бағытын байқап тұрсың ғой. Академик Зейнолла Қабдолов ағамен таныстырайын. Тақырыбыңды бекiт.
Шынында да, бұл нарықтың дауылы тұрып, елдiң iргесiн шайқай бастаған кезең едi. Бiрде қаражат жоқ, бiрде қағаз жоқ. Бiз қызмет iстеп жүрген «Лениншiл жас» газетiнiң шықпай қалуы жиiледi. Бұрын аптасына бес рет шығып келген басылымның ендi үш рет шығуы мұң боп қалды. Газет шықпаған күндерi жұрт дем алады. Қысқасы, аптаның үш-төрт күнi ғана жұмыс. Шынында да, неге осы қыруар уақытты пайдаланбасқа деген ой келдi.

Содан Мақсат менi дедектетiп отырып, академик Зейнолла Қабдоловқа ертiп келдi. Әдебиеттегi ақтаңдақтарға байланысты тақырып беруiн өтiндi. Академик бiрден «Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасы» деген тақырыпты бекiту жөнiнде қолма-қол тапсырма бердi. Қазақтың ақиық ақыны, зар заман әдебиетiнiң тұлғалы өкiлi Мұрат Мөңкеұлының ардақты есiмi ендi ғана ақталған тұс едi. Бiз ғылымға осылай келдiк. Жетекшiмiз – Қабдолов, жас кеңесшiмiз – Тәжiмұратов. Өзiмнен бар-жоғы үш-ақ жас үлкен жiгiт көп нәрсеге үйреттi. Қолдағы деректерiн жүйелеп, картотека жасаудың кәнiгi маманы екен. 1993 жылы 28 желтоқсанда Абай атындағы Алматы мемлекеттiк университетiнде кандидаттық диссертациямызды бiрге қорғадық. Қорғаған соң жайылған дастархан басында белгiлi шығыстанушы, танымал ақын Өтеген Күмiсбаев: «Махамбеттей өткiр бол, үш-төрт жылда доктор бол!» – деп бата бердi. Алайда Мақсат Махаңдай өткiр болуын болғанмен, үш-төрт жыл түгiлi жиырма жылда да доктор атанбады. Қазақ әдебиетiндегi жәдидшiлдiк ағымы туралы докторлық тақырыбы баяғыда бекiген-ді. Бiрақ шығармашылық өнiмiн иiн қандырып илейтiн баяғы әдетiне басып, асыға қоймады. Сөйтiп, Өтеш ағамның тiлегi күнi бүгiнге дейiн орындалған жоқ. Оның есесiне, Шәңгерей Бөкеев, Fұмар Қараш, Батыс Алашорда туралы соқталы зерттеу кiтаптарын жазды. Ойы оқшау, талғамы биiк, танымы терең зерттеушiмен ғылым докторларының көпшiлiгi санасады. Тегiнде, ғылымның деңгейi атақпен емес, абыроймен өлшенетiн сияқты ғой.

Тосын тақырыптың
тамыршысы

Талай ойды парықтап,
Таңғалдырды халықты,
Ағаевты анықтап,
Тағиевты танытты.
(Журналистiк фольклордан)

Ол ылғи да тосын тақырыпты тауып алады. Сол тақырыптың төңiрегiн үңгiп, ерiнбей-жалықпай дерек iздейдi. Журналистiк әбжiлдiк пен зерттеушiлiк зерде бiр мақсатқа жұмылдырылған соң бұл еңбегi жемiс бермей қоймайды. Жұртқа әбден таныс тақырыптың өзiнiң қалың ел байқай бермейтiн қалтарыс тұстарына үңiледi. Мәселен, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованы елдiң бәрi бiледi. Сол Мәншүктi бауырына басып, әкесi ретiнде тәрбиелеп-өсiрген Ахмет Мәметовтiң Алашорданың белдi қайраткерлерiнiң бiрi болғаны жөнiнен де жұртшылық едәуiр хабардар. Ал Мақсат бұған қоса Мәншүктiң өз әкесi Жеңсiкәлi жөнiнде де қызықты мәлiметтер ұсынады. Батыр қыздың жақын ағайындарының кейiнгi тағдырынан сыр шертедi.

Студент кезiнде өзi жалдап тұрған пәтердiң иесi Манал кемпiрдiң ауызша дерегi бойынша кейiн оның әкесi, алашордашы Нұғыман Залиевке қатысты қыруар дүниелердi iздеп табады. «Қайбiр жiбектей есiлген мiнезi бар батыс қызының» деп өзi айтқандай, Манал апасына қыстың күнi ақ шұнақ аязда пәтерiнен қуып шыққан қатiгез кейуана деп қарамайды. Асылдың тұяғы, алтынның сынығы, жақсының көзi деп бағалайды оны. Алаш арыстарының бiрi Нұғыман Залиевтiң өмiрiне қатысты тың деректердi ұсына отырып, «Кәбиса жыл» деген мақаласын жазып шықты.

Шәңгерей Бөкеевтiң қолдауымен 1911 жылы жарық көрген «Қазақстан» газетiн шығаруға қаржы берген Әзiрбайжанның мұнай алпауыты, генерал Зейнел-Fабиден Тағиев туралы жазу үшiн Бакуге арнайы сапар шектi. Сөйтiп, ХХ ғасыр басындағы зиялылар өмiрiн зерттеушiлер ғана бiлетiн тегеурiндi Тағиевтiң тұлғасын қалың қазаққа кеңiнен танытты. Бұрынырақта Вена қаласында iссапарда болған кезiмізде Әзербайжан делегациясының өкiлдерiмен әңгiмелесiп отырып, Тағиев туралы сөз қозғадық. Олар: «Сендер оны қайдан бiлесiңдер?» – дедi жұлып алғандай. Мән-жайды естiген әзербайжан бауырларымыз шексiз разылығын бiлдiрдi.

Соғыс жылдарында қазақ жерiне құпия тапсырмамен жiберiлген барлаушы Әлихан Ағаев туралы «Лақап аты – «Ағаев» атты мақаласы елдi елең еткiздi. «Ана тiлi» газетiнiң бiрнеше санына жарияланған осы дүниенi жұрт iздеп жүрiп оқығанын көзiмiз көрдi. 1944 жылы Атырау жерiне түсiрiлген өңкей қазақ жiгiттерiнен құралған десанттар тобының тағдыры, осы құрылымның жетекшiсi Әлихан Ағаевтың қызметi жөнiндегi байлам-байыптамалар ешкiмдi де бейжай қалдырмайтын едi. Қазақтың әйгiлi үш биiнiң бiрiнiң өмiр тарихын өзгеше көзқараспен зерделеген «Әйтеке бидiң мұрасы мен мирасы», Махамбет өмiрiнiң қалтарыс тұстарын бейнелеген «Дулығасыз Махамбет», Алаш көсемi Мұстафа Шоқай тұлғасының жұрт бiле бермейтiн қырларына түрен салған «Шын Шоқай», яһудилiк сананың жай-жапсарын баяндаған «Түркiстаннан табылған Тора» атты зерттеу мақалаларын ұсынып, қалың оқырманға құнарлы рухани азық бердi. Әсiресе, халқымыздың ардақты перзентi Ақселеу Сейдiмбек туралы жазған «Жоқшы iзбен келедi» атты эссесi қара сөзбен жырлаудың үлгiсi болып шықты. Түркi дүниесi масондарының табиғатын танытқан мақалалар сериясы да оқырманды танымдық деректермен байытты. Айта кету керек, Мақсат Тәж-Мұрат – қазақтағы тұңғыш масонтанушы (шетелде масонология – тарих ғылымдарының пәнсаласы ретiнде әлдеқашан дамып кеткен). Бiр сөзбен айтқанда, Мақсаттың мақалалары – ғылым үшiн жаңалық, баспасөз үшiн сенсация.

Iлгерiде КазГУ-дiң аспирантурасында оқып, әрi «Ана тiлi» газетiнiң тiлшiсi болып қызмет iстеп жүргенiнде, алты ай бойы сапарлап, Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Астрахан қалаларындағы мұрағаттарды сүзiп шыққаны бар. Сол мәлiметтерi әлi күнге дейiн жазған-сызған дүниелерiнiң тамырына қан берiп келедi. «Ана тiлi» газетi алғаш ашылған жылдарда тiлдi дамытып, терминдердi қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Шымкенттiк бiр ғалымның қазақ әскери терминдерi туралы кiтабына пiкiр жазып отырып, оның «ұлан» деген ұғымды ұсынғанын көрдi. Соны негiзге алып, «Сиынғаны – иман, сүйенгенi – халық» деп тақырып қойып, әскери атаулар жөнiнде мақала жазды. Көп тiлегi бiр жерге тоғысқан болар, кейiн «ұлан» сөзi «гвардияның» аудармасы ретiнде бекiтiлдi. 80-жылдардың басында Әуезовтiң мұражай-үйiнде өткен Халық университетi дәрiстерiне қалмай қатысқан Мақсат Iсләм Жарылғапов сабағында «цивилизация» атауын «өркениет» деп қазақшалағанын естiп, осы сөздiң өзi қызмет iстейтiнiн «СҚ» арқылы қолданысқа енуiне себепшi болды. Ал ендi қазiр көпшiлiгiмiз қолданып жүрген «ақмылтық журналист» деген тiркес – Мақсаттың төл туындысы. Бұл тiркестi ең алдымен Қайнар Олжай туралы пiкiр бiлдiргенде қолданды. Баспасөз төңiрегiндегi ұғымдарды қазақы оралыммен өрнектейдi, кестелi сөзбен түйiндейдi. Бiз: «Мақаланың нобайы бар», – десек, ол: «Жазар дүниемнiң төсегi салулы», – дейдi. Бiз: «Жазуды уақытша тоқтатамын», – десек, ол: «Соқаны суыратын шығармын», – дейдi. Баспасөздi басқа сөзбен былғамайды. Қалталы баспасөздiң де, балталы баспасөздiң де бақшасына жоламайды. Өз соқпағымен, өз сүрлеуiмен жүредi.

Өскен жерi – кiшi ауыл,
Өнген жерi – үш ауыл...

Жортып жүрiп бiр өзi,
Тындырғаны көп ендi.
Мiнезi ме, мiнезi,
...Оңып тұрған жоқ ендi.
(Журналистiк фольклордан)

Атырауда туды. Алматыда өсiп-жетiлдi. Астанаға ат басын бұрды... Соңғы жылдарда «Қазақ әдебиетi» газетi бас редакторының орынбасары, «Ана тiлi» газетiнiң бас редакторы болған ол кейін «Астана» журналының тiзгiнiн ұстады. Ұлттық мүдденi қалайтын талантты жiгiттердiң елордаға шоғырланғаны дұрыс-ақ. Осындай ойды ақтөбелiк ақын Ертай Ашықбаев та «Астана» журналының бас редакторына хат» деген эксперименттiк өлеңiнде айтып өтедi:

Кейде аспаннан танитын жас тамады,
Iздей ме бiздi көл-көкорай, жаз-құрақ?
Айтайын,
«Астананы» басқарады,
Мысалы, менiң курстасым Мақсат Тәж-Мұрат.

Күрсiнсiн несiне өкпелеп –
Бұған ешқандай қарсы емес жастық-дерек.
Редакторлар Астанаға көп керек,
Астанаға,
Беу, бiраз бастық керек.

Бас редактор «Астана» журналының түр-сипатын өзгерттi. Журналдың бiрнеше қосымшаларын ашып, бiрiнен соң бiрiнiң тұсауын кестi. Жаңа астанадағы жарасымды тiршiлiк туралы ой-тұжырымдарын көркем сөзбен айшықтады.

Қара сөздiң хас шеберi Асқар Сүлейменовтiң «Мiнезсiз адам – мiнезсiз жылқы» деген тұжырымы бар. Бiздiң кейiпкерiмiз де бiр қараған адамға өте тұйық көрiнедi. Өзi ешқашан алдымен ашылмайды. Әлдебiр нәрсенi дәлелдеп көкезу болып жатқандардың әңгiмесiне араласуға да құлықты емес. Әйтпесе, энциклопедия тектес зердесi кез-келген тақырыпта айтысқа түсуге мүмкiндiк бередi. Түрiне қарап айтылып жатқан әңгiмеден мүлде хабарсыз екен деп ойлайсың. Бiрақ бiр-екi ауыз тiл қатысқан соң олай емес екенiне көзiң жетедi. Шешiлiп сөйлеп кетсе, ұзаққа шауып, миыңды су қылып жiберетiн әдетi жоқ. Аз сөйлейдi, дәлелдi пiкiр айтады, соның өзiнде саған қажеттi ақпараттың бәрiн берiп үлгередi.

Басынан артық сөз асырмайды. Намысын ешкiмге таптатпайды. Алда-жалда бiреу-мiреу қытығына тисе, жанартаудай атылады. Сол кезде баяғы «Везувийдiң» екпiнi бiздiң кейiпкердiң жанартауының жалынынан садаға кетсiн. Жалпы, жанартаулар атылған кезде жаңа таулар түзiледi, жердiң қыртысы өзгерiске түседi. Сол секiлдi Мәкеңнiң анда-санда бiрнәрсенi көздегеннен емес, төзбегеннен атылатын жанартауларынан кейiн де айналаның қыртыс-тыртысы ептеп жөнделiп қалады. Содан соң қайтадан томаға-тұйық күйге түседi. «Қартау» деген мақаласында өзi жазғандай, «Ызақор, шая мiнезiм кейiнiрек бiлiндi ғой, ал ол заман топтанып тұрған жанның қасына барып, сәлем беруден именшектейтiн нағыз «антрофоб» едiм» дейтiн кейiпке енедi. Осыдан біраз жыл бұрын намазға жығылды. Сондағы бiр ниетi намазбен келетiн көркем сабырдың көмегiмен жүректi орнықтыру болатын.

Мақсаттың «Лимбус гипоталамус» деп аталатын шығармашылық теориясы оның сыртқы болмысын өзгерте алмады. Содан берi отыз алты жыл өтсе де әлi сол қалпы. «Кәбиса жыл» атты мақаласында өзi бейнелегендей, «Табан аудың көзiне тұрмайтын көксерке сияқты шылтырықтай» кейпiнен көп өзгере қоймады-ау. Қатарластарының бiразы кебеже қарын, кең өңеш, сырнайкөз, төбелтаз, ойма таз, қасқа бас... Ал жасы алпыстан асқан Мәкеңнiң тұла бойында қырым ет жоқ, бiр тал шашы да түспеген. Бәйгеге шабатын тұлпардай жарап тұр. Өзiнiң гипоталамус тұжырымына сүйенiп, уақыт машинасына мiнiп, жиырма бiрiншi ғасырдың жиырма бірінші жылына лезде зырылдап жетiп келген сияқты әсер қалдырады.
«Өскен жерi – кiшi ауыл, өнген жерi – үш ауыл» деп бiр ақын айтқандай, Батыста туды, Жетiсуда жетiлдi, Арқаның төрiне келiп туын тiктi. Сосын Алматысына қайта оралды. Қазір бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысады. «Тыңда, Қастек, Қаскелең!» деп Жамбылша жырлап қойып, Қаскелеңнің төріндегі жайлы қонысында жайғасып алып, ғаламат дүниелер жазып жатыр. Бұйырса, оқитын боламыз әлі...

* * *

Теңдессіз талант Мақсат ағамның туған күні де төбе көрсетіп тұр! Аман жүріңіз! Сонау студент кезімізде-ақ өзіңіз санамызға сіңірген гипоталамус теориясының тұғыры берік болсын!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер