Қазақтың музыкалық аспаптары қашан пайда болған?

25887
Adyrna.kz Telegram

Аннотация. Мақалада қазақ халқының дәстүрлі музыкалық аспаптарының пайда болуы мен қалыптасу жағдаяттары қарастырылған. Отандық «Музыкалық-археологияның» даму кезеңдері, ежелгі әуезді аспаптардың зерттелуі, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған өнер туындыларының ерекшеліктері мен тарихи-мәдени параллельдері тарихи-этнографиялық және археологиялық зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып талданады.

Археологиялық ұқсастықтары ретінде алыс-жақын көрші елдердің территориясынан табылған музыкалық аспаптардың бейне-суреттері мен сызбалары алынған. Зерттеу жұмысының аясында-археологиялық қазба жұмыстарында ішекті аспаптардың жиі кездесетіні және олардың тарихи-хронологиялық мерзімделу нәтижелері анықталады. Сонымен қатар, көне заманның көзі ретінде бізге дейін жеткен музыкалық аспаптардың бүгінгі күні қайта жаңғыртылу үрдістері қарастырылған.

Кіріспе:

Ұлы Даланың көз жетпес кеңістігінде еркін тыныстап, табиғатпен тілдесе отырып, оның зары мен мұңын, қуанышы мен қызығын сыңғырлаған судан, өпкен самалынан, лебінен сезген дархан көңіл қазақ халқының жүрегінде әу бастан-ақ дала үні сыр шерткені анық. Кейде адам баласы өзінің ішкі жан дүниесін ақтарып, сыртқа шығаруда саз әлемімен үн қатады. Музыка – махаббат отына шырмалып, алай-дүлей бұлқынған жүректің де, мұңға батып қайғырған жабырқау көңілдің де тілін тауып, арманға жетелейтін  құпия күш, сәулесін шашқан жарық нұр іспеттес. Бұл сиқырлы саз әлемінің сырын әлі ешкім тұңғиығына батып, толық аша қойған жоқ. Бірақ, адамзат баласы осы саз әлемінің түбіне үңіліп, мән-мағынасын ұғынуға тырысып келеді.

Музыка-адамның жеке дауысынан бөлек, табиғат үнін айнасыз қайталайтын арнайы аспаптар арқылы санаға терең бойлап, «...Құлақтан кіріп, бойды алатын» құдіретке ие. Еуразияның қақ төсінде еркіндікті ту еткен қазақ халқында музыкаға деген құштарлық ерекше екендігін байқау қиын емес. Қазақ фольклорын зерттеуші Г.Н. Потанин бұл жөнінде: «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» - десе, Француз жазушысы Ромен Роллан: «...Қазақта екінің бірі домбыра тартып, ән айтады....», - деп сипаттайды.

Қазақ этнографиясына үңілсек, қазақ халқының музыкалық дәстүрінде табиғи дыбыстарды сүйемелдейтін арнайы музыкалық аспаптардың көптігін көреміз. Музыкалық аспаптар әлемнің басқа аймақтарындағы түрлі аспаптармен техникалық жағынан ғана емес, дыбысталуы жағынан да ортақ үндестіктер табумен қатар, өзіндік ерекшеліктерге де бай. Дегенмен, осы  өнердің түп - тамырына үңілген әрқайсымыздың көкейімізде: «Қай кезден бастап адамзат музыканың сырын ұға бастаған?» немесе «Көне заманда ата-бабаларымыз қандай музыкалық аспаптарды пайдаланған?», - деген заңды сұрақтар туындайды.

Қазақ өнерінде дәстүрлі музыкалық аспаптың түрлері өте көп екендігі белгілі. Ең алғаш пайдаланған музыка аспабының түрін білу әрбір қазақ баласының міндеті деп ойлаймын. Бұл жөнінде Н.Ә. Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз. Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек. Сонымен қатар, фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет», - деп атап өткен.

Зерттелуі;

Көне дәуірдегі музыкалық аспаптардың болғаны туралы ғылыми дереккөздерді көптеп кездестіре аламыз. Оның ішінде жартас бетіндегі суреттер, көне жазба деректер, археологиялық қазба жәдігерлерін ерекше атап айтуымызға  болады. Тіпті музыкалық аспаптардың әлемнің түкпір-түкпірінде табыла бастауы да ғылымда «Музыкалық археология» терминін енгізе бастаған секілді. Музыкалық археология ісіне Кеңес Одағы ғалымдары ішінен алғаш рет көңіл аударған зерттеуші А. Чекотта. Ал, көне дәуірдегі муызкалық аспаптардың мән-мағынасын ашып, олардың кейбір құрылымдық ерекшеліктерін анықтаған ғалымдардың бірі тарихшы және музыка зерттеушісі Н.Ф. Финдейзен. Ал қазақ археологиясында музыкалық аспаптарға қатысты зерттеулер толыққанды емес. Елімізде арнайы музыкалық аспаптардың шығу тегін, қалыптасу үдерісін және олардың тарихи-мәдени генезисін зерттейтін мамандар жоқтың қасы деуге болады. Осыған байланысты этнограф-ғалым, академик Ө. Жәнібековтың: «…Әттең, бізде әуездік археологиямен айналысатын мамандар болғанда, көптеген жаңалықтардың бетін ашуға болатын еді», – деп айтқан сөзі әлі күнге өзінің өзектілігін жойған жоқ.

Археологиялық зерттеулер барысында табылған түрлі жәдігерлердің ішінде музыкамен байланысты аспаптардың болатыны туралы, олардың мүсін тастарда да кездесетіні жөнінде алғаш рет Ә.Х. Марғұлан айтып өткен. Ә.Х. Марғұлан өз зерттеулерінде заттық және рухани мәдениетке бірдей қатысты болып келетін көне музыкалық аспаптар жайлы этнографиялық деректер мен мәліметтерді қоса жинақтаған. Соның нәтижесінде, еліміздегі ең жас, әрі кенже қалған қазақ аспаптану білімінің бір тармағы – аспапты-музыкалық археология саласы белгілі болды. Ғалым өзінің зерттеушілік жолында кездескен көне музыкалық аспаптар мен аспапты-археологиялық ескерткіштер жайлы жазып қалдырған ғылыми жазбалары мен құнды деректері арқылы қазақ аспаптану тарихын толықтыра түсті деп айта аламыз.     Ә.Х. Марғұланның басшылығымен өткен ғасырдың 1950–1960 жылдары жүргізілген Орталық Қазақстан өңірінің «Тасмола», «Жолқұдық» секілді археологиялық қазбалардан аспапты-музыкалық археологияға қатысты болып келетін мұралардың анықталуы - ұлттық аспаптану білімі үшін маңызды болды. Алайда, бұл мұралар қазақ аспаптану ғылымында айналымға түспей, қалып қойған. Себебі, ол кезеңде қазақтың төл мұрасын зерттеп-танитын аспаптанушы-этнолог мамандар шыға қоймағандығы еді. «Тасмоланың» ежелгі қоныс орнына жүргізілген қазба жұмысы нәтижесінде б.з.д. VII–V ғғ. жататын, мүйіз бен сүйектен жасалған бірнеше нұсқадағы үрлемелі сыбызғылар, ысқырықтар мен бұғышақ аспаптары табылған. Көне дәуірлік бұл аспаптардың анықталуы үрлемелі аспаптар жайлы осы кезге дейін айтылып келген пікірлерге түбірімен өзгерістер әкелетін секілді. Мысалы, мүйізден жасалған бұғышақтың іші қуыс, жалғыз дыбыс ойық көлденең салынған. Бұл бұғы секілді жануардың ұзынша болып келген мүйізінен жасалған бұғышақтың ең көне нұсқасы. Ал, сыбызғылар екі, үш және төрт дыбыс ойықты болып келсе, ысқырыққа екі және жалғыз дыбыс ойық салып жасалған. Мұндай мысалдар әлемдік аспаптану ғылымы тарихында сирек те болса кездесетін жәйт [1, Б. 45-46.]. Осы «Тасмола» қазбасынан біздің заманымызға дейінгі VII–VI ғасырларға жататын шулы-сылдырлы қоңырау аспаптарының анықталуы да қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарының терең тарихын айғақтай түсті. Бұл аспаптар қоладан тұрқы сопақша, кейде тік бұрышты етіп, ішіне шағын сылдырмағы салып жасалған. [2, С. 122-130].

Тарихи-мәдени параллельдері;

Қарастырған мәліметтердің ішінде музыкалық аспаптар бейнесі алғаш жартас суреттерінде кескінделгенін байқап отырмыз. Көне жартас бетіндегі суреттерді зерттеушілер, түрлі бейнелердің арасында музыкалық аспапқа ұқсайтын кескіндемелердің кездесетінін айтады (Сурет 1). Мәселен Норвегия жеріндегі кейінгі тас дәуірі және мезолиттің басымен мерзімделетін Комса мәдениетіне тән жартас суреттерінде музыкалық аспапқа ұқсайтын зат ұстаған адамдардың пішіні кескінделген [3]. Зерттеушілер бұл бейнелердегі аспаптың қай түрі екендігін әлі толық аша алмағанымен, адамзат тарихында музыка өнерінің өте ерте кезеңдерден-ақ бірге жасасып, дүниетанымында және өнерінде орын алғанын айтады.

Таңбалы тас петроглифтер кешеніндегі «Күнбасты» өгіз мінген адам бейнесінің Халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің символына айналуы да кездейсоқ жағдай емес секілді. Әрине, бұл жерден белгілі бір сакральды болмыс іздеуден аулақпын, дегенмен тарихи үндестік бар секілді.

Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, «Алтынемел» ұлттық саябағында орналасқан Шолақ тауының Тайғақ шатқалындағы петроглифтерде ортағасырмен мерзімделетін композиция кездескен. Онда адамдардың екі тобы бейнеленген. Бірінші топта қолдары жоғары көтерілген ұжымдық би сәті бейнеленсе, екінші топта қолдарына шекті музыкалық аспап ұстаған адамдар бедерленген. Сипатталған композиция ерте ортағасырдағы түркілердің бізге белгісіз музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен орындалатын ғұрыптық жосынын көрсетеді [4, С. 23-27].

Алатаудың шығыс сілемдеріне жалғасатын Қарақыр тауындағы жартас беттерінде көне музыкалық аспапқа ұқсас кескіндер анықталған. Зерттеуші С.А. Потапов жартас бетіндегі суреттерді қола және ерте темір дәуірімен мерзімдей отырып, келесі бір сюжетке ерекше тоқталады. Онда керілген сым тәріздес кескін үлкен пішінде салынып, сол жағында түйе, оң жағында жатқан адамның бейнесі суреттелген. Зерттеушінің пікірінше бұл қола дәуірінің өзінде-ақ шертпелі немесе қобызға ұқсас шекті аспаптың болуы мүмкін екендігін алға тартады [5, С. 44-49](Сурет 2).

1983 жылы Қытайдағы Хэнань провинциясында орналасқан көне жерлеу орынынан құстың түтікшелі сүйегінен жасалған сыбызғы тәріздес музыкалық аспап табылған (Сурет 3). Ғалымдар құс сүйегін археозоологиялық және остеометриялық зерттеулерге сүйене келе аққуға тиесілі болуы мүмкін деген тұжырым жасаған. Сыбызғы тәріздес музыкалық аспаптың ұзындығы 8 дюйм (шамамен 20,3 см) құрайды. Қарапайым әрі дөрекілеу жасалған бұл аспапты Қытай археологтары б.з.д. 7500 жыл бұрын жасалған деген тұжырым жасаған. [6, С. 45-48].

Тарихи аңыз-әңгімелер мен жазба деректерде көне заманда-ақ бабаларымызда музыка өнері жетіліп, тіпті ол өнерді көрші елдер де тамашалап, тәнті болғандығы туралы айтылады. Көне Қаңлылардың мәдениетінде ән-би өнерінің ерекше дамығандығын Қытай ақыны шығарған өлеңінен байқаймыз. Қаңлы қыздарының «Арыстан» биіне арнап қытайдың Таң дәуіріндегі классик ақыны Бай Жуши «Биші бикеш» атты өлең жазған. Өлеңнің мазмұны төмендегідей:

«Биші бикеш ойқастап,

Оңға-солға бой тастап,

Жауған қардай қалықтап,

Құйындай құйғып шарықтап,

Мүдіруді білмеген,

Бұрала, толқып билеген.

Келіпті бикеш Қаңлыдан,

Алты айшылық арыдан,

Жарыса зырлап күйменен,

Көңілі толқып күйменен.

Бидің биік сарасы,

Әлемде жоқ бағасы,

Қол жеткісіз асылға,

Әркімнің бар таласы.

Алқа-қотан айналды,

Жұрттың төре қарасы» [7].

Қытайлық қаламгер Лу Ян б.з.д. ІІ ғасырда Жан Чянь патшалығының астанасы Чаң Ань қаласына Кусаннан қобыз, барабан, били (түтікшелі музыка аспабы), пипа (бес ішекті аспап) секілді музыка аспаптарын ала барған [8]. Бұл мәліметтерден біз қаңлы елінде бұдан 3-4 мың жыл бұрын прото-қобыз аспаптарының болғандығын байқаймыз.

Елімізге белгілі ортағасырлық маман, археолог, профессор У.Х. Шалекенов 1978 жылы Жамбыл облысының көне Тараз қаласының орнында қазба жұмыстарын жүргізген  кезде «Дүңгіршек» музыкалық аспабын тапқан [9, Б. 133-138]. Бүгінде аталған жәдігер Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музей қорында сақтаулы (Сурет 4-5).

Түркістан облысына қарасты Қожа Ахмет Яссауи кесене аумағында орналасқан шығыс моншаның оңтүстік-шығыс жағынан 40 м, «Мүсәллә» қақпасынан 80 м қашықтықта ортағасырлық Күлтөбе қалашығына 2019 жылы жүргізілген зерттеулер барысында музыка әлеміне айтарлықтай жаңалық әкелген ерекше бұйымдар тапқан [10, Б. 50-54]. Қазба барысында табылған көптеген жәдігерлердің ішіндегі ең қызықтысы - саз балшықтан жасалған ысқырықтар. Түр-сипаты бойынша қазақ халқының сазсырнай аспабына өте ұқсас. Қазақстан аумағынан мұндай сазсырнайға ұқсас аспаптар бұған дейін де, 1971 жылы Отырар қаласының орнынан табылғаны белгілі. Ол жәдігер бүгінде Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде сақтаулы. Дегенмен, аталған ысқырық тәріздес аспаптың құрылымына қарап, оның музыкамен байланысы бар деген пікірге күмәнмен қарағандар: «Бұл жәдігер дәрі құятын құты болуы мүмкін, құрылымы аспапқа аса келмейді, тым қарапайым» ,- деген  пікір айтады. Десе де, жәдігерді тапқап археологтар дәрі құятын құтының көлемі- табылып отырған саз аспаптарға қарағанда үлкенірек екенін және медициналық қажеттілік заттары көбіне монша маңынан табылатынын ескере отырып, қазба барысында табылған саз бұйымдар – үрмелі музыкалық аспап деген тұжырым жасайды [10, Б. 50-54.].

Б.з.д. VI – IІI ғасырлармен мерзімделетін Алтайдағы пазырық обаларының ішінде №2 Пазырық обасынан екі түрлі музыкалық аспап табылған (Сурет 6-8). Оның бірі соқпалы аспап болса, екіншісі ішекті аспап жұрнағы. Ішекті аспап бүтін ағаштан ойып жасалып, жануардың терісімен қапталған. Археолог ғалым С.И. Руденко аталған музыкалық аспаптың шертпелі аспап түріне жатқызған [11, С. 97-109].

2012 жылы Қазақ Алтайындағы ерте түркілік Қарақаба қорымына зерттеу жүргізген З.Самашев, қорымдағы обалардың үшеуінен көне музыкалық аспаптардың жұрнақтарын тапқан [12, С. 280-292].

Аталған қорымның №11 обасына жерленген мәйіттің жанына ағаштан жасалған, мойыны ұзын келген музыкалық аспап анықталған. Аспаптың жалпы ұзындығы 63 см. Негізгі денесі жазық келген, бес бұрыш пішінінде жасалған. Мойынының аяқталар тұсында үш дана бұрап, дыбысын реттейтін құлақ тәріздес зат сақталған (Сурет 9). З.Самашев мұны музыкалық аспаптың ішегі келіп байланатын әрі үнін реттеуге арналған құлағы болуы мүмкін деген пікір айтады.

№12 обаны зерттеу барысында, жауынгер мәйітінің жанынан ағаштан жасалған музыкалық аспап табылған. Жалпы ұзындығы 70 см-ге жуық. Аспаптың мойыны бітер тұста екі құлақ сақталған. Денесі дөңгелек пішіндес, ортасы ойыс болып келген. Денесінің аяқталар тұсында ішекті ілетін ілмек тәріздес зат сақталған.

№4 обаны зерттеу барысында жерленген мәйіттің сол қолының тұсынан ағаштан жасалған, мойынының аяқталар тұсында ішекті ілуге арналған құлағы бар музыкалық аспап табылған. Аспап нашар сақталғандықтан, толық сипаттамасы жасалмаған. Сонымен қатар ағаш бұйымның басын қаптаған темір қаптамада екі адам бейнеленген. Оның оң жағындағысының қолында музыкалық аспапқа ұқсас зат көрсетілген. Суреттегі пішінге қарап, домбыра тәріздес аспап екендігін анықтау аса қиын емес.

Байқап отырсақ, ерте түркі дәуірімен мерзімделетін Қарақаба қорымында материалдары бір-біріне ұқсас, бірақ жасалу тәсілі мен құрылымы және пайдалану механизмдері бойынша өзара айырмашылықтарға ие.  З.Самашев бұл материалдар кешенін талдай келе, шаманизм белгісінің жоқтығын, жерленген адамдардың қоғамның жауынгер тобынан екендігін алға тартып, ерте түркі мәдениетіндегі рухани өмірдің өнерімен байланысты  деп болжам жасайды.

Жалпы ортағасырларға тән музыкалық аспаптар (бұл жерде ішекті аспаптар сөз болып отыр – Т.А.) Моңғолия территориясынан және Украина жерінен де табылған (Сурет 10-11.). Украина жеріндегі Днепр өзенінің сол жағалауында орналасқан қыпшақ (половшылар) дәуірімен мерзімделетін ескерткішке 1980 жылдары жүргізілген зерттеу жұмысы кезінде қобызға ұқсас музыкалық аспап табылған [13, С. 275-284].

2018 жылы Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану әдістемелік ғылыми кеңестің шешімімен «Хорезм экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулер тарихы» атты кітап-альбом дайындау қолға алынып, жоба бойынша РФ Шығыс музейінде, ал бір бөлігі Мемлекеттік тарихи музейінде және Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнология және артропология институтының қорындағы Сыр өңірінен табылған жәдігерлер бойынша ғылыми іс сапарлар ұйымдастырылған [14, Б. 34-37]. Нәтижесінде көптеген материалдық мәдениет туындылары анықталған. Бір қызығы, тарихи жәдігерлердің ішінде бірнеше муызкалық аспап та кездескен. Жоғарыда аталған институт қорында сақтаулы тұрған ағаш бұйым 1973 жылы Бидайық-асар қалашығының төртінші бекіністі дәлізбен оның баспалдағынан, ІІ құрылыс кезеңінің 9 мәдени қабатынан табылған [15]. Оның сақталған үлкен фрагментінде бірнеше жануарлардың суреті анықталған (Сурет 12-13.). Отандық мамандардың зерттеулері нәтижесінде 1973 жылы Бидайық-асар қалашығынан табылған ағаш бұйым «Қос мойынды» немесе «Қоссаз» домбыраның ата-тегі екені анықталып отыр.

Жалпы лингвистикалық бағыттағы зерттеулерге сүйенсек, Еуразия даласында ішекті домбыра аспабы мол тарағанын көрсететін тілдік деректер бар екендігін көреміз. Қазақ, қарақалпақ, ноғай халықтарында – домбыра, тувада – дамбыра, қырғызда – дүңгір, түркіменде – тамдыра, өзбекте – тамбур, орыста – домра, ауғанда – дамбура, иракта – тунбур, монғол тектес халықтарда – домбыр, буряттарда – домбыр, қалмақтарда – дүңгірмә деген атаулармен кездеседі. Бұл атаулардың осылай қалыптасуы – домбыра аспабы еуразия халықтарының ортасына қаншалықты дәрежеде таралғандығын көрсетеді. Бүгіннің  еншісіне көне музыкалық аспаптарды зерттеу барысында, табылған музыкалық аспаптарды негізге ала отырып, оларды қайта қалпына келтіру, немесе реконструкциясын жасау қажеттілігі туындап тұр. Бұл - тарихшылардың, археологтардың, аспаптанушы өнерпаздардың, музыкалық аспап жасаушы шеберлердің қатысуымен іске асатыны ақиқат. Әрбір сала мамандары ортақ зерттеуді әр қырынан қарап, оның толық нұсқасын қалпына келтіруге ат салысса, септігі мол болары сөзсіз. Аспаптың байырғы пішінін қайта қалпына келтіру арқылы, оның тұла бойына жан бітіру - біздің ата-бабаларымыз қолданған музыкалық аспаптарының көне, табиғи  сазды қоңыр үнін қайта жаңғыртудың бірден-бір жолы.

Қорытынды;

Тарихи-этнографиялық және археологиялық деректерді талдау барысында анықталған мәліметтерді саралай келе, көне аспаптардың ішінде кең таралғаны және ең көне түрлерінің біріне - ішекті аспаптардың жататынын байқап отырмыз. Жалпы қазақ жеріне, еліне  тән музыкалық аспаптар қола дәуірінен бастау алатын секілді. Мұны жартас бетіндегі суреттер дәлелдейтінін жоғарыда атап өттім. Темір дәуірінде қаңлыларда бес ішекті аспаптың болғанын жазба деректер көрсетіп отыр. Сақ тайпаларында да ішекті асаптардың қолданылғанын Алтайдағы Пазырық обаларынан табылған жәдігерлерден көре аламыз. Бұл пікірімді Сармат обаларынан табылған екі ішекті музыкалық аспабы да дәйектей түседі. Ерте түркі кезеңімен мерзімделетін ескерткіштерден қобыз немесе арфаға ұқсас музыкалық аспаптардың табылуы - алғашқы музыкалық аспап нұсқаларының жетілгенін көрсетеді. Ортағасырларда ағаш аспаптармен қатар қыштан жасалған аспаптар да қолданысқа енгені байқалады. Қыпшақ заманында домбыра тәріздес ішекті аспаптардың қоданыста болғанын археологиялық зерттеулер көрсетіп отыр. Кейінгі ортағасырларда бүгінгі біздің қолданып жүрген музыкалық аспаптарымыздың прототиптері болғаны анық. Сонымен, қазақтың музыкалық аспаптары өзінің бастауын өте тереңнен, біздің жыл санауымызға дейінгі 1-ші мыңжылдықтар дәуірінен алатынын көріп отырмыз. Бұл ата-бабаларымыздың музыкаға деген құрметінің, дала үнімен ғасырлар бойы бірге үндесіп келе жатқанын көрсетеді. Өкінішке орай қазіргі заманауи көзқарастар, қазақтың төл өнеріне деген құрмет пен қызығушылықтың төмендеуі - бірқатар келеңсіздіктер туғызатыны анық. Осындай олқылықтардың орынын толықтыруда рухани құндылықтарымызды материалдық мәдениетімізбен астастырып, бір ой-шеңберінің аясында қарастыру маңызды болып табылады. Дәстүрлі қазақ өнерінің мыңдаған жылдар бойы санамызға сіңіп, жүрегімізде сақталған үнін естумен қатар, оның пайда болуы мен қалыптасу тарихын білу- әрбір қазаққа міндет.

Әдебиеттер:

Мирзабекова А.Ү. Ұлы дала төсінде сақталған аспапты археология // Археологиялық қазба жұмыстарынан табылған көне музыкалық аспаптар: жиналу және зерттелу мәселелері: Халықарал. ғыл.-тәжіриб. конф. Материалдары. – Алматы, «Ғылым ордасы», 2019. 188 бет. + 27 б.

Пагин В.А. Источники по изучению древних и средневековых музыкальных инструментов // Ежегодник финно-угорских исследований. История, археология, этнография.  Том 10 № 1. 2016. – С. 122-130.
Шумкин В.Я. Этапы освоения Северо-Запада Европейской Арктики. –Тюмень:ИПОС СО РАН. – 2015. – 369 с.
Байтенов Э.М., Исабаев Г.А., Еспенбет А.С., Байтенов М.М. Символы, знаки и надписи в ущелье Тайгак хребта Чулактау // Архитектура и дизайн. № 3 (61), 2016. – С. 23-27.
Потапов С.А. Новые петроглифы в горах Кара-Кыр // Известия НАН РК. Серия общественная. 2009. №1. – С. 44-49.
Черненко Д.Самые древние музыкальные инструменты найдены в Китае // Тайны истории. – Москва, 2013. – С. 45-48.
Тасболатұлы Б. Қаңлы ғұламалары // Ана тілі газеті. 19.09.2013 ж.
Тасболатұлы Б. Қаңлының ағаш арбасы // http://kangly.kz
Сулейменов А.Б. Археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған қазақ халқының музыкалық аспаптары // Археологиялық қазба жұмыстарынан табылған көне музыкалық аспаптар: жиналу және зерттелу мәселелері: Халықарал. ғыл.-тәжіриб. конф. Материалдары. – Алматы, «Ғылым ордасы», 2019. 188 бет. + 27 б. – Б. 133-138.
Шохаев Қ.А., Қожахан Ж.Н., Ибадуллина Н.Қ. Күлтөбе қаласынан табылған сазсырнайлар // Археологиялық қазба жұмыстарынан табылған көне музыкалық аспаптар: жиналу және зерттелу мәселелері: Халықарал. ғыл.-тәжіриб. конф. Материалдары. – Алматы, «Ғылым ордасы», 2019. 188 бет. + 27 б. – Б. 50-54.
Руденко С.И. Культура Алтая времени сооружения пазырыкских курганов // КСИИМК. Вып. XXVI. 1949. – С. 97-109.
Самашев З.С., Чотбаев А. Древнетюрский воин-музыкант из Казахского Алтая// Средневековая городская культура и кочевая цивилизация бассейна реки Урал. – Уральск, Грант, 2012. – С. 280-292.
Вертков К. К вопросу об украинской кобзе // Проблемы музыкального фольклора народов СССР. – Москва: «Музыка», 1973. – С. 275-284.
Тәжекеев Ә.Ә. Біздің дәуіріміздің IV ғасырымен мерзімделетін «қоссаз» домбыра // Археологиялық қазба жұмыстарынан табылған көне музыкалық аспаптар: жиналу және зерттелу мәселелері: Халықарал. ғыл.-тәжіриб. конф. Материалдары. – Алматы, «Ғылым ордасы», 2019. 188 бет. + 27 б. – Б. 34-37.
Левина Л.М. Этнокультурная история Восточного Приаралья. – Москва: Изд. фирма "Восточная литература", 1996. – 396 с.

ҚОСЫМША

Тұрсынбекова Ақжарқын

№6  мектеп - гимназия

Қазақ  тілі мен  әдебиеті  

пәні  мұғалімі

Алматы  қаласы

Пікірлер