Жошы ұлысының мемлекеттік билігіне арналған халықаралық конференция өтті

104
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/3MAUjU8I0aR7BamcwZEAE9hcJr5SwiI8IBe3QNZD.jpg

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Жошы ұлысының тарихына қатысты конференция өткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Екі ЖОО бірлесе ұйымдастырған «Ресми жазбалар негізінде Жошы ұлысының мемлекеттік билігі және тарихи жады» атты халықаралық ғылыми конференция және кітап таныстырылымы Алматы қаласында өтті. Іс-шара академиялық қауымдастық тарапынан жоғары қызығушылық тудырып, кең ауқымды қатысумен ерекшеленді.

Конференцияның ашылуында Еуразия ғылыми-зерттеу институты директоры, доктор, доцент Суат Бейлур, Түркия Республикасының Қазақстандағы Алматы қаласындағы Білім атташесі Шүкір Көсе, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы директоры Ғазиза Құдайбергенова және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев құттықтау сөз сөйледі.

Ғылыми жиынға шетелдік және отандық зерттеушілер қатысты. Атап айтқанда, Мармара университеті профессоры Ілияс Кемалоғлы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Нұрлан Кенжеахмет, М.А. Усманов атындағы зерттеу орталығы өкілі, ғылым докторы Ильнур Миргалеев, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Фәкия Шамшиденова, Йылдыз техникалық университеті профессоры Мелек Өзйетгин, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілі Қайрат Қайполла және Еуразия ғылыми-зерттеу институтының доценті Бекарыс Нұриман баяндама жасады.

Баяндамаларда Жошы ұлысы мемлекетінің сыртқы саясаты, ярлықтар жүйесі, әкімшілік-құқықтық құрылымы, дипломатиялық жазбалардың тілдік ерекшеліктері, сондай-ақ Алтын Орда кезеңінен Қазақ хандығына дейінгі құқықтық сабақтастық мәселелері жан-жақты талқыланды.

Іс-шара аясында Жошы ұлысына қатысты ресми жазбалар атты кітаптың қазақ тіліндегі аудармасының таныстырылымы өтті. Сарапшылар бұл еңбекті ортағасырлық мемлекеттік басқару дәстүрін, құқықтық мәдениетті және тарихи сабақтастықты зерттеуде маңызды дереккөз ретінде бағалады.

Возможно, это изображение один или несколько человек и текст

 

Комментарии