Психологтар мемлекеттік тіркеуге алынады

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ZWscjtjXOIJGQ79bSgQY8VxkBRHbFkzqvoPgo3Vs.jpg

Елімізде психологтардың қызметін реттейтін дербес заң пайда болады. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бүгін, 8 сәуірде депутаттар «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат саладағы құқықтық базаны қалыптастыруға және психологиялық көмектің қолжетімділігі, сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Заң жобасы аясында саладағы негізгі ұғымдар айқындалады. Атап айтқанда, «психолог», «психологиялық қызмет», «ақпараттандырылған келісім», «психологиялық көмектің сапасы», «кәсіби құпиялылық» сияқты түсініктер енгізіледі. Бұл ретте құжаттың қолданыс аясы медициналық қызметке таралмайтыны нақты көрсетілген.

Заң жобасының негізгі мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен психологиялық жағдайын жақсарту. Сондай-ақ заңдылық, еріктілік, құпиялылық, кәсіби құзыреттілік, ғылыми негізділік және зиян келтіруге жол бермеу қағидаттары белгіленген.

Мақұлданған заң жобасында психологтардың біліміне, қайта даярлауға және біліктілігін растауға қойылатын талаптар белгіленеді. Олар міндетті түрде мемлекеттік тізілімге енгізілуі тиіс. Сондай-ақ кәсіби даярлық пен қайта даярлау талаптары жүйеленіп, кемінде бес жылда бір рет біліктілікті арттыру міндеті қарастырылған.

Заң жобасында психологтардың құзыреттері мен қызмет мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайтын кәсіби стандартқа қатысты нормалар енгізілген.

Бұдан бөлек, заң жобасында психологтардың құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Олардың қатарында этикалық нормаларды сақтау, ақпараттандырылған келісім алу, құпиялылықты қамтамасыз ету, кәсіби құпияны сақтау және клиенттің келісімінсіз ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеу талаптары бар.

Құжатта психологиялық көмек алушылардың құқықтары да айқындалған. Атап айтқанда, маманды таңдау, толық ақпарат алу, көмектен бас тарту, өз құқықтарын қорғау және шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі қарастырылған.

Сонымен қатар медициналық қызметті жүзеге асыруға және дәрілік ем тағайындауға тыйым салынады. Бұдан бөлек, психологиялық қызмет туралы жалған ақпарат таратуға және қызмет нәтижесіне кепілдік берілетінін мәлімдеуге жол берілмейді.

 

Комментарии