Алтыншы мәрте. "Сұңқарды" сынау тағы да кейінге шегерілді

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/cYdw7addVH1brc5lbECoPgTHX03oAfGzE5jRZ3gl.jpg

«Сұңқар» зымыран тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы 13–16 сәуір аралығында жүзеге асырылуы мүмкін, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.

4 сәуірге жоспарланған ұшырылым қосымша техникалық тексерістер жүргізу қажеттілігіне байланысты кейінге шегерілген. Қазіргі уақытта старттық кешен мен зымыран жүйелері толық тексеріліп жатыр. Барлық ескертулер жойылған соң, нақты ұшыру күнін мемлекеттік комиссия бекітеді.

Айта кетейік, зымыранды алғаш рет 27 наурызда ұшыру жоспарланған еді. Содан бері алтыншы мәрте шегеріліп отыр. Алайда техникалық себептерге байланысты мерзім бірнеше рет кейінге қалдырылды. 31 наурыз күні «Сұңқар» зымыраны пайдалы жүктеменің макетімен бірге монтаждау-сынақ корпусынан старттық алаңға шығарылып, тік күйде орнатылды.

Зымыран ұшатын "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешені – Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы. Байқоңырдағы №45 ұшыру алаңы негізінде жасақталған жоба экологиялық таза отынмен жұмыс істейтін зымырандарды ұшыруға арналған инфрақұрылым құру мақсатын көздейтіні айтылады. Жоба 2004 жылы басталып, 2005 жылы сол кездегі президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің қатысуымен ресми түрде іске қосылған болатын.

Айта кету керек, Ресейде — «Союз-5», Қазақстанда «Сұңқар» аталатын бұл алып құрал — орта класты, екі сатылы зымыран. Ол экологиялық қауіпсіз отын — нафтил мен сұйық оттегін пайдаланады. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, Қазақстанның ғарыш саласындағы әлеуетін арттырып, халықаралық ұшыру нарығындағы орнын күшейтуге мүмкіндік береді деп хабарланған.

Бұған дейін ресейлік БАҚ-тың зымыран атауына қатысты пікір жариялаған едік. Ал былтыр Байқоңырдағы Гагарин старт алаңының орнынан көне өркениет ошағы табылғаны хабарланған болатын. 

Комментарии