Үздік оқырмандар анықталды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/dkzbO23FJVIXIGp6jVYMGbJa81xot1dOdwBN7XjK.jpg

Абай кітапханасында Ұлттық кітап күні және Кітапханашылар күні аясында «Үздік оқырман – 2026» салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Биылдан бастап Қазақстанда Кітапханашылар күнін атап өту тәртібіне өзгеріс енгізіліп, кәсіби мереке 23 сәуірге белгіленді. Бұл күн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күнімен сәйкес келеді. Мерекелердің бір күнге тоғысуы олардың қоғамдық және мәдени маңызын арттыра түспек.   

Аталған мерекелер аясында ұйымдастырылып отырған іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және кітапхана оқырмандарын ынталандыру.

Салтанатты рәсім барысында кітапхана саласының дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер Жанар Абишева мен Аружан Кабдолдаеваға Абай кітапханасы директорының алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, кітапхананың үздік оқырмандары да марапатталып, құрметке ие болды.  

Мерекелік кеште ҚР Мәдениет саласының үздігі Саяхат Тұрлыбеков, ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Семей филиалының әншілері Серікбол Сейілханов, Баян Ибраева, Дарын Асқарұлы және «Аманат» бишілер тобы өнер көрсетіп, кештің мәні мен мазмұнын арттырды. Сондай-ақ, шара қонақтарының арасында интеллектуалды ойын ойнатылып, оқырмандардың мерекелік көңіл күйлері еселене түсті.

Іс-шараға Семей қаласының колледж кітапханашылары, оқырмандар, студенттер және қала тұрғындары қатысып, кітап пен руханият тоғысқан мерекелік кештен көңілді тарқасты.

Рима Қанапияқызы,

Абай атындағы облыстық әмбабап кітапханасы,

Дамыту бөлімінің басшысы

Комментарии