Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысы елде электр энергиясын өндіру мен тасымалдау жүйесін кеңейтуге арналған бес жылдық жоспарды бекітті. Бұл туралы қозғалыс үкіметі басшысының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Абдул Ғани Барадардың кеңсесі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі RTA.af-ға сілтеме жасап.
Жоспар бұған дейін тәліптердің экономикалық комиссиясында мақұлданған болатын. Енді оны қозғалыстың жоғарғы жетекшісі Хайбатулла Ахундзада да бекітті. Бағдарлама энергетика саласын дамытуға, экономикалық өсімді қолдауға және импорттық электр энергиясына тәуелділікті азайтуға бағытталған. Мәлімдемеде құжаттың электр қуаты тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешуге арналғаны атап өтілген.
Жоспарға жергілікті ресурстарды пайдалану арқылы электр энергиясын өндіретін 25 жоба енгізілген. Олардың қатарында су электр станциялары, күн және жел энергетикасы, сондай-ақ көмір негізіндегі электр өндірісі бар. Сонымен қатар құжатта электр желілерін кеңейтуге арналған 13 жобаны аяқтау және 23 жаңа жобаны іске қосу қарастырылған.
Бұдан бөлек, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту аясында 21 қосалқы станцияның құрылысын аяқтау, тағы 21 жаңа қосалқы станция салу және электр энергиясын таратуға қатысты 34 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Алайда «Талибан» ресми мәлімдемесінде бағдарламаның жалпы құны, қаржыландыру көздері, күтілетін өндірістік қуат көлемі және жобаларды іске асыру кестесі туралы нақты ақпарат берілмеген.
Ауғанстан әлі күнге дейін көрші елдерден жеткізілетін электр энергиясына айтарлықтай тәуелді. БҰҰ Даму бағдарламасының маусым айындағы дерегіне сәйкес, ел тұтынатын электр энергиясының шамамен 80 пайызын импорттайды. Оның 90 пайыздан астамы Орталық Азия мемлекеттерінен, қалған бөлігі Ираннан жеткізіледі.
Соңғы энергетикалық есептерге сәйкес, Ауғанстанның ішкі өндірісі шамамен 250 МВт болса, импорт көлемі Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ираннан келетін 800 МВт-қа жуық электр энергиясын құрайды.
Ауған энергетиктерінің бағалауынша, ішкі сұранысты толық қамтамасыз ету үшін елге 6000–7000 МВт электр қуаты қажет. Өнеркәсіптік белсенділік айтарлықтай артқан жағдайда бұл көрсеткіш 10 000 МВт-қа дейін жетуі мүмкін.
Соңғы жылдары «Талибан» бірнеше ірі энергетикалық жобаны жариялағанымен, олардың көбі әлі құрылыс кезеңінде немесе іске асырудың бастапқы сатысында тұр. Жуырда Ауғанстанның ұлттық энергетикалық компаниясы жалпы жоспарланған қуаты 1820 МВт болатын 17 электр өндіру жобасы бойынша келісімшарттарға қол қойылғанын хабарлаған еді. Бұл жобаларда да су, күн, жел энергиясы мен көмір ресурстары пайдаланылмақ.
Выступление Главы государства Касым-Жомарта Токаева на открытии первой сессии Парламента Республики Казахстан VII созыва
