Дау емес, диалог: Көкшетауда медиацияның маңызы талқыланды

160
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/wmhc0JAjrW8h0e13qGPSGSn8kV17jhnudNuVlhSe.jpg

Көкшетауда Медиация күніне орай Ақмола облысы Медиация кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында медиацияның қоғамдағы рөлі, дауларды бейбіт жолмен шешу және этносаралық келісімді нығайту мәселелері талқыланды.

Жиынды ашқан «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Қуаныш Шақшақов медиацияның қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, келісім – көпэтносты қоғамдағы сенім мен өзара құрметтің негізі.

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев медиацияны тек дауды шешу құралы емес, қоғамдағы қарым-қатынасты реттейтін маңызды тетік ретінде бағалады. Оның сөзінше, дауды ушықтырмай, дер кезінде шешу – өркениетті қоғамның белгісі.

Кеңес төрағасы Гүлнар Мәдиева өңірдегі медиация жұмысына тоқталды. Қазіргі таңда облыста 18 медиация алаңы жұмыс істейді. Онда 10 медиатор, оның ішінде 6 кәсіби және 4 қоғамдық медиатор қызмет көрсетеді.

Жыл бойы «Елдесу және тілдесу» жобасы аясында кәсіпорындар мен білім беру ұйымдарында кездесулер өткізілген. Атап айтқанда, «Kazrost Engineering Ltd», «Гормолзавод», «Қазпошта» сияқты ұйымдарда келісім мәдениетін насихаттауға бағытталған шаралар ұйымдастырылған.

Кеңес мүшелері Герихан Яндиев, Қанат Шегетаев, Гүлмира Ешанова медиацияның қылмыстық істерден бастап атқарушылық өндіріс кезеңіне дейін қолданылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ олар этносаралық қатынастардағы түсініспеушіліктердің алдын алуда медиацияның рөлі жоғары екенін жеткізді.

Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Болат Зәкенов келісім мәдениетін қалыптастыру қоғам үшін маңызды міндет екенін айтты. Оның пікірінше, түсіністік – тұрақтылықтың негізі.

Жиын қорытындысында медиация институтын дамыту және алдын алу жұмыстарын күшейту бойынша ұсыныстар айтылды.

Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі қоғамда медиация тек құқықтық құрал емес, ол – қоғамдық келісімді нығайтудың тиімді тәсілі. Себебі қазіргі уақытта қоғамға ең қажеттісі – дау емес, диалог.

Комментарии