Ресей басып алған қала халқы эвакуацияланды

247
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Kwc9bFYjbDUgOAr9kmg6DXYKy4As04ZTdujrNG04.jpg

Украинаның Херсон облысындағы Ресей бақылауындағы Алешки қаласында гуманитарлық миссия аяқталды, деп хабарлайды “Адырна”.

Қала тұрғындарын эвакуациялау кезінде 750 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Ресейдің адам құқықтары жөніндегі уәкілі Яна Лантратованың мәлімдеуінше, эвакуация 30 қазанда аяқталған. Оның айтуынша, Украина бақылауындағы аумаққа оралғысы келген тұрғындарға осындай мүмкіндік жасалған.

Украина жоғарғы радасының депутаты Давид Арахамияның хабарлауынша, эвакуацияланған азаматтар мен украиналық делегация алдымен Ресейдің Анапа қаласына жеткізілген. Одан кейін олар ұшақпен Беларуське, ал одан әрі автобуспен Украина аумағына оралады.

АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында 25 автобуспен 750 адам эвакуацияланғанын жазды. Украина омбудсмені Дмитрий Лубинец мұндай гуманитарлық миссиялар алдағы уақытта да жалғасады деген үміт білдірді.

Алешки — Днепр өзенінің сол жағалауында орналасқан, Ресей әскері басып алған қала. Соғысқа дейін мұнда шамамен 24 мың адам тұрған. Қазір қалада 1 700–2 000 тұрғын қалғаны айтылады. Олардың арасында балалар да бар.

2023 жылғы маусымда Каховка су электр станциясының қирауынан кейін қала аумағын су басып, инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келген. Соның салдарынан ауызсу мен азық-түлік тапшылығы күшейген. Соңғы айларда қалада гуманитарлық дағдарыс ушығып, тұрғындардың күнделікті тіршілігі қиындаған.

Комментарии