Қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – білім беру процесіне қатысушылардың барлығына, соның ішінде мектепте қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.
Мектеп балалардың күнделікті өмірінде маңызды рөл атқарады әрі оқу бағдарламасы оларды күйзеліске төтеп беруге, сондай-ақ буллинг пен зорлық-зомбылықтың өзге де түрлерімен күресуге үйретуі тиіс.
Қауіпсіз мектеп ортасын қалыптастыру бағытында «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты» КеАҚ 2024 жылы білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды жәбірлеудің (буллингтің) алдын алуға арналған «ДосболLIKE» бағдарламасын әзірледі.
«ДосболLIKE» бағдарламасы келесі мақсаттарға бағытталған:
- білім алушылар арасындағы агрессивті мінез-құлықтың алдын алу;
- балалар арасындағы және топтық қарым-қатынасты оңтайландыру;
- жанжал кезінде білім алушылардың конструктивті әрекет ету дағдыларын қалыптастыру;
- білім алушылардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын (төзімділік, эмпатия және т.б.) дамыту.
Оқушылардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамытуға бағытталған жобалық қызмет бағдарлама негізіне алынған. Бұл мектепте зорлық-зомбылыққа қарсы атмосфера қалыптастырудың маңызды факторы болып табылады. Бағдарламаны 1-11 сынып оқушыларына және колледждердің 1-2 курс студенттеріне оқыту ұсынылады.
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанның барлық мектептері мен колледждерінде буллингтің алдын алуға арналған «ДосболLIKE» бағдарламасы енгізілді. Бұл бастама балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллингті азайтуға, сондай-ақ қауіпсіз және сыйластыққа негізделген білім беру ортасын құруға бағытталған.
2025 жылдан бастап Ақмола облысының 623 педагогі «Білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алу бағдарламасының ғылыми-практикалық негіздері» білім беру бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Аталған бағдарламаның өзектілігі білім беру ұйымдарының тәжірибесіне кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, буллинг және кибербуллинг фактілерінің өсуіне тосқауыл болатын тетіктер мен әдістемелер жүйесін енгізудің маңызын айқындады..
Курсты аяқтағаннан кейін педагогтер:
білім беру ұйымдарында жәбірлеудің (буллингтің) алдын алу бойынша педагогтердің психологиялық-педагогикалық қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілер туралы жүйелі білімді меңгереді;
«ДосболLIKE» бағдарламасының тұжырымдамалық және мазмұнды-әдістемелік негіздерін меңгереді;
білім беру ұйымдарында балалардың жәбір көруіне (буллингке) қарсы іс-қимыл бойынша жүйелі жұмыс істеу дағдыларын меңгереді;
оқушылармен интерактивті сабақтар өткізеді, білім беру ұйымында қолайлы әлеуметтік-психологиялық ахуал қалыптастыру бойынша ата-аналармен жұмыс жүргізеді.
Тек бірыңғай әдісті пайдалана отырып буллингке жол берілмейтін және әрбір оқушының әл-ауқаты басты назарда болатын ортаны құруға болады.
