Алматыдағы көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтарын газға көшіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Жобалар бірнеше жылдан бері іске асырылып келеді, алайда нақты нәтижелер тек 2026 жылы күтіледі.
Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, ЖЭО-3-ті (ТЭЦ) қайта жаңғырту жұмыстары 2023 жылдың қыркүйегінде басталған. Бас мердігер – бірнеше компаниядан құралған EPC-консорциум. Қазіргі таңда инженерлік-іздестіру, бұрғылау, қолданыстағы ғимараттарды ішінара бұзу, құрылыс алаңын дайындау және уақытша электрмен жабдықтау жұмыстары атқарылған.
Жоспарға сәйкес, ЖЭО-3 2026 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілуі тиіс.
ЖЭО-2-ні газға көшіру жобасын Қытай компанияларының консорциумы жүзеге асырып жатыр. Қосалқы инфрақұрылым бойынша дайындық жұмыстары аяқталған. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Газ турбиналары мен генераторларының екі жиынтығы жеткізілген, үшіншісі жеткізу сатысында. Сонымен қатар, төрт су жылыту қазандығын монтаждау жүргізілуде.
Жоба 2022–2026 жылдарға жоспарланған. 2025 жылдың қазан айында жобалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Алдын ала ақпарат бойынша, алғашқы газ турбинасын іске қосу 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланып отыр.
«Қазгидромет» дерегінше, 2025 жылдың желтоқсанында Алматыда атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары деп бағаланған. Қалада ауа сапасы 16 стационарлық бақылау бекетінде бақыланады.
ЖЭО-ларды газға көшіру Алматыдағы ауа сапасын жақсартуға бағытталған негізгі жобалардың бірі болып отыр.