Комиссия 1059 өтінішті қарап үлгерсе, 94 алматылық өз ісін дамытуға грантты мақұлдаған.
Алматыда бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін қала тұрғындарына жалпы сомасы 517,5 млн теңгеге 375 грант беру жоспары бекітілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры Сағындық Кенжебаев айтты, деп хабарлайды "Адырна" порталы.
Қазірге дейін комиссия 1059 өтінішті қарап үлгерді, оның ішінде 94 алматылық өз ісін дамытуға грантты мақұлдаса, қалған 965-інен бас тартылды.
«400 еселенген айлық есептік көрсеткіш (1 380 000 теңге) көлеміндегі мемлекеттік грант – бұл жаңа кәсіп ашу және дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін бастапқы капитал», - деді Сағындық Кенжебаев.Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры грантты тек қажетті құрал-жабдықтар, құрал-саймандар, технологиялық жабдықтар, мал, мүлік, құс, көшет, бұта, тұқым сатып алуға және үй-жайды жалға алу ақысын төлеуге ғана беруге болатынын түсіндірді. Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, несиелік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үйді сатып алуға және ипотекаға салуға, жер телімдерін сатып алуға және акцизделетін өнім өндіруге берілмейді. Сонымен қатар, мемлекет бизнесті жүзеге асыру үшін бастапқы капиталды тек халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарға ғана бөледі. Гранттарды келесі санаттарға жататын тіркелген жұмыссыздар және үш жылдан аз жұмыс істеген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ала алады:
- көп балалы адамдар - көп балалы болғаны үшін жәрдемақы алушылар (күйеуі, жұбайы);
- мигранттар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері;
- мүгедек баланы (күйеуін, жұбайын) тәрбиелеу бойынша жәрдемақы алатын тұлғалар;
- аз қамтылған адамдар – атаулы әлеуметтік көмек алушылар және олардың отбасы мүшелері;
- асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алушылар;
- қандас мәртебесі бар тұлғалар;
- мүгедектер.
"Адырна" ұлттық порталы