Шындықпен бетпе-бет келмесем, бұл тақырыпқа күмәнмен қарар едім. Бұл — сыбыс, интернеттегі шағым, я болмаса біреудің реніші емес, бұл — өз басымнан өткен оқиға.
Оқиға деп отырғаным — «Қаласаң, басыңды тасқа ұр, барлық құжатты түгел жинап кел, заң сақта. Алайда саған бәрібір қол қойып бермейміз» деп қазақстандық шенеуніктің тіке айтуы.
Барлық ескертулердің түзетілгені, әрбір талаптың орындалғаны мүлдем маңызды емес. Тіпті сенің үйіңнің таудағы сарай емес, жай ғана қарапайым баспана екені де маңызды емес. Сен – өз еліңнің азаматысың, салық төлейсің, ешқандай жеңілдік сұрап жатқан жоқсың, тек әділдік талап етіп отырсың. Десе де, бұл да есепке алынбайды.
Әділдік бәріне бірдей емес. Президент айтатын “Әділетті Қазақстан” идеясын құру туралы жақсы бастама өмірде бұрынғы жүйемен бетпе-бет келгенде мазаққа айналады. Бұл жүйе түрлі уәде беріп, жаңарғандай болып көрінуі мүмкін, бірақ ішкі құрылымы сол қалпы. Әлі де жемқор, жалқау, кекшіл.
Үмітті сөндіруге кім құқық берді?
Қарапайым адам өзгерістерге сеніп, заң жолымен жүрсе, ал жауап ретінде бетіне түкіргендей қатыгездік көрсе – бұл жерде тек шенеунікке деген сенім емес, тұтастай мемлекетті әділеттің тетігі ретінде қабылдау сенімі өледі. Бұл – жеке жағдай емес, бұл соңғы жылдары айтылып келе жатқан бүкіл реформалық риторикаға үкім.
“Бермейміз – болды” ұстанымымен “Әділетті Қазақстан” құру мүмкін емес. Халықтан сенім талап етіп, заң аясында рәсімделген құжаттарына түкіру арқылы ештеңеге қол жеткізе алмайсың.
Болашақты өткеннің шіріген тетіктеріне сүйеніп құру – қауіпті және құр әурешілік.
Егер бәрі осылай жалғаса берсе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті Қазақстан” тұжырымдамасы ұлттық арман емес, ұлттық мысқылға айналуы әбден мүмкін.
Менің мемлекеттік шенеуніктерге қатысты көңіл көншітпейтін пікірімнің негізгі себебі — әділетке деген үмітім көз алдымда күйреп жатқан сәтте орын алған жағдай. Өткен жылдың сәуір айында мен архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын (АЖТ) алдым, ал мамыр айында қолымда құрылысқа рұқсаты бар үйге қосымша құрылысты бастадым.
Сол сәттен бастап менің қиындықтарым басталды. Көршім Татьяна Козырева менің үстімнен көші-қон полициясы, жер комитеті, Алматы қаласының Қала құрылысы бақылау басқармасы, сондай-ақ Архитектура және қала құрылысы басқармасы сынды түрлі органдарға шағым жаза бастады. Басқа көршінің айтуынша, Татьяна Козырева архитектура саласында «өз адамдары» бар деп ашық айтып, кез келген жолмен мақсатына қол жеткізе алатынын мәлімдеген. Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 750 бұйрығымен бекітілген «құрылыс саласында құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларына» сәйкес, менің қоршаудың жалпы сызығынан үш метр қашықтықта орналасқан қосымша құрылысым оның мүдделеріне ешқандай қатысы жоқ. Бұл жағдайда маған көршімнің құрылысқа келісімі қажет емес еді. Оның үстіне қолымда архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы болды.
Осы аралықта Татьяна Козыреваның жүйелі түрде жасаған қудалауының салдарынан мен де, жұбайым да ауыр күйзеліске ұшырадық. Бұл жағдай денсаулығымызға елеулі зиян келтірді. Өз басым 2024 жылдың шілдесінен бастап 2025 жылдың наурызына дейін ауыр сырқатпен ауырдым. Бұл туралы медициналық мекемелерден алынған ресми анықтамалар бар.
Ал бұл оқиғадағы ең сорақы жайт — Татьяна Козыреваның заңсыз түрде біздің үйімізге баса-көктеп кіруі. Ол бейнекамераға түсіріп, өз бетімен тінту жүргізіп, үй тұрғындарын заңсыз түрде тергей бастады. Бұл әрекеттердің ешбір құқықтық негізі болған жоқ. Ол өзін көрші ретінде емес, соғыс туралы фильмдердегі фашист басқыншыларындай ұстап, Конституциямен кепілдік берілген құқықтарымызды өрескел түрде бұзды.
Татьяна Козыреваның біздің үйге заңсыз кірген күні бұл жағдай туралы естіген жұбайым — Малеева Шарбат Оразалиновнаның кенеттен қан қысымы қатты көтеріліп, инсульт алдындағы күйде ауруханаға жеткізілді. Бұл оқиға бойынша медициналық анықтама да бар.
Осылайша, Татьяна Козыреваның әрекеттері арқылы Қазақстан Республикасы Конституциясының бірқатар баптары өрескел түрде бұзылды. Атап айтқанда, 18-баптың 1-тармағына сәйкес:
“Әркімнің жеке өміріне, жеке және отбасылық құпиясына қол сұғылмауына, ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына құқығы бар.”
Сондай-ақ 25-баптың 1-тармағы тікелей былай дейді:
“Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрғын үйіне қол сұғылмайды. Тұрғын үйге басып кіруге, оны тінтуге және қарауға заңда көзделген жағдайлар мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі.”
Татьяна Козыреваның заңсыз кіруі, бейнежазба жүргізіп, тінту мен тергеу әрекеттерін жасауы — осы конституциялық нормаларды елеусіз қалдырып, азаматтық құқықтарымызды таптау.
Ақыры, 2024 жылдың қыркүйегінде Алматы қаласының Қала құрылысы бақылау басқармасы менің жапсаржай құрылысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қаулы шығарады. Яғни сол кезде менің мойныма архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын қайта рәсімдеп, эскиздік жобаны дайындау міндеті жүктелді.
Алайда сол кезде мен тік ішек обыры диагнозымен ауырып, арқадағы іріңді ісікті алып тастау бойынша күрделі операцияны жаңа ғана өткерген болатынмын. Денсаулығымның ауыр жағдайына байланысты жапсаржайды заңдастыру ісіне кірісуге физикалық шамам келмеді. Тек қазан айының ортасында ғана аздаған жақсаруды сезініп, қажетті құжаттарды жинауға кірістім.
Қараша айының басында менің қолымда қайта түзетілген техникалық тапсырма мен үйді қайта жоспарлау бойынша дайындалған эскиздік жоба болды. Осы құжаттармен мен Алматы қаласының Архитектура және қала құрылысы басқармасына жүгіндім. Дәл осы уақытта Алматы қаласының Қала құрылысы бақылау басқармасы мені сотқа беріп, жапсаржайды заңдастыруды талап етіп жатыр еді. Яғни енді бұл мәселе сот тәртібімен қаралуда.
Алайда мен жапсаржайды заңдастыра алмадым, себебі Алматы қаласының Архитектура және қала құрылысы басқармасының деректер базасы жұмыс істемей тұрған. Маған базаның жаңартылып жатқанын айтып, оның тек 2025 жылдың қаңтар айының ортасында іске қосылуы мүмкін екенін түсіндірді. Бірақ менің күтуге мүмкіндігім болмады — құжаттарды жедел заңдастыру қажет болды.
Нәтижесінде бұл база тек 2025 жылдың наурыз айының жиырмаларыншы күндерінен бастап тұрақты түрде жұмыс істей бастады. Бірақ бұл кешігудің менің кінәмнен болмағаны анық емес пе?
Әрине, сот ұзақ уақыт күте алмайды. Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының судьясы Тұрысов менің пайдама шешім шығармады. Алайда ол бір жайтты ескертті: егер мен жапсаржай бойынша құжаттарды заңдастыра алсам, онда бұл іс жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін.
Осы кезде мен Татьяна Козыреваның “архитурада өз адамдары бар” деген сөзі жай сөз емес екенін анық түсіне бастадым. Бұл мақала форматы шенеуніктердің Козыреваның мүддесіне ашық түрде ойнағанының нақты дәлелдерін толыққанды баяндауға мүмкіндік бермейді. Мәселен, Алматы қаласы Қала құрылысы бақылау басқармасы менің талабым бойынша Козыреваның жапсаржайының заңдылығын тексеруден үзілді-кесілді бас тартты. Бірақ бұл туралы мен әлі де тиісті органдарда, тиісті адамдарға айтып беремін.
Ал бұл оқиға — бар болғаны негізгі әңгіменің кіріспесі ғана. 2025 жылдың наурыз айының жиырмалары шамасында Архитектура және қала құрылысы басқармасының базасы іске қосылған бойда мен жапсаржайымды заңдастыруға құжаттар тапсырамын. Бірақ үш рет қатарынан бас тарту жауабын аламын. Бұл эпопея екі жарым айға созылды. Әр жолы маған түрлі ескертулер жасалады. Мен оларды жауапкершілікпен түзетемін. Бірақ нәтижесі өзгермейді.
Содан соң, төртінші рет тапсырардың алдында, барлық талап толық орындалғанына көз жеткізу үшін, Алматы қаласы Жетісу ауданының сәулетшісі Айдос Дүйсембайдың өзіне барамын. Құжаттарымды өз көзінше қарап шығуын өтінемін. Сол кезде ол мүлде эНе істесең де, қандай құжат өткізсең де, мен бәрібір заңдастырмаймын» дейді.
Бірақ бірден бұл сөздің тым шектен шыққанын түсінді ме, әйтеуір, артынша жұмсартуға тырысып «Түсініңізші, аға. Егер мен қазір сізге құжатты заңдастырып берсем, Татьяна Козырева Антикорға шағымдануы мүмкін. Сөйтіп мен жұмысымнан айырылып қаламын»деп мәлімдеді.
Мұнда менің мүлде түсінбей қалған жерім бар. Бұл не сөз өзі? Антикордың не қатысы бар? Әлде мен одан пара сұрадым ба? Егер жұмысыңды заң аясында, адал істеп жатсаң. сенен не сұрайды?
Керісінше, осы сөзімен-ақ Айдос Дүйсембай менің күдігімді одан сайын күшейтті. Татьяна Козыреваның артында Алматы қаласының архитектура саласында ықпалды адамдартұрғаны шындық шығар. Олар өз бағыныштыларын қысым арқылы, тіпті компромат жариялаймыз деген қауіппен басқарып отырған сияқты. Өйткені Айдостың шын мәнінде қорқып отырған адамы Татьяна емес деп ойлаймын.
Міне, осындай оқиға бастан өтті. Сондықтан кім не айтса да, менің көз алдымда Алматы қаласының сәулеті итальяндық мафия қағидаттарына тығыз араласқан жеке орындықпен байланысты. Бұл құрылымда барлығына рұқсат етілсе, ал бейтаныс адамдарға ештеңе болмайды.
Осы жағдайдан соң "Аманат" партиясының басшылығына және Алматы қаласының әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдыға менің жағдайымды түсініп, әділ шешім шығару туралы өтініш жаздым. Мен заңнан тыс нәрсе талап етіп отырған жоқпын. Бар болғаны – тиісті мекеменің менің жапсаржайымды заңдастырып беруін өтінемін.
Құрметпен,
Серік Малеев