Елімізде мерзімді әскери қызметшілерге несие алуға шектеу енгізіле ме?

846
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ceUIjyi7tTMooHInLmEQ3LeN2VKEMSdHKhhq5EX4.jpg

Қазақстанда мерзімді әскери қызметшілерге несие алуға шектеу енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы бағытта арнайы қаулы жобасын әзірледі.

Жаңа құжатқа сәйкес, мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарға банктер мен микроқаржы ұйымдары несие және микронесиелер беруден бас тартуға міндетті болады. Бұл өзгерістер кредиттік есеп жүргізу және ақпарат алмасу қағидаларына енгізіледі.

«Кредиттік бюролар ЖРАЖ ИШ жүйесі арқылы әскери борышын өтеп жүрген азаматтар туралы мәліметтерді алған кезде, олардың кредиттік есебінде «мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшісі» мәртебесі көрсетіледі. Осы мәртебе болған жағдайда, банктер мен микроқаржы ұйымдары оларға жаңа қарыз беруге құқылы емес», – делінген агенттіктің түсіндірмесінде.

Қаулы күшіне енсе, бұл өзгеріс мерзімді әскери қызметке шақырылған қазақстандықтардың қаржылық міндеттемелерін бақылауға, қажетсіз қарызға батып кетуден сақтауға бағытталады.

Айта кетейік, соңғы жылдары әскер қатарында қызметін өтеп жүріп қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары балаларының әскерде жүріп несие рәсімдегенін айтып, дабыл қағып келеді. Әлімжеттік пен қаржылық қарыз мәселесі қатар талқыланатын өзекті проблемаға айналды.

Мамандардың пікірінше, жаңа шектеу әскердегі жастардың әлеуметтік-қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Comments