Қызметтік тергеу басталды. Абай облысында полиция бастығы қарамағындағыларды рогаткамен атқан

1111
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/3iboQGlxDg3xGTEVBKJ7AvUcEUUFLdhQpHfDJb9r.webp

Абай облысы Шар қаласындағы полиция бөлімінде түсірілген делінген бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Онда азаматтық киімдегі ер адамның полиция формасындағы қызметкерлерге рогаткамен ұқсас құрал арқылы оқ атып жатқаны анық көрінеді.

Бейнежазбада тәртіп сақшыларының қарсылық көрсетпестен қашып бара жатқаны, ал атқылаушы адамның күлкіге кенеліп тұрғаны бейнеленген. 

Жазба авторының мәлімдеуінше, рогатка ұстаған ер адам – подполковник шеніндегі бөлім басшысы, ал оқ жаудыру – оның "тәрбиелеу әдісі" болған.

"Қоластындағыларға аңшы сияқты оқ атады. Күледі. Бұны тәрбиелеу деп айтуға келе ме? Бұл – билікке мастану", – делінген жазбада.

Осы жағдайға байланысты Абай облыстық полиция департаменті ресми түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, қызметтік тергеу тағайындалып, оқиға орнына жеке құрам инспекциясы жіберілген.

"Абай облыстық полиция департаментінің жеке құрам инспекциясы аталған факті бойынша оқиға орнына барып, қызметтік тергеу тағайындады. Нәтижесіне қарай заң аясында шешім қабылданады", – деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.

Comments