АҚШ санкциясынан кейін. Қытайлық компаниялар Ресейден мұнай сатып алуды тоқтатуда

1228
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/rgItPOij2RfOQiKWjW6XjTOGRWFEDCR5Yq3bFvhF.webp

Қытайдың бірқатар ірі мемлекеттік мұнай компаниялары АҚШ енгізген жаңа санкциялардан кейін ресейлік мұнайды сатып алуды уақытша тоқтатты. Бұл туралы Reuters агенттігі 23 қазанда сауда саласындағы бірнеше дереккөзге сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды «Адырна».

Агенттіктің мәліметінше, PetroChina, Sinopec, CNOOC және Zhenhua Oil компаниялары АҚШ-тың «Роснефть» пен «Лукойлға» қарсы санкциясынан кейін теңіз арқылы жеткізілетін ресейлік мұнайға байланысты мәмілелерді тоқтатқан.
Сарапшылар бұл шешімді екінші деңгейлі санкциялардан қауіптенумен байланыстырады.

Бұған дейін Sinopec компаниясының еншілес құрылымы Unipec Ұлыбританияның да осы компанияларға қарсы шектеу енгізуінен кейін ресейлік мұнай сатып алуды өткен аптада-ақ тоқтатқан.

Reuters дерегінше, Қытайға теңіз арқылы күн сайын шамамен 1,4 миллион баррель ресейлік мұнай жеткізіледі. Оның негізгі бөлігін жеке мұнай өңдеу зауыттары мен шағын кәсіпорындар сатып алады.
Қытайдың мемлекеттік компанияларының үлесі шамамен 250–500 мың баррель аралығында бағаланады.

«Роснефть» пен «Лукойл» бұған дейін де Қытайға мұнайды тікелей емес, делдалдар арқылы сатып келген. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік сектордан кейін жеке компаниялар да уақытша күтуі мүмкін.

Үндістан да импорт көлемін азайтпақ

Reuters хабарлауынша, АҚШ санкциялары Үндістанды да ресейлік мұнай импортына қайта қарауға итермелеген. Елдің ең ірі жеке компаниясы Reliance Industries импортты азайту немесе толығымен тоқтату мүмкіндігін қарастыруда.
Мемлекеттік Indian Oil, Bharat Petroleum және Hindustan Petroleum компаниялары қазіргі келісімшарттарын тексеріп, ресейлік өндірушілермен тікелей байланыс жоқтығына көз жеткізуде.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістан Ресейден мұнай сатып алуды тоқтатуға уәде бергенін мәлімдеген еді. Алайда Үндістан Сыртқы істер министрлігі елдің энергетикалық саясатында ұлттық және тұтынушылар мүддесін бірінші орынға қоятынын атап өтті.

Айта кетсек, 22 қазанда АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Ресейдің Украинадағы соғысты бейбіт жолмен аяқтауға «шын ниет танытпағанын» алға тартып, жаңа санкциялар пакетін енгізді.
Шектеулер «Роснефть», «Лукойл» және олардың 34 еншілес компаниясына, сондай-ақ бұл компаниялардың 50 пайыз және одан жоғары үлесі бар барлық ұйымдарға қатысты болды.

Бұған дейін, 15 қазанда, Ұлыбритания да осы компанияларға қарсы санкциялар енгізіп, активтерін бұғаттап, траст және көлік қызметтеріне шектеу қойған еді. Лондон бұл қадамды аталған компаниялардың Ресей үкіметі үшін стратегиялық маңызы бар энергетика саласында жұмыс істейтінімен түсіндірді.

Comments