Жасанды интеллект пен экология: №48 мектеп-лицейінде жаңа форматтағы жоба таныстырылды

219
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/A7jMyL8zgVWySw1L3SEF3LnMARlFdscURizsi6K1.jpg

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінде экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға және тарихи тұлғаларды дәріптеуге бағытталған «Эко Сана» жобасы сәтті жүзеге асырылды. Оған оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар белсене қатысып, шығармашылық пен заманауи технологияны үйлестірген ерекше жұмыс ұсынды.

Жоба аясында мектеп оқушылары шамамен 7 000 пластикалық қақпақты қайта пайдалану арқылы еліміздің үлкен көлемдегі картасын жасады. Карта Қазақстанның 17 облысын нақты бейнелеп, әр өңірдің өзіндік реңкін көрсетуге бағытталды. Бұл бастама оқушыларға экологияға жанашыр болуды, қалдықтарды сұрыптау мәдениетін үйретуді және қайта өңдеудің маңызын түсіндіруді мақсат етті. Ата-аналар, ұстаздар және оқушылар бір апта ішінде қақпақтарды жинап, сұрыптап, жуып-тазалап, үлкен ортақ істі атқарды. Тарихи-ағартушылық бағытта оқушылар әр облыстан шыққан Алаш қайраткерлері туралы ақпаратты жасанды интеллект көмегімен дайындады.

Жұмыс барысында:

  • Canva,
  • Gemini,
  • DreamFace,
  • сөйлеуді синтездеу жүйелері

сияқты платформалар қолданылды.

Картадағы әр облысқа QR-кодтар орналастырылып, олар арқылы келушілер Алаш тұлғалары жөніндегі мультимедиялық материалдарды көре алады.

Бұл бастама:

  • экологиялық мәдениетті арттырды,
  • оқушылардың ұлттық тарихқа қызығушылығын күшейтті,
  • жасанды интеллектті сауатты қолдану қабілетін дамытты,
  • шығармашылық ойлау мен бірлесе жұмыс істеу дағдысын жетілдірді.

 

AITU университетінің профессоры Есенов Әлімжан 2025 жылдың қыркүйегінен бері мектеп педагогтеріне жасанды зерде бойынша тұрақты дәрістер өткізіп келе жатқанын да айта кету қажет. «Эко Сана» – осы оқытулардың нақты нәтижесі.

Жоба туралы пікір білдірген №48 мектеп-лицейінің директоры Қияқбай Нұрила Бақтиярқызы бастаманың көптен бері ойында жүргенін атап өтті:

«Жалпы қақпақтармен еліміздің картасын жасау идеясы біраздан бері толғандырып жүрді. Еліміздің тұтастығын баяндайтын мұндай дүние ұжымның бірлігін де арттырды деген сенімдемін. Назарларыңызға ұсынып отырған жоба 7000 қақпақтан тұрады. Мектеп оқушылары, ата-аналары және мұғалімдері 1 аптаның көлемінде осындай қақпақтарды жинап, жуып тазаладық. Еліміздің картасын оқушылар және жас мамандармен бірлесе отырып, әр облыс әр түрлі реңке боялып, әр облыстан шыққан Алаш зиялыларының ұлағатты сөздерін жасанды интеллект арқылы QR-ларға орналастырылды. Осылайша жасанды зерденің тілімен біз әрі “Таза Қазақстан” акциясына да қатысып, тарихи құндылықтарымызды да ардақтай аламыз. 2025 жылдың қыркүйек айынан бері мектебіміздің педагогтерін AITU университетінің профессоры Есенов Алимжан жасанды зерде бойынша түрлі платформаларды таныстырып, дәріс беруде. Бұл өз кезегінде сол дәрістің жемісі деп ойлаймыз. Осындай идеяларды қолдаған мектеп ұжымы мен оқушыларыма ризашылығымды білдіремін.»

 

Comments