78 жастағы оппозициялық медиамагнат 20 жылға бас бостандығынан айырылды

207
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/0UJnen7gtWxPyId3qfQ4pMw9nVq8tv0L6cwTwAlx.webp

Фото: Getty Images

Гонконг соты 78 жастағы оппозициялық медиамагнат Джимми Лайға 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді. Лай 2020 жылғы Гонконгтың ұлттық қауіпсіздік заңы аясында айыпталған алғашқы ірі тұлғалардың бірі болып, ісі Пекиннің енгізіп жатқан саяси өзгерістерінің символына айналды. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Сот Лайды үш бап бойынша айыпты деп таныды: екі бап бойынша «шетелдік күштермен тіл табысу», бір бап бойынша – баспасөзде «көтеріліске шақыратын материалдар жариялау». Сот шешімінде Лайдың бұрынғы Apple Daily газеті арқылы шетелдік үкімет мүдделерін ілгерілеткені, Гонконг пен Қытайға санкциялар енгізуге әрекет жасағаны айтылған.

Лай Қытайда туған, бала кезінде Гонконгқа қашып келген. Ол 1989 жылғы Тяньаньмэнь алаңындағы наразылықтардан кейін коммунистік режимге қарсы шыққан және Гонконгтағы демократиялық қозғалысты қолдаған. 2020 жылы ұлттық қауіпсіздік заңы қабылданған соң алғаш рет тамыз айында ұсталған.

Сот үкімі жарияланған кезде судья Джимми Лайдың Қытайға «жек көру сезімі» бар екенін айтып, АҚШ-тан ҚХР үкіметіне қарсы әрекет етуін сұрағанын мысалға келтірді. Гонконг атқарушы билігі басшысы Джон Ли бұл шешімді қолдап, Лайдың әрекеттері «елдің мүддесіне зиян келтіргенін» айтты.

Заң бойынша, ұлттық қауіпсіздік аясында сепаратизм, көтеріліске шақыру, терроризм және шетелдік күштермен тіл табысу қылмыс саналады. Критиктер заңның автономияны шектейтінін және азаматтық құқықтарға қысым жасайтынын айтқан.

Джимми Лай қамауда ауыр жағдайда, оқшау камерада отыр. Ол диабетпен ауырады және денсаулығы нашарлаған. Отбасы оның жағдайына алаңдап отыр. Ал Гонконг пен Қытай билігі Лайдың жағдайының «жақсы» екенін және құқықтарының «қорғалғанын» мәлімдеді.

Бұл іс Гонконгтағы ұлттық қауіпсіздік заңы бойынша ең көп назар аударылған процесс болып саналады.

Comments