Мұғалімдерді аттестациялау жүйесінде не өзгерді?

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/kPK00ymOK1uyoV5qo3yPljtvMGbWvz6SYtDOw6PQ.jpg

Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестациялау тәртібіне бірқатар маңызды өзгеріс енгізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жаңа жүйе мұғалімдердің пәндік тест тапсыру талабын алып тастап, бағалауды практикалық қызмет нәтижесіне негіздеуді көздейді.

Министрліктің мәліметінше, енді мектепте жұмыс істеп жүрген ұстаздар аттестация кезінде пәндік білім бойынша тест тапсырудан босатылады. Бұл шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған. Алайда тестілеу жүйесі педагогикалық жоғары оқу орындарын жаңа бітірген жас мамандар үшін сақталады.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл талап жас мамандардың бастапқы кәсіби деңгейін растау үшін қажет.

Мұғалімдердің біліктілігі тест нәтижесімен емес, олардың нақты кәсіби қызметі арқылы бағаланады. Аттестация санаттарға бөлінген жүйе бойынша жүргізіледі. Ең жоғары деңгей – педагог-шебер санаты. Бұл санатқа үміткерлерге магистр немесе PhD дәрежесі, халықаралық сертификаттар (IELTS, CELTA және т.б.), ғылыми жарияланымдар, жыл сайын ашық сабақтар өткізу және әріптестерге тәлімгерлік жасау сияқты талаптар қойылады.

Педагог-зерттеуші санаты үшін ашық сабақтар өткізу, ғылыми мақалалар жариялау немесе оқу құралдарын әзірлеу және әріптестерге әдістемелік қолдау көрсету міндеттеледі.

Педагог-сарапшы деңгейінде мұғалімдер аудан немесе қала деңгейінде тәжірибе алмасып, семинарлар мен конференцияларға қатысуы және тәлімгерлік қызмет атқаруы қажет.

Ал педагог-модератор – біліктілікті арттырудың бастапқы сатысы. Бұл деңгейге кемінде екі жыл еңбек өтілі бар мұғалімдер (магистрлер үшін – 1 жыл) өтініш бере алады.

Сондай-ақ, оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттаудың жаңа ережесін әзірлеу жұмысы жалғасып жатқанын хабарлады.

"Қазіргі уақытта құжаттың жобасы талқылау және келісу кезеңінде.

Әлеуметтік желілерде таралып жатқан материалдар ресми бекітілген құжат болып табылмайды және ереженің соңғы редакциясы емес.
Дүйсенбі күні аталған мәселе бойынша ресми брифинг өткізіліп, құжат жобасына қатысты жан-жақты түсіндірме беріледі. Брифингтен кейін жоба кеңінен қоғамдық және азаматтық қоғам өкілдерінің талқылауына ұсынылады.
Педагогтер қауымдастығының, сарапшылар мен қоғам өкілдерінің пікірлері мен ұсыныстары Министрлік үшін маңызды. Ашық әрі мазмұнды талқылау нәтижесінде тиімді және әділетті жүйе қалыптастыру көзделеді", - делінген министрлік хабарламасында.
Comments