Рақымбаевтар отбасы байлығының басым бөлігін қайырымдылыққа бермек

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/d3CXpY3gCkzxphVXF6FCxxVR8mtuNwW2ipNg5mac.jpg

Қазақстандық кәсіпкер Айдын Рақымбаев пен оның жұбайы Анар Рақымбаева әлемдегі ең ірі филантропиялық бастамалардың бірі – The Giving Pledge жобасына қосылды, деп хабарлайды адырна ұлттық порталы.

Аталған бастамаға қатысушылар өз байлығының басым бөлігін қайырымдылық пен әлеуметтік жобаларға бағыттауға ерікті түрде міндеттеме алады. Рақымбаевтар – Орталық Азиядан осы жобаға қосылған алғашқы отбасы.

Forbes мәліметіне сәйкес, Айдын Рақымбаевтың байлығы шамамен 1,1 миллиард АҚШ долларына бағаланады. Кәсіпкердің айтуынша, отбасы алдағы жылдары өз капиталының 50 пайыздан астамын әлеуметтік және қайырымдылық бастамаларға жұмсамақ.

Олардың ортақ мәлімдемесінде бұл шешім өмірлік құндылықтарының жалғасы екені айтылған. Сондай-ақ, қалған қаражаттың бір бөлігі балаларға және келесі ұрпаққа мұра ретінде қалдырылатыны атап өтілген.

«Біз үшін The Giving Pledge қауымдастығына қосылу – үлкен мәртебе. Бұл шешім біздің ұзақ жылдар бойы ұстанып келе жатқан қағидаларымыздың жалғасы. Біз өмір бойы жинаған тәжірибе мен ресурсты қоғам игілігіне пайдалануға ниеттіміз», – делінген олардың хатында.

Айдын Рақымбаевтың айтуынша, отбасының басты басымдығы – Қазақстан ішіндегі әлеуметтік жобалар. Қаражаттың негізгі бөлігі мектептер салуға, балаларды қолдауға, білім беру сапасын арттыруға және ұлттық мәдениетті дамытуға бағытталады.

Бұған дейін Рақымбаевтар «Дом мамы» және IQanat сияқты жобалар арқылы мыңдаған балаға көмек көрсеткен. Бұл бастамалар жетімдік мәселесін азайтуға және ауыл балаларына сапалы білім алуға мүмкіндік беруге бағытталған.

Айта кетейік, Рақымбаев ерлі-зайыптылары алдағы уақытта The Giving Pledge қауымдастығының кезекті жиынына қатысады. Онда олардың жобаға ресми қосылуы жария етіледі.

The Giving Pledge – әлемдегі ең ауқатты адамдарды біріктіретін халықаралық қайырымдылық бастама. Оны Билл Гейтс, Мелинда Френч Гейтс және Уоррен Баффет негізін қалаған. Жобаға қатысушылар өз байлығының басым бөлігін қайырымдылыққа арнауға ерікті түрде уәде береді.

Comments