Динара Сәтжанның арызынан соң. Емші деп танылған әйелдің табысы тексеріледі

308
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/kk7CmLi7qwtOw2yPqi7C2JrBIuTf25k9pf5Je1UL.webp

Ақтөбеде сынықшы әрі емші ретінде танымал Бағдагүл Лепесоваға қатысты тексеру басталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ұлысмедиаға сілтеп.

Мәліметке сәйкес, Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті оның қаржылық аударымдарына байланысты мониторинг жүргізіп жатыр.

"Қазіргі уақытта бізде толық ақпарат жоқ, тиісті тексеру және мониторинг жұмыстары жүргізілуде", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Бағдагүл Лепесова төңірегіндегі дау оның тележүргізуші Динара Сәтжан туралы айтқан пікірлерінен кейін өршіген. Осыдан кейін журналист полиция мен экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінетінін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, емші өзін балағаттаған.

Сонымен қатар тележүргізуші емшінің ақылы қызмет көрсетуінің заңдылығы, биологиялық белсенді қоспалар (БАД) сатуы, «бата беру» қызметтері, түрлі сауықтыру тәжірибелері және салық төлеу мәселесін көтерген.

Өз кезегінде Бағдагүл Лепесова әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, өзіне Қазақстаннан ғана емес, көрші елдерден де қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.

"Менің әр сөзім – халықтың жанайқайы. Қоғамда отбасылық мәселелер көбейіп барады. Адамдар қиындықтан кейін бақыт іздейді, бірақ түрлі жағдайлар отбасылардың бұзылуына себеп болып жатыр", – деді ол.

Қазіргі уақытта аталған мәселеге байланысты ресми тексеру жалғасып жатыр.

Comments