Ресейдің 200 әскері Қытайда құпия дайындықтан өткен – Reuters

213
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/WgDbGp3ipzfYEeeMgaShd1z7L5IhvbeTWZwBKkNc.jpg

Фото: Яндекс

2025 жылдың соңында Қытайда шамамен 200 ресейлік әскери қызметкер арнайы дайындықтан өткен. Бұл туралы 19 мамыр күні Reuters агенттігі үш еуропалық барлау қызметінің өкілдеріне және өз иелігіндегі құпия құжаттарға сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды "Адырна". 

Агенттік мәліметінше, өткен жылдың соңында төрт оқу-жаттығу ұйымдастырылған. Олар Қытайдың әскери академияларында, соның ішінде Бейжің мен Нанкиндегі оқу орындарында өткен. Бағдарлама аясында ұшқышсыз ұшу аппараттарын (БПЛА) қолдану, минометтер мен барлау дрондарын бірлесіп пайдалану, антидрон қаруымен қорғану, жарылғыш заттарды пайдалану және миналау тактикасы оқытылған.

Оқудан өткендердің бір бөлігі нұсқаушы мәртебесіне ие болған және алған тәжірибесін өз бөлімшелеріне жеткізуі мүмкін екені айтылады. Reuters дерегіне сәйкес, дайындықтан кейін кейбір ресейлік әскери қызметкерлер аннексияланған Қырымда және Запорожье облысында дрон қолданылған операцияларға қатысқан.

Сонымен қатар агенттік Ресей аумағында жүздеген қытайлық әскери қызметкерді даярлау жоспарланғанын жазады. Мәліметтерге қарағанда, бұл оқыту 2025 жылдың шілде айында жасалған құпия келісім негізінде жүзеге асқан.

Reuters 2024 жылдан бері қытайлық әскери қызметкерлердің Ресейге сапарлары туралы ақпарат болғанын, алайда ресейлік сарбаздардың Қытайда дайындықтан өтуі – жаңа дерек екенін атап өтеді. Агенттік бұл мәліметтер Қытайдың Украинадағы соғысқа қатысу деңгейіне қатысты жаңа сұрақтар туындататынын жазады.

Ал Қытай тарапы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Reuters сауалына жауап берген Қытай Сыртқы істер министрлігі елдің бейтарап ұстанымды сақтайтынын және бейбіт келіссөздерді қолдайтынын мәлімдеген. Ресей мен Қытайдың қорғаныс министрліктері аталған хабарламаға түсініктеме бермеген.

Comments