Мұғалімдерге өз оқушыларына ақылы репетитор болуға тыйым салынуы мүмкін

145
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/04i0OajwhvQNAYKOW5N0SiEgDX8jTkY2kmcudBPi.jpg

Қазақстанда репетиторлық орталықтардың қызметін заңмен реттеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.

Министр Жұлдыз Сүлейменованің айтуынша, жаңа заңнамалық өзгерістер аясында репетиторлық орталықтардың жұмысы, салық төлеуі және ата-аналар мен оқушылар алдындағы жауапкершілігі қарастырылады. Сонымен қатар мектеп мұғалімдерінің өз оқушыларына ақылы түрде қосымша сабақ өткізуіне тыйым салу ұсынылып отыр.

«Мұғалім өзінің сабақ беретін оқушысынан қосымша қаржы ала алмайды», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрлік ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлерге көлік пен қымбат сыйлық ұсынып жүрген дайындық орталықтарының әрекетіне де назар аударды. Министрдің айтуынша, бұл әзірге орталықтардың жарнамалық тәсілі ретінде қарастырылып отыр. Алайда алдағы уақытта заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін бұл мәселе қайта қаралуы мүмкін.

Өз кезегінде Саясат Нұрбек кейбір білім беру орталықтарының «шектен шығып кеткенін» айтты.

«Бұл – маркетинг. Яғни “біздің орталыққа келсеңіз, балаңыз ең жоғары балл жинайды” деген жарнама тәсілі. Бірақ кейбір орталықтар осы мәселенің айналасында шамадан тыс ажиотаж қалыптастырып отыр», – деді министр.

Comments