Зәкиева балаларды қорғау саласындағы реформалар туралы айтты

305
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/uxyFOPUulNJuA9Rs9bfEfc8HRs4LHIGLfumkmodf.jpg

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, елімізде балаларды қорғау жүйесін нығайту бағытында атқарылған жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Бүгін дәстүрлі түрде Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтілуде. Әрбір балаға арнап, өңірлердегі кездесулерде жиі айтатын сөзімізді тағы да қайталағым келеді: «Бала – ең жоғары құндылық. Балаларға қамқорлық жасау – мемлекеттің басты басымдығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бала қорғау және қолдау мәселелеріне әрдайым ерекше көңіл бөледі. Әр баланың өмірі маңызды, оның құқықтары, әл-ауқаты, қауіпсіздігі мемлекет қорғауында. Осы мақсатта елімізде барлық қажет заң қабылданып, арнайы қызметтер құрылды және әлі де құрылуда. Әрқайсыңыз балалар қорғаушысы бола аласыздар. Ең бастысы – өзіңізге немесе басқа балаға көмек қажет болған жағдайда бұл туралы айтуға және хабарлауға қорықпаңыздар»,–деді ол.

Зәкиеваның сөзінше, Қазақстанда бала құқықтары заңнамалық және институционалдық деңгейлерде бекітілген.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, кейінгі бірнеше жылда балаларды қорғау жүйесі мен инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған маңызды реформалар жүргізіліп, заңдар мен бағдарламалар қабылданды.

Қолданыстағы барлық механизмдер мен алдағы жылдарға арналған іс-қимыл жоспары, жұмысты жетілдіру, жаңа тәсілдерді енгізу, қызметкерлерді оқыту, жалақы арттыру, сондай-ақ қауіпсіздік, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы өзекті міндеттерді шешу мәселелері жыл басында қабылданған «Қазақстан балалары» ұлттық стратегиясы мен бағдарламасында көрініс тапты»,–деді уәкіл.

Сондай-ақ ол балаларды қорғау саласындағы маңызды жаңалықтарға да тоқталды.

«Балаларды қорғау саласындағы ең маңызды оқиғалардың бірі – 2024 жылдан бері жүргізілген жұмыс нәтижесінде әр өңірлік әкімдіктер құрылымында Балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының құрылуы. Олардың құрылуы мен қызметтері «Бала құқықтары туралы» заңда бекітілді, барлық қажет рәсімдер өтіп, қаулылар қабылданды, құрылым мен штат қалыптастырылуда. Бұл – балаларды қорғау саласы үшін үлкен жетістік. Бұған дейін жергілікті атқарушы органдар жүйесінде балалардың құқықтарын қорғаумен айналысатын жеке құрылым болған жоқ»,–деп толықтырды ол.

Comments