ҚТЖ басшысы брифинг берген күні. Жолаушы пойызы рельстен шығып кетті

54
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/tJKONMf5pH102EcGvVqBqTKdzwuA7wB1Frr1jBP4.jpg

«Саратов – Алматы» бағытындағы №7/8 жолаушылар пойызының бір вагоны рельстен шығып кетті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Оқиға 16 маусым күні сағат 12:49-да Шиелі мен Түркістан бекеттерінің аралығында тіркелді. «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, пойыз шұғыл тоқтатылып, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылданған. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, бір вагонның доңғалақ жұбы рельстен шығып кеткен.

Оқиға орнына медициналық қызметкерлер жіберілгенімен, жолаушылардың ешқайсысы медициналық көмекті қажет етпеген және ұсынылған көмектен бас тартқан.

Сондай-ақ, вагонды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін жөндеу бригадасы жедел түрде оқиға орнына аттандырылды. Жолаушыларды діттеген жеріне жеткізу мақсатында қосымша пойыз ұйымдастырылып, оларды отырғызу және жөнелту жұмыстары жедел жүзеге асырылды.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ орын алған қолайсыздықтар үшін жолаушылардан кешірім сұрап, жағдайды қалыпқа келтіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов бүгін, 16 маусымда Үкіметте өткен брифинг өткізіп, салаға қатыста сауалдарға жауап берген болатын. 

Comments