Фото: Валерий Бугаев
Павлодар ұлттық спорт бағытындағы ең ауқымды іс-шараның орталығына айналды. Облыс орталығында аймақ басшысы Асайын Байхановтың қолдауымен бой көтерген жаңа ипподромның салтанатты ашылуы өтіп, классикалық және ұлттық ат жарыстары бойынша «ERTIS-BAYAN CUP» ашық республикалық турнирі өтті. Ауқымды додаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Ресей мен Қырғызстаннан келген үздік шабандоздар мен жүйрік тұлпарлар қатысты.
Жаңа спорт нысаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту және ұлттық спорт түрлерін қолдау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында бой көтерді.
Бәйгенің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұртшылықты құттықтап, шабандоздарға сәттілік тіледі. Қазақтың ақжолтай дәстүріне сай жылқы жалына байланған таспаны шешіп, жас шабандозға қамшы сыйлады.
Жаңа ипподром халықаралық талаптарға сай жабдықталған. Мұнда мың көрерменге арналған екі трибуна, автотұрақтар, сауда орындары, қонақтарға қызмет көрсету аймақтары, 20 орынды атқора және жаттығу алаңдары қарастырылған. Ені 20 метр, ұзындығы 2000 метрге созылған негізгі жарыс жолы заманауи суару жүйесімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар 800 метрден 2000 метрге дейінгі қашықтықтағы бәйгелерге арналған мәре алаңдары мен аттарды дайындауға арналған арнайы жаттығу жолы салынған. Ипподром аумағы абаттандырылып, көгалдандырылған.

«ERTIS-BAYAN CUP» турнирінде көрермендер классикалық бәйге түрлері мен ғасырлар бойы қазақ халқының мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігі болып келе жатқан ұлттық ат жарыстарының тартысты бәсекесіне куә болды. Жарыс бағдарламасына 1200, 2000 және 2400 метр қашықтықтағы классикалық бәйгелер енгізілді. Әсіресе, 8 км «Құнан бәйге» мен 18 км «Аламан бәйге» көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Тартысқа толы жарыстарда жүйріктердің шабысы мен шабандоздардың шеберлігі жоғары деңгейде көрініс тапты. Сондай-ақ павлодарлық селекциядан шыққан жылқылар арасында өткен арнайы жарысқа да ерекше назар аударылды.
Халықаралық деңгейдегі турнирдің жүлде қоры да қомақты болды. Негізгі бәйгелердің жеңімпаздарына алты автокөлік табысталып, жүлдегерлер қомақты ақшалай сыйақылармен марапатталды. Сонымен қатар мереке аясында абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша қазақ күресінен белдесулер өтіп, «Түйе палуан» атанған спортшыға автокөлік сыйға берілді.

Ұйымдастырушылар қонақтарға мазмұнды мәдени-ойын-сауық бағдарламасын ұсынды. Қонақтар қазақы тазы иттерінің көрмесін тамашалап, бүркітшілердің өнерін көрді. Әлемдік киноиндустрияда кеңінен танылған халықаралық «Nomad» каскадерлер тобы арнайы шоу ұсынып, көрермендердің зор ықыласына бөленді.
Отбасылық демалыс үшін арнайы аймақтар ұйымдастырылып, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары өткізілді. Сондай-ақ бағалы сыйлықтар ойнатылған лотерея өткізіліп, қатысушылар түрлі гаджеттер, велосипедтер және тұрмыстық техника ұтып алу мүмкіндігіне ие болды.

Мерекелік шараның көркін қазақстандық танымал «Абырой» және «Жошы» топтарының концерті одан әрі қыздыра түсті. Бұдан бөлек, іс-шара ьарысында Голливудта атой салып жүрген қазақстандық “Nomad” каскадерлар тобының өнеріиде жұртшылықты тәнті етті. Өнерпаздардың әсерлі әндері мен көтеріңкі көңіл күй сыйлаған бағдарламасы Павлодардағы ат спорты мерекесінің жарқын қорытындысына айналды.
