Армения ЕАЭО-ның өнеркәсіптік кооперация жобаларына қатысуда – Пашинян

112
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/0gF3rLpS5GiE70ilptirx6K3EjIdgKPLscM8daUr.webp

Армения кәсіпорындары қазірдің өзінде Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің өнеркәсіптік кооперация жобаларына қатысып келеді. Бұл туралы Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян Екатеринбургте өткен «Иннопром-2026» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі аясындағы «Индустрия 360. Шекарасыз өндіріс» пленарлық отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Пашинян Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинге көрмеге шақырғаны үшін алғыс айтып, іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Премьер-министрдің айтуынша, өнеркәсіптік кооперация жобаларын қаржылай қолдау ЕАЭО-ның интеграциялық мақсаттарына қол жеткізу және ұйымға мүше мемлекеттердің өнеркәсіп саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін аса маңызды. Оның айтуынша, бұл әлемдік өнеркәсіптің қарқынды өзгеріп, ғылымды көп қажет ететін өндірістер мен жасанды интеллект және деректерді талдау технологияларына көбірек сүйене бастаған кезеңінде ерекше өзекті.

Пашинян сондай-ақ Арменияның өнеркәсіп саласы соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп отырғанын айтты. 2025 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артқан. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айында өсім 13 пайызды құраған. Соңғы тоғыз жыл ішінде елдегі өңдеу өнеркәсібінің көлемі екі есеге ұлғайған.

Оның айтуынша, Арменияның экономикалық саясатының негізгі бағыттарының бірі – цифрландыру мен деректерді талдау құралдарын пайдалану арқылы технологиялық дамуды қамтамасыз ететін ғылымды қажет ететін өндірістерді дамыту. Сонымен қатар елде заманауи еңбек нарығы қалыптастырылып, кәсіптік білім беру жүйесі жаңғыртылып жатыр.

«Соңғы жылдардағы ауқымды инвестициялар еліміздің жоғары технологиялар саласында ұзақ мерзімді стратегиялық көзқарасы бар сенімді серіктес ретінде қабылдана бастағанын көрсетеді», – деді Армения премьер-министрі.

Осыдан кейін Екатеринбургтегі «Иннопром» халықаралық көрмесі аясында Никол Пашинян мен Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустиннің екіжақты келіссөздері басталды.

Comments
Other materials