«Бұлақ көрсең, көзін аш»: Бурабайдағы экологиялық бастама ұлттық құндылықты ұлықтады

90
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/QmDDf9ra4ZfrzXjOZ5YtrtpE9fjJ95x78Q6o72RB.jpg

Табиғатқа жанашырлық – халқымыздың сан ғасырлық болмысымен біте қайнасқан асыл құндылықтардың бірі. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген аталы сөз бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Бүгiндерi Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында бұл ұстаным жаңа мазмұнға ие болып, нақты істер арқылы жалғасын табуда. Соның бір айқын көрінісі – Ақмола облысының Бурабай ауданында өткен «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясы.

 Бурабай төрінде ұйымдастырылған акцияға мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам белсенділері, еріктілер, жастар ұйымдары мен жергілікті тұрғындар қатысты. Олар табиғи бұлақтың көзін ашып, айналасын тұрмыстық қалдықтардан тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, табиғатқа деген құрметті дәріптеуге бағытталған маңызды қоғамдық шараға айналды.

 Салтанатты жиында Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов өңірде экологиялық бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

 – Биыл мемлекеттік орман қоры аумағында 3 мың гектар жерге 20 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Бұл – өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғасы. Табиғатты қорғау – бүгінгі буынның ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігі, – деді Елдос Рамазанов.

 Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында облыста кең ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мыңдаған аула мен қоғамдық кеңістіктер тазартылып, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағы абаттандырылды. Ондаған мың ағаш көшеті отырғызылып, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеуге бағытталған жаңа жобалар қолға алынуда. Бұл жұмыстардың барлығы өңірдің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

 Іс-шараға қатысқан Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев акцияның мәні тек бұлақтарды тазалаумен шектелмейтінін атап өтті.

 – «Бұл акцияның негізгі мақсаты – бұлақтардың көзін ашып, айналасын тазарту. "Бұлақ көрсең, көзін аш" деген халқымыздың нақылы бекер айтылмаған. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүріміз. Біз сол игі дәстүрді бүгінгі күні де жалғастырып келеміз», – деді комитет төрағасы.

 Акция барысында жастардың белсенділігі ерекше көзге түсті. Олар тазалық жұмыстарымен қатар, табиғатты қорғаудың маңызын насихаттап, өз қатарластарын экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үндеді.

 «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесі Нұргүл Тұрабай мұндай бастамалардың тәрбиелік мәні зор екенін айтады.

 – Табиғатты қорғау әр адамның бойында жастайынан қалыптасуы керек. Сондықтан мұндай акциялардың мектеп оқушылары мен жастар үшін тәрбиелік маңызы өте жоғары. Осындай шараларға қатысу арқылы әркім туған жердің тазалығы өзінен басталатынын түсінеді, – дейді Нұргүл Тұрабай.

«Мөлдір бұлақ» акциясы бүгінде табиғи су көздерін тазарту жұмысы ғана емес, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыратын маңызды экологиялық қозғалысқа айналып отыр. Мұндай бастамалар адамдардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, туған жерге жанашырлықпен қараудың нақты үлгісін көрсетеді.

 Бурабайдағы игі іс тағы бір маңызды шындықты айқын аңғартты: табиғатты қорғау – белгілі бір мекеменің немесе еріктілердің ғана міндеті емес. Бұл – әр азаматтың күнделікті өмірлік ұстанымына айналуы тиіс ортақ құндылық. Ал «Мөлдір бұлақ» акциясы сол құндылықтарды жаңғыртып, табиғат пен қоғам арасындағы үйлесімді байланысты нығайтатын игі бастама ретінде өз жалғасын таба береді.

Comments
Other materials