Фото: Илья Московец/URA.RU/ТАСС
Екі дүркін Олимпиада чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Евгений Плющенко ұлы Александрдың спорттық азаматтығын Ресейден Әзербайжанға ауыстыруына Ресейде спортшы ретінде дамуына мүмкіндік болмағаны себеп болғанын айтты. Бұл туралы ол Lotus Media-ға берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
«Қазір біз Әзербайжанға бара жатырмыз. Онда оқу-жаттығу жиынын өткіземіз, екі апта бойы жаттығамыз. Біз әрі Ресейде, әрі Әзербайжанда дайындаламыз. Ұлымның мүмкіндігі өте жоғары. Мен оның жарыстарға қатыса бастағанын қалаймын. Ресейде ол ешкімге керек болмады. Ашық айтайықшы, бәрі оның біздің ресейлік спортшылар деңгейіне жете алмайтынын айтты. Егер оның аты-жөні жай ғана Иван Иванов болғанда, оған ешкім назар аудармас еді», — деді Плющенко.
Оның айтуынша, Александр халықаралық аренада өнер көрсетуі керек, ал Ресейдегі қазіргі жағдай спортшылардың дамуына кері әсерін тигізіп отыр.
«Оған әлемдік деңгейде өнер көрсету қажет. Өйткені, шынын айтсам, бізде қазір құлдырау жүріп жатыр. Кировқа, Пермьге, Екатеринбургке немесе Мәскеу облысына барып жарысу, әрине, жақсы. Бірақ бұл біздің спортшылар үшін даму емес, керісінше кері кету», — деді ол.
Сондай-ақ Плющенко Халықаралық конькишілер одағының (ISU) ресейлік спортшыларды бейтарап мәртебемен жарыстарға қатыстыру туралы шешіміне де пікір білдірді.
«Әзірге әр бағдарлама бойынша бір ғана спортшы жіберілсе де, ересектеріміз Гран-при кезеңдеріне қатыстырылмаса да, бұл — алға жасалған қадам. Уақыт өте келе өсім қайта басталады, біз халықаралық аренаға қайта оралып, жоғары нәтижелерге қол жеткіземіз», — деді ол.
13 жастағы Александр Плющенконың, бала кезінен «Гном Гномыч» деген лақап атпен танылған спортшының, Әзербайжан құрамасы атынан өнер көрсететіні мамыр айында белгілі болды. Плющенконың айтуынша, ұлы осы елдің спорттық азаматтығын бес жыл мерзімге алған. Олимпиада чемпионы Александрдың Ресей құрамасының мүшесі болмағанын және «ешкімнің орнын тартып алмағанын» атап өтті. Күтіліп отырғандай, жаңа маусымда ол қыркүйек айында Түркия мен Грузияда өтетін жасөспірімдер арасындағы Гран-при кезеңдеріне қатысады.
Ресейде Александр Плющенко бірінші спорттық разряд бойынша өнер көрсетіп, елдегі ең ірі жарыстарға сирек қатысты. Ол әкесінің «Ангелы Плющенко» атты жеке академиясында жаттығып, оның мұз шоуларына қатысып жүрді.
Айта кетейік, 2022 жылы Евгений Плющенко «РБ Спорт» басылымына берген сұхбатында шәкірттерінің барлығы Ресей атынан өнер көрсетуді таңдағанын, ал егер олардың бірі спорттық азаматтығын ауыстырғысы келсе, оны бұл шешімінен айнытуға тырысатынын айтқан болатын.
"The operation was carried out for more than half a year." The NSC brought a 7-year-old girl from Syria to the country
